Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің өз мармелады бар

«Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді.
Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

халыққа арнаған Жолдауынан. 

Ақтөбе қаласында дайындалған мармелад дүкендерге түсе бастады. Тәтті тағамды шығару ісі — жас кәсіпкердің алғашқы жобасы.

Табиғи өнімдерден ғана жасалатынын айтқан компания басшысы Алексей Мирный кәсібі туралы:

— Жаз мезгілінде компания өз жұмысын бастады. Егер сұраныс болса, айына 5 тонна мармелад өніміне дейін шығаруға мүмкіндігіміз бар. Әзірге күніне 10 қорабын ғана сауда орындарына өткіземіз. Әрқайсысында 12 данадан бар. Ал құнына келсек, 260 грамдық мармелад орамасының бағасы 300 теңгеге жуықтайды, — дейді 29 жастағы ақтөбелік кәсіпкер.

«Ecojoy» компаниясы өндіретін тәтті тағамның құрамы шырын, қант, агар, сорбин қышқылынан тұратынын білдік. Мармелад дайындалатын цехтың өзі шаһардың ескі бөлігінде орналасқан.

— Біздің өнімнің басқалардан басты артықшылығы — оны диабетке шалдыққандар да тұтына алады. Әрі отандық өнім болғандықтан, кез келген қоспаны осы жақтан аламыз, бәрі жергілікті жердікі. Жасанды дәмдеуіштер атымен жоқ. Тауар өндіруші ретінде өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткім келеді. Соның арқасында облыстағы барлық дүкендер мен базарларға өнімдерімізді саудаға шығарып жатырмыз, — дейді Алексей Анатольевич.

Алма және шие жемістерінің дәмі қосылған мармеладты кәсіпкер болашақта өзге облыстарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Бизнес те скринингтен өтеді 

Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілері арасында скрининг өткізуді қолға алды. Сол арқылы мамандар өңірде бизнестің қай түрі ерекше сұраныста һәм қолайлы екенін анықтап, аймақтың даму картасын әзірлемек. Зерттеу жұмыстарының өзі сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылғалы отыр. 

29 сұрақтан тұратын сауалнама кәсіпкерлік нысандарын қай жерде ашу керектігін, экспорт пен импортқа қатысты нақты бағыттарды білуге, сондай-ақ халықтың осы салаға көзқарасының қандай екенін анықтауға мүмкіндік бермек. Әр ауыл, аудан мен қалада өткізілетін жоба бетпе-бет дидарласу және телефонмен тілдесу арқылы жүзеге асырылады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған арнаулы топ кәсіпкерлік саласындағы мәселелермен де жіті таныс болып, оның оңды шешілуіне мейлінше атсалыспақ.

— Мұндай скрининг бізге ең алдымен бизнестің қай түріне қызығушылық мол екенін, болмаса қайсысының кенжелеп қалғанын анықтауға сеп болады. Күрмеуі қиын, бірақ түйіні шешілмеген түйткілдер де шара барысында «менмұндалайтынына» күмәніміз жоқ. Бірінші кезекте сауалнама жүргізіліп, кейіннен соның нәтижесінде өңірдің даму картасы жасақталады. Бұл екі тарапқа да тиімді, берері мол іс екені сөзсіз. Мұнымен бірге, қай бизнес түрі қолдауға мұқтаж, соны да білетін боламыз. Аталған зерттеу жұмыстарының арқасында жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың нақты санын, жалпы өңірдегі еңбек адамдарының әлеуетін бағалауға болады, — деп атап өтті өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әсем Еркебаева.

Скрининг пен бизнес жүргізуге қатысты барлық мәселелер бойынша тұрғындар Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының мамандарына жолыға алады: Сәңкібай батыр даңғылы, 22 «к», «Қазына» бизнес орталығы.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, қазіргі таңда Ақтөбеде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің нақты саны — 58388.

«…СӘЛ ЖЫМИЫҢЫЗ, СУРЕТКЕ ТҮСІРЕМІН!»

 Келушілерді әрдайым жылы шыраймен қарсы алатын Арай Исмағұлова жастайынан фотоөнерге қызыққанын айтады. «Бастау» жобасының түлегі Алға ауданында жекеменшік фотостудиясын ашпақ.

Аудан орталығында жеке ісін жүргізіп, баспа жұмыстары — мәтінді компьютерде теру, сканерлеу, қағаз бен сурет шығару, т.б. айналысқан кейіпкеріміз «ақырын жүріп, анық басып» кәсібін бірте-бірте кеңейтуге көшкен. Қазіргі таңда ол фотостудиясының ғимаратын салып жатыр. Аталған бастамаға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ оң ықпалын танытқан.

— Иелігімде компьютерлер, фотоаппарат, басқа да қажетті техникалар бар. Суретке түсіріп, қағаз да шығарамын. Түрлі қуаныштарға, мерейтойларға түрлі түсті, әдемі альбомдар да дайындаймын. Дегенмен, уақыт өте келе бұдан да ауқымды жұмыс істей алатынымды түсініп, алға қарай даму керектігін ойлай бастадым. Жалға алып отырған аумаққа да көңілім толмай, «өзімнің меншігім болса ғой…» деген арман-тілек көкейімнен кетпей қойды. Сөйтіп, биыл «Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, көптеген нәрсені үйренуге мүмкіндік туды. Іле-шала бизнесімді дамытуға қатысты жобамды сәтті қорғап шығып, арманым ақиқатқа айналды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы жобамды мақұлдап, 6 миллион теңге көлемінде несие берді, — дейді Арай.

70 шаршы метр аумақты құрайтын фотостудияның құрылысы қазіргі таңда қарқынды жүргізіліп жатыр. Жас кәсіпкер мұнда бұрыннан үйреніп қалған баспа ісімен қоса, жұртшылыққа тиісінше фотосессия жасайтынын да тілге тиек етті. Сол арқылы кәсібінің сұраныста болатынын жеткізген ол бірнеше ауылдасын жұмыспен және қамтымақ. «Ең негізгі мақсатым — сапалы, елдің көңілінен шығатындай қызмет ету. Әрі мұндай кәсіпкерлік нысандарының Алға ауданында жоқтығын ескерсек, маған жүктелер жауапкершіліктің орасан екенін жақсы білемін. Бір жағынан, бұл жұмыс өзіме де қызық. Себебі кішкентайымнан суретке түсіруге, осыған қатысты дүниеге қызығушылығым зор. Алдағы уақытта осымен тоқтап қалмай, ыдыс-аяқ, киімге, басқа да заттарға арнайы технология арқылы сурет салуға, кітап шығаруға мамандансам деймін. «Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, бір адам жасай алған жұмысты басқалар да атқара алады. Тек талап болса жеткілікті», — деп ой түйеді Арай Исмағұлова.

Аудандық кәсіпкерлік палатасының филиал директоры Айболат Мәнеповтің айтуынша,  Алғада 2 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ал «Бастау» жобасы бойынша жыл басталғалы 120 аудан азаматы оқыған екен.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button