Жаңалықтар

Биыл құқықбұзушылық деректері 18,7 пайызға азайған

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қалалық бөлім басшылары қатысты.

Жиында алдымен Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Самат Аисов баяндама жасап, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша биылғы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

— Ақтөбе қалалық полиция басқармасы биылғы жылдың 8 айында құқықбұзушылықты болдырмау жәнеоның алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтсақ, 8 айдың ішінде мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, басқарма қызметкерлері 31 жедел-алдын алу шарасын ұйымдастырды. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша 370 патрульдік бағыт бойынша полиция басқармасының қызметкерлері қызмет етуде. Олар екі кезең бойынша арнайы кестеге сай қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол ережесінің бұзылмауын бақылайды. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері қала бойынша полиция қызметкерлерінің қатысуымен 159 шара өткізіліп, нәтижесінде құқықбұзушылық деректерінің саны 18,7 пайызға төмендеп отыр. Оның ішінде аса ауыр қылмыс саны 23,9 пайызға, денсаулыққа аса ауыр зиян келтіргенқылмыстар саны 9,0 пайызға, жыныстық зорлық-зомбылық 28,5 пайызға, кісі өлтіру деректері 37,1 пайызға, тонау 31,8 пайызға, ұрлық 25,1 пайызға, бұзақылық жасау деректері 1,2 пайызға азайып отыр, — деді ол.

Оның айтуынша, қала бойынша биыл кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыс 4,2 пайызға төмендесе, мас күйінде жасалған құқықбұзушылық деректерінің саны 10,3 пайызға азайған.

Жалпы биылғы жылы 964 қылмыстық іс ашылған. Оның 143-і — өткен жылы тіркелген деректер. Өкінішке қарай, бүгінгі күні қоғамдық көліктерде және сауда орындарында қалта ұрлығы көбейген. Атап айтсақ, биылғы жылдың 8 айында 40 мыңнан астам ұрлық тіркелген. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы бойынша жол-көлік апаты оқиғалары 45,7 пайызға өсіп отыр.

Бұдан кейін отырыста мал ұрлығы, мал басына электрондық бақылау әдістерін енгізу бойынша қабылданған шаралар туралы Ақтөбе қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Мұрат Түкболатов баяндады.

Жиын соңында қала әкімі Мавр Абдуллин ведомствоаралық комиссия мүшелеріне қылмыстың алдын алуда үйлесімді жұмыс жүргізу қажеттігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button