Жаңалықтар

Бес облыстың еңбек инспекторлары бас қосты

Семинар

Биыл — Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы. Атаулы жыл аясында бейсенбіде Ақтөбе қаласында «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету»тақырыбында өңірлік семинар өтті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Ақмади Сарбасовтың төрағалығымен өткен семинарға Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарынан келген мемлекеттік еңбек инспекторлары, ірі және орта компаниялардың өкілдері, еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ өкілдері қатысты.

Семинар жұмысын облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов ашып, облыс әкімі атынан барлық қатысушыларды құттықтап, еңбекті қорғау мемлекет, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктері тарапынан тұрақты назар аударуды талап ететін маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселе екенін атап өтті.

Шара барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК бас директоры, техника ғылымдарының докторы, академик, профессор Серікқали Бисақаев қатысушыларға еңбекті қорғауды басқарудың интеграцияланған жүйесі туралы айтып берді. Сонымен қатар тақырып шеңберінде бірқатар баяндамалар оқылып,  өндірістік жарақаттану және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы орын алған кәсіпорын өкілдері сөз сөйледі. Айталық, жыл басынан бері екі жазатайым оқиға орын алған «Энергосистема» ЖШС директоры Е.Аманғалиев өндірістік жарақаттану туралы айтып берді.

Ақтөбе облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Саламат Аманбаев  өзі жетекшілік етіп отырған басқарманың үнемі өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында белсенді жұмыстар жүргізіп отыратынын, ақтөбелік мемлекеттік инспекторлар кәсіпорындарға тексеру мақсатында ғана емес, еңбек заңнамаларының нормаларын түсіндіру үшін 100-ден астам кездесу өткізгенін тілге тиек етті.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Сарбасов қорытынды сөзінде облыс басшысына алғыс айтып, семинар жұмысының жоғары ұйымдастырылғанын атап өтті. Қатысушылар семинардан соң «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе филиалының қызметімен танысу үшін өндіріс объектілеріне барды. Бұл кәсіпорын еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі «KIOSH-2019» IX Халықаралық конференция-көрмесіне, «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік байқауына қатысқан нөлдік жарақат деңгейін көрсеткен кәсіпорын ретінде таңдалды.

Ал жыл басынан бері қанша өндірістік жарақат орын алды? Осындай жарақаттың алдын алу үшін не істеліп жатыр? Жалпы еңбек қауіпсіздігі туралы газетіміздің алдағы сандарынан оқитын боласыздар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button