Спорт

Тең текетірес

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тараз» — 2:2

Міне, қатарынан сегіз тур бойы «Тобыл» өз қақпасына гол енгізген жоқ. Үлгі боларлық-ақ тұрақтылық. Ал бұл турда ірі есеппен ұтылған «Ордабасы» алғашқы үштіктен әжептәуір алшақтай түсті. «Тобылмен» ұпайы бірдей «Қайрат» қосымша көрсеткіштерінің артықшылықтары бойынша бірінші орынға шықты.

«Ақтөбе» өз алаңымызда «Таразды» қабылдады.

Жалпы ойын барысына келсек, екі команда да тек жеңіске ұмтылды. Сол себепті алаң алма-кезек шабуылдарға толы болды. Әуелі 16-минутта қарсыластар қақпасына қарата ақтөбеліктер қауіпті соққы жасады, бірақ мүлт кетті. Іле-шала тараздықтар да қапы қалғысы келмейтіндіктерін аңғартты. Мұдай жағдайлар бұдан соң да бірер рет қайталанды. Ақыры тараздықтар 37-минутта мақсаттарына жетті. Біздің қорғаушының ілгері тепкен добын қағып түскен Рахымжан Розыбакиев аяғындағы допты көп ойланбай біздің айып алаңына жақын тұста жүрген Әлішер Сүлеевке дәл тастады да, тараздық капитан тәуір оңтайланып алып, мығым соққы жасады, Равиль Нұрмұхамбетов оқтай зулаған допқа қарсы еш әрекет жасай алмай қалды — 0:1.

Ақтөбеліктер жауап допты екінші тайм басталған бойда соқты. 47-минутта Маркос Пиззелли жақын тұстан соққан допты тараздық қақпашы Самат Отарбаев кері серпіген болатын, сол бойы аяғына тура келе қалған бұл допты Виталий Волков сәл кейіндеу жердегі Рустам Темірханға ысыра қойды да, Рустам жер бауырлата шапшаң соққы жасады, тараздық қақпашы ауа қауып қалды — 1:1.

64-минутта біздің қорғаушыларымыздың сәл қателігін пайдалана кеткен тараздықтар есепті қайтадан ұлғайтты. «Ақтөбенің» айып алаңында жүрген Эливелто өзіне тасталған пасты жедел қақшып түсті де,біздің қақпашымыз Равильмен   жекпе-жек шыға келді, сөйтті де допты оң бұрышқа ысыра салды — 1:2.

Әрине, алаң иелері тіпті де ұтылысы келмегені түсінікті. 83-минутта ақтөбелік жанкүйерлер тағы бір шаттанып қалды. Алаңның орта тұсында жүрген Виталий Волков қарсыластардың айып алаңына тақау жерде оңашалау жүрген Әлішер Әжімовті байқап қалды да, әуелете пас тастады. Допты ілкімділікпен қағып түскен Әлішер дереу еш абыржымастан еңірете соққы жасады — 2:2.

Бұдан соң да алма-кезек шабуылдар толас тапқан жоқ. Расын айтқанда, екі команданың да жеңіс голын соғып кету мүмкіндіктері болды. Бірақ бірде қақпашы бөгет болса, бірде шабуылшы соққысын дұрыс бағыттай алмады. Сөйтіп,ойын тең аяқталып, екі команданың да футболшыларына онша ризашылық әкелген жоқ.

«Ақтөбе»-«Тараз» —2:2

Гол авторлары: Әлішер Сүлей, 38-минут (0:1); Рустам Темірхан, 47-минут (1:1); Эливелто, 64-минут (1:2); Әлішер Әжімов, 83-минут (2:2).

Ескерту қағаздары көрсетілгендер:Ә.Таңжарықов, 48-минут («Ақтөбе») — Ж.Мартинс, 41-минут; Р.Розыбакиев, 54-минут; Б.Шадманов, 59-минут; Ә.Сүлей, 90+1 минут («Тараз»).

