Білім

Аграрлы елге білікті маман қажет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен құру мәселесіне ерекше мән берді. Сол арқылы бір мезгілде еліміз үшін аса қажетті екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспортты әртараптандыру мәселесін шешуге болатындығын атап көрсеткен-ді.

«Сондықтан да біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауыл шаруашы­лығы техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақ­стандық астық экспортының инфрақұ­ры­лымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндіріс­терді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғас­тыруға шешім қабылдадық», – делінген Жолдауда.

Әрине, бұл жұмыстар кәсіби мамандарға сеніп тапсырылатын міндет екендігі даусыз. Ал тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта тез әрі ірі көлемде байығысы келгендіктен қаржы немесе заңгерлік мамандығын таңдаған қыз-жігіттеріміз ауыл шаруашылығы саласын таңдаған түлектерден бірнеше есе көп. Соның салдарынан қазіргі қазақ ауылдарында шошала мен топалаңның ара жігін ажыратар ветеринар маман қат. Қара жердің қадір-қасиетін білетін агрономдар ғайып болды. Бұрын кеңшар директорлығынан үміткер деп саналатын мамандық иелері неге аз?

Қазір көшкен малдың соңынан еріп жүре беретін заман өтті. Ауыл шаруашылығы модернизация мен тың шешімдерді күтеді.

Осындай түйткілді мәселелер күн тәртібінен түспей тұрған уақытта еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына кәсіби маман даярлайтын бірден-бір оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Тілектес Есполовпен тілдескен едік. Ректор өз әңгімесін білім ошағының тарихынан бастады.

– Университеттің өткеніне көз салатын болсақ, оның тарихы әріде. Өткен ғасырдың орта шеніне таяу еліміздің ауыл шаруашылығы саласына реформалар жасалды. Солардың маңыздысы – ұжымдасқан ауылдарға қат мамандарды даярлау. Осы мақсатта 1929 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының, 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының құрылуы – соның айғағы. Кейін бұл екі оқу орны да қазақ білімі мен мәдениетінің һәм ғылымының қара шаңырағына айналды. Әсіресе, ауыл интеллигенциясының қалыптасуына, аграрлық өндіріс пен ғылымының өркендеуіне қосқан үлесі орасан. Ал енді 1996 жылы бұл екі институттың біріктірілуі нәтижесінде мемлекеттік университет атанып, 2001 жылы ұлттық мәртебе берілуі – уақыт талабы. Тиісінше ұжым мен түлектердің алдындағы міндет қомақты.

– Университеттің бүгінгі тірлігі жүктелген жауапкершілікті орындауға сай ма?

– Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бүгінгі тынысы өз мәртебесіне сай. Біздегі  ветеринариялық медицина және биотехнология, ветеринарлық санитария және зоотехнология, орман жер және су ресурстары,  агрономия, агрохимия және өсімдік қорғау, энергетикалық және ақпараттық жүйелер, экономика және қаржы, инженерлік механика сынды жеті факультет заманауи мамандық алғысы келгендердің жоғары сұранысына ие. 10 жатақханамыз бар және олар жыл сайын мүмкіндігімізге сай күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп тұрады. Төсек орындары мен ішкі жабдықтарын да уақытымен жаңалап отырамыз. Шәкірттеріміздің оқуға дайындалуына, спорттың бірнеше түрімен осы жерде-ақ шұғылдануына мүмкіндіктері бар. Ал ондағы тәртіп пен тазалықты Студенттік кеңес қадағалайды. Міндетіміз – осы қасиеттерді студенттер бойыңа түпкілікті сіңіру.

Универитет кітапханасындағы кітап қоры 800 мыңнан асып отыр. Іздеген оқулығың мен кітабыңды әп-сәтте электронды каталог арқылы алуыңа болады.

Әрине, студент ізденуші болғандықтан олардың тәжірибе алмасуын жеңілдету мақсатында алыс-жақын шетелдермен байланысты нығайттық.

Университет жанындағы әскери кафедраға түскен студенттер дипломмен бірге әскери билет те алып шығады. Қазір осы мүмкіндікті пайдаланған түлектеріміздің еліміздегі күштік құрылымдарда жасап жүргендігі – біз үшін зор мақтаныш.

– Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың сіз басқаратын оқу орны студенті екенін естідік. Демек, университет кәсіби спортшылардың да қолтығынан демеп отыр ма?

– Университеттегі дене шынықтыру пәнін өткізу кестесінің басқа оқу орындарынан артық-кемі жоқ. Аптасына екі рет. Бірақ волейбол, бокс, аэробика сынды үйірмелерді қамтыған 11 топ – студенттер құмар ойындар. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында факультетаралық сайыстар жиі ұйымдастырылады. Біздегі волейбол командасына қазір біраз командалар үрке қарайды. Оған қосымша иелігімізде екі бірдей стадион мен спортзал бар.

1960-70 жылдары жұлдыздай жарқыраған Октябрь Жарылғаповтың осы зоотехникалық-мал дәрігерлік институт түлегі болғандығын кейінгі ұрпақ біле бермейді. Сондықтан ол кісі оқыған оқу корпусы жанындағы спорт кешені қайтадан жөндеуден өткізіліп, оған даңқты спортышының есімі берілді.

Ал соңғы буыннан Бақыт Сәрсекбаевтың шоқтығы биік. Қытай жерінде қазақтың туын желбіреткен батыр жігітіміз – «біздің бала».

Сондай-ақ, Азамат Мұқанов, Бауыржан Хантеміров сынды студенттеріміз халықаралық додаларда тек университет қана емес, байтақ еліміздің намысын қорғап жүр.

– Университетте зиялы қауым жиі қонақ болады деп естідік.

– Мәжіліс депутаттары, қоғам және мемлекет қайраткерлері – университеттің жиі келетін қонақтары. Одан қалды даңқты әншіміз Роза Бағланова, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Аққұштап Бақтыгереевалармен өткізілген кездесулер студенттер есінде ұзақ сақталатындығына және өмірде пайдасын тигізеріне сенімдімін. Яғни жастардың студент қабырғасында алған тәлімі қоғамға пайдасын тигізер білім болары анық.

– Сіз Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген білікті мамансыз. Ал ауыл шаруашылығы ғылымының бүгінгі жай-күйін қалай бағалар едіңіз?

– Қазір бұрынғы ғылыми зерттеу институттары құрылымдық өзгерістерді бастан кешіп, ендігі жерде ғылыми-өндірістік орталықтар деп аталатын болды. Олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына көшірілді. Нәтижесінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының Аграрлық ғылымдар бөлімшесі біздің агроуниверситет жанынан құрылды, яғни бізге тиесілі. Төрағасы – мен. Әрине, ғылымды бір адам емес, тұтас ұжым жасайды. Олардың әрқайсысының өз мақсаты, міндеті бар. Ғылымды алға бастыратын басты тұлға – кадрлар. Мәселен, мал тұқымын асылдандыру немесе дәнді дақылдардың жаңа сортын шығару дегенді алайық. Оған ғылымның басқа да салаларын қатыстыру керек. Мысалы, гендік инженерия, биотехнология, клеткалық селекция, генетика, т.б. да ғылым салаларының күшін біріктірусіз бұл мәселе шешіле қоймайды. Ал оларды игерген кадрлар даярлау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Академик Р. Оразалиевтің есебі бойынша, осы салаларда кемінде 5 мың кадр даярлауымыз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Президент Жолдауында қаладан селодағы өнеркәсіпке жұмыс істеуге баратындар санының көбейетіндігіне сенім білдірілген еді. Лайым, сол күндерге жеткізсін!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button