Денсаулық

Тұмауға қарсы екпе алу басталады

Облыста 1 қазаннан тұмауға қарсы жаппай вакцинациялау басталады. Өңірлік  коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова екпе туралы жан-жақты айтып берді.

Дәрігердің айтуынша, өңірде тұмаудың респираторлық вирусты жұқпасының алдын алу бойынша арнайы шаралар жасалып жатыр. 2018-2019 жылғы эпидемиологиялық маусымда тұмаумен 136 адам ауырған, оның ішінде 38 жүкті әйел, бір жасқа дейінгі 3 бала және 18 оқушы бар. Вирусты инфекциямен  3929 адам ауырса,  оның ішінде 14 жасқа дейінгі2406 бала бар. Алдағы маусымда А,В грипп вирусы таралуы мүмкін. Ол желтоқсанда  басталып келер жылдың сәуірінде аяқталады.

Тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі — вакцинация. Вакцинация сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге бөлінді.  Ресейден 34 944 доза «Гриппол +» вакцинасы сатып алынды. Облыста маусымдық тұмауға қарсы жаппай егу 1 қазанда басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады, —  деді Светлана Есенаманова.

Бюджет қаражаты есебінен медициналық қызметкерлер, алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар мен мүгедектер үйінің контингенті, жүктіліктің 2 немесе 3 триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштері бар адамдар тегін вакцинацияланады.

Халықты тұмауға қарсы егу барлық қалалық және аудандық емханаларда жүргізілетін болады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button