Жаңалықтар

«Энергосистема» қосалқы станцияларын қайта жаңартып жатыр

Баспасөз туры

Сәрсенбі күні ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен «Энергосистема» ЖШС бірлесе 2016-2020 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы барысымен таныстыру мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды.

Журналистер «Энергосистема» ЖШС-на қарасты «Западная» қосалқы станциясында болып, қайта жаңарту шеңберінде жасалған жұмыстар барысымен танысты.

«Энергосистема» ЖШС бас директоры Марат Аманғалиевтің айтуынша, қосалқы станцияны қайта жаңарту үшін 353 миллион теңге қаражат жұмсалған.

— 1967 жылы іске қосылған «Западная» қосалқы стансиясы жылына 19 миллион киловатт электр энергиясын таратады. Қосалқы станцияны қайта жаңғырту шеңберінде жаңа ғимараттың құрылысы жүзеге асырылды. Бүгінгі күні ғимараттың құрылысы толықтай аяқталып, арнайы құрылғылары орнатылып жатыр. Жыл соңына дейін станциядағы моральдық және физикалық жағынан ескірген ЗРУ-10кв жабдығы ауыстырылып, релелік қорғаныс және автоматика шкафтары бар 38 ұяшықтан тұратын К-104 сериялы КРУ-10 кв жинақтық тарату құрылғысы орнатылатын болады, — дейді.

Бас директордың айтуынша, «Западная» қосалқы станциясын  қайта жаңартудың нәтижесінде қосалқы станция жабдықтарының тозуын 94 пайызға төмендету, шығындарды азайту, сондай-ақ тұтынушыларды үздіксіз электр желісімен қамтамасыз ету күтіледі.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Азамат Әбиевтің айтуынша, департамент пен «Энергосистема» ЖШС арасында 2016-2020 жылдарға арналған тарифтің шекті деңгейі бекітілген. Аталған тариф шеңберінде мерзімі 5 жыл, ал жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден астам қаржыға инвестициялық бағдарламаның орындалуы қарастырылған. Ал 2019 жылға қарастырылған қаражат көлемі 1 млрд 239 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі күні оның 80 пайыздан астамы игерілген. Ал жыл соңына дейін қаражатты толықтай игеру жоспары тұр.

Айта кетейік, «Энергосистема»ЖШС — Ақтөбе облысының 233 732 тұтынушысын электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етіп отырған аймақтық электржелілік ірі компания. Компания теңгерімінде: 220кВ қосалқы станциясы — 1 бірлік, 110/35/10 кВ қосалқы станциясы — 164 бірлік, трансформаторлық қосалқы станция — 1802 бірлік және 14 256 км электр беру желілері бар.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button