Экономика

Несие алып, кәсібін жандандырды

Баспасөз туры

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алып, шаруашылығын жандандырып отырған кәсіпкерлер көп. Ақтөбедегі   «Экоэкспресс Ақтөбе» ЖШС директорының бірінші орынбасары Исламбек Сұлтан мемлекеттік бағдарламаның кәсіпорындарға тигізер пайдасы көп екенін айтады.

«Экоэкспресс Ақтөбе» ЖШС-ның құрылғанына биыл  он жыл болыпты. Серіктестік құрылыс, оның ішінде мұнай-газ зауыттарына қажет өнімдерді шығарады. Мәселен, мұндамұнай қыздыру пеші, мұнайдан газды айыру сепараторлары, он мың тоннаға дейін мұнай сиятын ыдыстар дайындалады. Негізгі тапсырыс берушілер—«СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Маңғыстау мұнайгаз», «Ақтөбемұнаймаш», «Қазмұнайгаз» және тағы басқа мұнай компаниялары. Қазіргі таңда серіктестік «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінің тапсырыстарын дайындап жатыр.

— Мекемелер төлемді алдын ала жасамайды. Қажетті құрал-жабдықтар үшін қаржы керек. Биыл алғаш рет «Даму» қоры арқылы 263 миллион теңге несие алдық. Бұл серіктестік жұмысының әрі қарай жандануына үлкен септігін тигізді, — дейді Исламбек Сұлтан.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақтөбе филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, жыл сайын мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерлерді қамту көлемі артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қаржылай қолдау көлемі 112 пайызға артқан.

— «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы шағын несие беріледі.Үстемесі — алты пайыз. Биыл осы бағдарлама бойынша банктер жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын 81 жобаны мақұлдады. Сондай-ақ қор — «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша субсидия беретін қаржы агенті. Бұндай көмек облыс орталығындағы кәсіпкерлерге экономиканың басым бағыты бойынша берілсе, ауылдық жерлерде кәсіптің түріне қарамайды. Биыл қор жалпы көлемі  6,5 миллион теңге болатын 115 жобаға субсидиялау бойынша қолдау көрсетті. Сонымен бірге биыл  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске қосылды. «Даму» қоры — бағдарлама бойынша да субсидия беретін операторлардың бірі. Қазір бағдарлама бойынша несие алушылар көп. Банктер жалпы  сомасы 3,7 миллиард теңге болатын 10 жобаны мақұлдады, — деді Берік Нұрғалиев.

«Даму» қорының облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры кезінде «Экоэкспресс Ақтөбе» ЖШС-нан өзге қаладағы шағын кәсіпорындарды араладық. Оның ішінде пәтерін сатып, кәріз құбырын шығарып отырған Жанат Имранұлының шағын цехын көрдік. Жалпы кәсіпкерлердің барлығы мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алып, шаруасын дөңгелентіп отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button