Басты жаңалықтарӘлеумет

Балаға отбасы қамқор бола алмаса…

«Онда біз қамқор болуымыз керек!», — дейді Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің консультанты Рысты Жұмабекова. Жақында Р.Жұмабекованың жетекшілік етуімен Ақтөбе облысындағы балалардың құқықтарын қорғау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тексеру үшін арнайы сараптамалық жұмыс тобы келген болатын. Бұл жұмыс ҚР Президенті Әкімшілігі мен партияның «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейде қолға алынған.

Сараптамалық жұмыс тобы Ақтөбе қаласы мен 9 аудандағы балалармен жұмыс істейтін 84 мекемені аралап, осы сапардың нәтижесі қаралған жиында артықшылықтар мен кемшіліктерді жіпке тізіп берді. 

 Темір мен Байғанинде 356 баланың ата-анасы екпеден бас тартқан…

Темір және Байғанин аудандарында балалардың құқығын қорғау жұмыстарының қай деңгейде жүргізіліп жатқанын айтқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Мықтыбек Нарботаев осындай дерек келтірді: екпеден бас тартқан 282 баланың ата-анасы темірлік болса, 74 баланың ата-анасы Байғанинде тұрады.

— Екі ауданда жиырма мекеменің жұмысымен таныстық — мектептерге, емхана мен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасыларға бардық. Екі ауданда да кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының жұмыстары жақсы ұйымдастырылған. Ал Байғаниндегі мұндай комиссия проблемалар орын алған жерге барып, арнайы жылжымалы кеңестер жүрізіп отырады екен, бұл да өте жақсы бастама. Темірде инватакси жұмыс істейді екен, көпбалалы аналарға қолдау көрсететін арнайы қоғамдық қор құрылған. Алайдаекі ауданда да балалардың жолда жүру қауіпсіздігіне мән берілмеген, осы мәселені реттеу керек. Сонымен бірге мектептердегі тамақ сапасын жақсартып, екпеден бас тартқан ата-аналармен жұмысты күшейту керек, — дейді Мықтыбек Нарботаев.

«Түрмедегідей темір керуеттерді құрту керек!..»

Сараптамалық жұмыс тобының мүшесі Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің консультанты Мәнсия Исқазина қатты айтса да, осылай деді:

—  Қандыағаш өндірістік-экономикалық колледжінің жатақханасы жатақхана емес, казармаға кіргендей әсер қалдырады. Дәлізде бірде-бір сурет, бірде-бір гүл жоқ. Ол ештеңе емес, балалар өте ескі темір керуетке жатады екен: кереуеттің темірлері шодырайып шығып, құлайын деп тұр. Бұл балаларға емес, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға арналған кереуеттер секілді әсер қалдырды. Мәртөк ауданындағы  санаторий-туберкулез мектеп-интернатында да, Жайсаң арнаулы мектеп-интернатында да тап осындай темір керуеттер. Бұған дейін еліміздің сегіз облысын араладық, алайда дәл осындай ескі темір керуеттерді еш жерден кездестірмедік. Теңселіп тұрған ескі керуеттерді тез арада өзгерту керек. Жайсаң интернатындағы есіктерді, шкафтарды да өзгерту керек. Бір шкаф үстіме құлап кете жаздады. Ол шкаф баланың үстіне құласа, не істейміз? — деді ол.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, бұл керуеттер кезіндегі 600 орындық Алға балалар үйінің балансында болған керуеттер.

— 2015-2016 жылдары балалар үйінде болған бұл керуеттер баланстан балансқа беріліп, таратылған. Жаңадан ашылған «Аяла» орталығында да осындай керуеттер тұр, сол баланстан берілген. Бұл мәселені қазір қарастырып жатырмыз, 2020 жылы темір керуеттер түгел ауыстырылатын болады, оған қаржы бөлінеді. Жайсаң интернатында да жаңа жиһаз алу үшін 2020 жылға қаржы қаралады, — деді ол.