«Ақтөбе»:Рамиль Нұрмұхаметов (қақпашы), Виталий Волков, Рустам Темірхан, Есен Жасанов (Рустам Сахибов, 71-минут), Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Асланбек Кәкімов, Ардақ Сәулет (Жамбыл Көкеев, 75-минут), Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли, капитан (Нұрболат Батырханов, 84-минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

«Тараз»:Самат Отарбаев (қақпашы), Рахымжан Розыбакиев (Мадияр Нұралы, 78-минут), Михайло Йованович, ​Александр Симчевич, Бекзат Шадманов, Абзал Таубай, Жиан Мартинс, Әлішер Сүлей (капитан), Эливелто (Жақып Қожамберді, 87-минут), Элгуджа Лобжанидзе, Серж Ньюадзи (Самат Сәрсенов, 70-минут).

Бас бапкердің міндетін атқарушы Нұрмат Мырзабаев.

29 қыркүйек 2019 жыл, Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 7000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Қайсар» (Қызылорда) — 3:0

«Қайрат» (Алматы)-«Ордабасы» (Шымкент) — 4:1

«Ертіс» (Павлодар)-«Шахтер» (Қарағанды) — 4:2

«Атырау» (Атырау)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 2:2

«Тобыл» (Қостанай)-«Жетісу» (Талдықорған) — 0:0

25 қыркүйек күні кейінге қалдырылған (23-тур) «Атырау»-«Астана» кездесуі өтіп, елордалықтар 4:1 есебімен жеңіске жеткенін еске саламыз.

*   *   *

Бұл турда 22 гол соғылды. Екі ірі есеп нәтижесі тіркелді. Екі ойын бірдей тең есеппен (2:2) аяқталды.

20рет ескерту қағазы көрсетіліп, 4-минутта ойын ережесін бұзғаны үшін Виталий Устинов («Атырау») жасыл алаңнан қуылды.

Бір ойында 2 гол соғып, дубль иесі атанғандар: Виллиам Лувага («Шахтер»); Жереми Манзорро (Ертіс»); Сергей Хижниченко («Астана»), Мартон Эппель («Қайрат»).

Шапшаң гол авторлары —Абзал Бейсебеков, 14-минут («Астана»); Виллиам Лувага, 15-минут («Шахтер).

«Ертіске» жеңіс әперген голдар 86, 90-минуттарда соғылды.

*   *   *

27-турдан соң турнир кестесіне біраз өзгерістер енді.

1-3 орын иелері: «Қайрат» (59 ұпай), «Тобыл» (59 ұпай), «Астана» (56 ұпай). Бұл турда тең есеппен ойнаған «Тобыл» бір саты төмендесе,жеңіске жеткен «Астана» бір сатыға жоғары көтерілді. Сондай-ақелордалық команданың басқалардан бір ойыны кем.

4-6 орындардағы командалар: «Ордабасы» (52 ұпай), «Жетісу» (45 ұпай), «Қайсар»» (40 ұпай). Ірі есеппен ұтылып қалған «Ордабасы» алғашқы үштікті тастап шықты.

7-9 орын иелері: «Оқжетпес» (34 ұпай), «Шахтер» (33 ұпай), «Ертіс» (28 ұпай). Тең ойнаған «Оқжетпес» ұтылып қалған «Шахтерді» басып озды. Сондай-ақ «Оқжетпестің» басқалардан бір ойыны кем.

10-12 орындағы командалардың орындары өзгерген жоқ: «Тараз» (21 ұпай), «Атырау» (20 ұпай), «Ақтөбе» (12 ұпай).

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

29-тур ойындары 5 қазан, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» Алматыда «Қайрат» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Астана»

«Жетісу»-«Ертіс»

«Шахтер» — «Атырау»

«Оқжетпес» — «Тараз»

«Қайсар»-«Тобыл»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button