Жаңалықтар

Партия филиалының төрағасы сайланды

Бейсенбі күні Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясы өтті. Жиында қала әкімі Мавр Абдуллин филиал төрағасы болып сайланды.

Жиынға Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов, қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова, Ақтөбе қаласындағы бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, қалалық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе — қалалық филиал төрағасын сайлау ашық дауыс беру арқылы өтті. Ұсынылған кандидат — қала әкімі Мавр Абдуллинді дауыс берушілер бірауыздан сайлады.

Осыған орай Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов құттықтау сөз сөйлеп, филиалдың жаңа төрағасына алдағы жұмыстар барысында сәттіліктер тіледі.

Бұдан әрі конференция делtгаттары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылауға кірісті.

— Қарқынды даму бар жерде ғана барлық қазақстандықтар үшін жаңа өмір сапасына қол жеткізуге жол ашылмақ. Жолдауда бұл айқын түрде айтылған. Елімізде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатындағы нақты шаралар көзделіп, жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта жылына 12-13 миллион шаршы метр тұрғын үй салуға қол жеткізу және «7-20-25» бағдарламасын қарқынды жүргізу, ипотекалық несие ставкаларын айтарлықтай төмендету жоспарланып отыр. Алдағы бес жылдың ішінде, яғни 2023 жылға дейін білім беру, ғылым және денсаулық салаларына бөлінетін қаржыны жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу көзделген, — деді қалалық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының жетекшісі Мұратбай Әжібаев.

Жолдауды талқылау барысында басқа да азаматтар өз ой-пікірлерін жеткізді.

Сондай-ақ, жиында партияның Ақтөбе қалалық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button