БілімБасты жаңалықтар

Ұстаздарға құрмет көрсетілді

Кеше Өнер орталығында мұғалімдердің мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты. Сонымен қатар ардагер ұстаздар, педагогтер жиналды.

Мерекелік кеш бимен басталды. Өнер орталығы фойесінде А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі оркестрінің сүйемелдеуімен табиғи дауыста ән айтқан балалар ұстаздарын биге шақырды.

Салтанатты шараның негізгі бөлімінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз алды.

  • Ұстаздар мерекесі — орны бөлек, деңгейі биік, жылылыққа толы, мерейлі мереке. Ұстазға деген құрмет, мұғалімге деген қамқорлық —елдік ұстаным әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елдің болашағын қалыптастыруда педагогтердің қызметі өлшеусіз. Сол себепті де сіздердей өз ісінің кәсіби шеберлерінің қажырлы еңбегінің арқасында Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған тапсырмаларды толықтай орындай алатынымызға сенімдімін, — деді облыс басшысы.

Ел Президенті білім саласына ерекше қамқорлық көрсетіп жатыр. Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмалары жүйелі орындалуда. Соның айқын дәлелі — қарқынды жүргізіліп жатқан мектеп құрылыстары.  Биыл 21 мектептің құрылысы жүргізіліп, 10 білім шаңырағы ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Биылғы облыс бюджетінің 40 пайызы да осы білім саласының үлесіне тиесілі.

  • Бұл — біздің болашаққа салған ең маңызды инвестициямыз. Соған сәйкес, қайтарым да күтіледі, — деді Оңдасын Оразалин.

Ол өз сөзінде педагогке жүктелер міндет ауыр екенін тілге тиек етті. Елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты.

  • Ендеше, ертеңгі күн үшін жауапкершілік сіз бен біздің мойнымызда. Облыстағы 400-ден астам мектепте білім алып жатқан 151 мың баланың болашағы да сіздерге байланысты, — деді облыс әкімі.

Ұстазға деген құрмет пен қамқорлық елге деген құрмет пен қамқорлықты білдіреді.  Оңдасын Оразалин жиын барысында педагогтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.

  • Жоғары кәсіби шеберлігі мен ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбегін барша қоғам мойындаған облысымыздың педагогикалық қауымының ең үздік өкілдерімен кездесу мен үшін мәртебе. Осы жиында ардагерлермен, соның ішінде өз ұстаздарыммен — Евгения Гончар мен Маржан Жұмағазинамен жүздесу мүмкіндігі туғанына шексіз қуаныштамын. Ұрпақтар сабақтастығы қашанда маңызды және үзілмейді, — деп облыс әкімі педагогтерге жылы лебізін жеткізіп, өзінің ұстаздары Евгения Гончар мен Маржан Жұмағазинаға гүл шоқтарын тарту етті.

Бұдан кейін марапаттау рәсіміне кезек берілді. Облыс басшысы республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ, облыс мұғалімдерінің кәсіби шеберліктерін шыңдау, озық тәжірибелерін анықтау және тарату, педагогтердің жағымды имиджін қалыптастыру мақсатында 50 мұғалімге облыс әкімінің 100 000 теңге көлеміндегі сертификаты табысталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button