Жаңалықтар

Елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі қаралды

№28 Қобда сайлау округінен депутат Хайдар Ілиясовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, депутаттар мен басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан жиында елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаржаубай Ыбрайымұлы хабарлама жасады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 347 елдімекеннің 192-сі орталықтандырылған сумен жабдықталған.  Ал өңірдегі 155 елді мекен орталықтандырылмаған суды пайдаланады.

Қалалық елдімекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтау — 100%, ауылдық елді мекендер 54,3% қамтылған.

2018 жылға облыстың сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 6,6 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2 жобаға – 521,8 миллион теңге және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 25 жобаға 6,1миллиард теңге бөлінді.  2018 жылдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2 жоба және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 18 жоба пайдалануға берілді. 7 жоба 2019 жылға ауыспалы болып табылады. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен Ырғыз ауданы Нұра және Мамыр ауылдарын сумен жабдықтау мақсатында топтық су құбырының құрылысы аяқталды. 2018 жылы облыстық бюджеттен Ырғыз ауданы Белшер ауылында 135,3 миллион теңге құрайтын су құбыры желілеріпайдалануға берілді.

Бұл жобаларды іске асыру 94,6% халықты орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ауылдық елдімекендердің орталықтандырылған сумен жабдықталуы 54,3% құрады, — деген Қ.Ыбрайымұлы басқарманың 2019 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

2019 жылға облыстың сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға  жоғарыда атап өткен  7 ауыспалы жобаны аяқтауға және 7 жаңа жобаны іске асыруға 2,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 94,6%-дан 95%-ға дейін артады. Бүгінгі күнге сумен жабдықтау бойынша 28 жобаның жобалық-сметалық құжаты әзірленуде, — деді.

Аталған мәселені талқылау кезінде депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, өз ескертпелері мен ұсыныстарын айтты. Қорытындысында комиссия қаралған мәселе бойынша тиісті қаулы қабылдады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button