Басты бет » Спорт » Қазақстан құрамасы — үздік төрттікте

Қазақстан құрамасы — үздік төрттікте

Шахматтан халықаралық Владимир Дворкович кубогында бақ сынаған Қазақстан құрамасы турнирдің екі күндік және рапидтің 9 тур қорытындысы бойынша әлемнің он үздік жасөспірімдер командаларының ішінде жалпыкомандалық есеп бойынша төртінші орынға ие болды. Алтын медальді Белоруссия құрамасының жасөспірімдері иеленді. Қытайлық шахмат шеберлері екінші орынды місе тұтса, үздік үштікті ресейлік команда түйіндеді.

«Турнир біздің құрама үшін сәтсіз аяқталды деп айта алмаймын», — деді балалар мен жасөспірімдерден құралған Қазақстан құрамасын жаттықтыратын Әнуар Есмағамбетов, — алтыншы турда біз турнирдің басты көшбасшыларының бірі — Ресей құрамасын жеңдік. Тақтадағы ойындардың қорытындысы бойынша екінші тақтада өнер көрсеткен Рамазан Жалмаханов алтын алды».

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы турнирдің мықтылары сапында саналған Канада және Қытай командаларымен тең ойнаса, Армения және Алжир құрамаларын сенімді ұтты. Тоғыз турдың қорытындысы бойынша қазақстандық команда солтүстіктен келген көршілеріне қосымша көрсеткіштер бойынша есе жіберіп, Ресей және Иран құрамаларымен 3-5 орындарды бөлісті.

«Біздің алға қойған мақсатымыз әлемнің үздік командаларының арасында үздік бестікке ену болатын және біздің шахматшылар сенімді ақтап, жоспарды толық орындап шықты, бұл бізді қуантады», — деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Еске сала кететін жайт, шахматтан жасөспірім ұлдар және қыздар арасындағы халықаралық командалық турнир — Владимир Дворкович кубогы Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында өткізілуі спорттың осы түрін кеңірек дамытуға жол ашады.

Еуропа, Америка, Азия және Африка құрлығының үздік командалары 16 000 доллар жүлде қорын сарапқа салды. Әр команда 4 спортшыдан — 2 ұл және 2 қыз баладан, бір жаттықтырушы-капитаннан құралған. Аталған турнирде Қазақстан құрамасының намысын Рамазан Жалмаханов, Қазыбек Нөгербек, Әмина Қайырбекова және Меруерт Камаледенова қорғаған болатын. Владимир Дворкович кубогы – 17 жасқа дейінгі жасөспірімдердің арасында үздік құрамаларды анықтайтын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шахмат турнирі.

 Бекет АЙСҰЛТАН.