Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе облысы мен Татарстан арасындағы әріптестік нығая түседі

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин Татарстан Республикасы астанасы — Қазан қаласына іссапармен барды.

Облыс әкімі бастаған  делегация әлемнің ірі компанияларымен бірігіп жұмыс жасайтын инвестициялық даму агенттігінде болып, олардың жұмысымен танысты. 2011 жылы іске қосылған агенттіктің басшысы Талия Минуллина ақтөбелік қонақтарға экономикалық аймақта кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайды көрсетті. Ол сондай-ақ Ақтөбе өңірінің мамандарымен тәжірибе алмасуға және бірігіп жұмыс жасауға әзір екенін жеткізді. Одан соң Татарстан елінің экономикалық әлеуетінің таныстырылымы өтті.

Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Татарстанның инвестициялық даму агенттігі, сондай-ақ «Атамекен» Ақтөбе облыстық өңірлік палатасы мен Татарстанның сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморондумдарға қол қойылды.

Облыс басшысының сапары заманауи индустриялық «Химград» кешенінде жалғасты. Резиденттерге алаңдар мен жер учаскелерін жалға беріп, сатумен айналысушы «Химград» өндірісті жылдам бастап, оны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы ауданы— 131 га, ғимараттар мен құрылыстардың жобалық ауданы 500 мың шаршы метрден асады. Химия өнеркәсібі, полимерлерді қайта өңдеу, нанотехнологиялар, ресурс үнемдеу және энергия тиімділігі, медициналық технологиялар саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестегі 282 компания жұмыс жасайды.

Оңдасын Оразалин салаларға қажетті жабдықтардың ішінде ұшқышсыз басқарылатын, ауыл шаруашылығымен қатар түрлі салада қолдануға болатын «Flyp» жүк дронына қызығушылық танытты. Ауылшаруашылығына керекті әрі тиімді жаңа технологияны мамандармен біріге отырып Ақтөбе облысында жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі  Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановтың қабылдауында болды. Кездесуде туризм, кәсіпкерлік, денсаулық, білім, химия өнеркәсібі саласында екіжақты қарым-қатынастың перспективаларын талқылап, алдағы уақытта тізе қосып жұмыс жасауға уағдаласты.

«2017 жылғы 9 қарашада Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХIV форумы аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен Татарстан Республикасының Үкіметі арасында сауда, экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Осы кездесу аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндіктер ашылады деп үміттенемін.

Ағымдағы жылдың 7 айында біздің облысымыз бен Татарстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналым  19,6 миллион АҚШ долларын құрады», — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс басшысы сондай-ақ фермерлерге өнімдерін сақтап, қайта өңдеу, буып-түю, өндіру және тікелей халыққа сату жұмыстарын атқаруға бір алаңда мүмкіндік беретін  «Қазан» агроөнеркәсіптік кешенінде болды.

Кешен басшысы Олег Власов Ақтөбе облысы әкіміне жұмыстарын көрсетіп, жоспарларымен бөлісті.

Татарстан Республикасынан Ақтөбе облысына ірі қара мал, ірі қара мал еті, этилен полимерлері, бұрандалар, болттар, гайкалар, тіркемелер мен жартылай тіркемелер және т. б. тауар түрлері жеткізіледі. Сондай-ақ, қазіргі таңда өңірдегі 9 шаруа қожалық сүтті асылтұқымды сиырларды сатып алу бойынша келісімдер жүргізуде.

Содан соң, ақтөбелік делегация РФ бойынша бірінші IT бағытындағы Инно полис университетінде болып, жұмыстарымен танысты. Карнеги-Меллон, Мәскеу мемлекеттік университетімен, Цюрих Швейцария жоғары техникалық мектебімен, Сингапур Ұлттық, Амстердам университеттерімен, Корея алдыңғы қатарлы технологиялар институты, Мәскеу физика-техникалық институтымен жұмыс жасайтын білімордасы 2012 жылы ашылған. Университет қалашығында мектеп оқушыларын жоғары оқу орнына дейінгі дайындық аясында спорттық робототехника, математика, бағдарламалау және жобалық қызмет курстарын қамтитын STEM-бағдарламалар бойынша оқытады. АҚШ, Канада, Пәкістан, Англия, Франция елдерінен келген 30-дан астам оқытушы дәріс береді.

Облыс басшысы бұдан соң «ЮвтАэро» АҚ әуекомпаниясының бас директоры  ПетрТрубаевпен кездесті. Кездесуде Ақтөбе мен Қазан қаласы арасындағы әуе қатынасын реттеу мәселесі талқыланды. Екі шаһардың байланысын арттыруға арналған жаңа әуе бағыты ашылуы бойынша келіссөздер жүргізілді.

Татарстан еліндегі іссапар соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Татарстан- Новый век» мемлекеттік телеарнасына сұхбат берді. Облыс басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы әлеуметтік-экономикалық, достық қарым-қатынас аясында түсіріліп жатқан деректі фильмге өз пікірін білдірді.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі индустриялық-инновациялық даму, экономика және бюджетт іжоспарлау басқармаларының басшыларына, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ» басқарма төрағасына, өңірлік  «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының басшысына аймақтағы кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button