Мәнсия Исқазина аудандардағы атаулы әлеуметтік көмек алатын, өмірлік қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған бірнеше отбасының үйіне барып, тұрмыстық жағдайымен танысқандығын айтады. Алға ауданында өмірлік қиын жағдайдағы бір отбасының мәселесін шешуге қатысты жауапты адамдарға тапсырма берілді:

— Бұл отбасына барғанымызда екі оқушы қыз баланың қаншалықты қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын өз көзімізбен көрдік: анасының аузынан ішімдік иісі шығып тұр, анасымен бірге тұрып жатқан бөтен ер адам сылқия тойып алған, аяғынан әрең басып тұр. Жалдап алған кішкентай пәтерінде 10 және 11 жастағы екі қыз бала осындай анасымен, бөтен маскүнем еркекпен бірге тұрып жатыр. Ертең ол қыздардың жағдайы не болады? Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, анасын ата-аналық құқығынан айыру мәселесі қаралатын болады, ол реттелгенше жергілікті әкімдікке әлгі маскүнем адамды балалармен бірге тұрғызбауды қадағалау қажеттігі тапсырылды. Себебі ол қыздарға ештеңе болмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды, сондықтан бұл мәселені әкімдік өз жауапкершілігіне алды.Ең қызығы, олар тұрып жатқан пәтер мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілген пәтер болып шықты. Сонда біреу мұқтаж ретінде пәтер алып, оны жалға береді, ал біреу баспанаға қол жеткізе алмайды, — деді И.Исқазина. 

Қандыағаш қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық кешен ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, өндірістік-экономикалық колледжге спорттық жабдықтар алу, «Самал» балабақшасы аумағын абаттандыру, Мәртөк орта мектебінде медициналық кабинетті жабдықтау, Сарыжар орта мектебінде кітап қорын толықтыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

— Алға ауданындағы «Күншуақ» сауықтыру лагерінің, Хромтау, Мәртөк аудандарындағы отбасылық типтегі балалар үйлерінің жұмысы өте жақсы ұйымдастырылған. Алғадағы «Болашақ» балабақшасының аумағын дұрыстау керек, бұған қаржы бөлінген екен, жөндеу жұмыстары жақында басталатыны айтылды.

Хромтау ауданында тау-кен колледжі, аудандық аурухананың балалар бөлімі, отбасылық балалар үйіне бардық — қайда барсақ та, ешқандай кемшілік байқамадық. Барлық мекемеде жұмыс жақсы жолға қойылған, — деді М.Исқазина.

Әйтеке би, Ырғыз, Мұғалжар аудандарындағы балалармен жұмыс істейтін мекемелерді аралап шыққан ҚР Ішкі істер министрлігінің ювеналды полиция мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасы полициясының подполковнигі, аға инспектор Рүстем Құттыбаев та бірқатар мәселелерді алға тартты:

— Әйтеке би ауданындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысының жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Ол хатшының негізгі қызметі — әкімдіктің бас маманы екен, сондықтан екі жұмысты қатар алып жүргендікі болуы керек, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғауға қатысты құжаттар толық емес, жұмыс жүйелі жүргізілмейді, — деді ол.

Мұғалжар ауданында А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп ғимаратының материалдық базасын нығайту, музыкалық аспаптар алу, ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, оқушылар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуді жақсарту, Әйтеке би ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайту, Ырғыз ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепті жарақтандыру жөнінде ұсыныстар айтылды. 

Баламыздың тәрбиесімен біз айналыспасақ, басқа біреу айналысады…

Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданындағы балалармен жұмыс істейтін мекемелердің жұмысы жөнінде Рысты Жұмабекованың өзі баяндады.

— Nur Otan партиясының жастармен, жасөспірімдермен жұмыс істеу бағытын қайта қарауымыз керек. Біз жастардың тәрбиесімен айналысуды ұмытып кеттік. Соның салдары — жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп, ерте жүктілік деректері көбейді. Сондықтан партия мүшелеріне «Бақытты отбасы» ұлттық жобасының мақсат-міндетімен толық танысуларыңызды сұраймын. Жобаның негізгі мақсаты — қазақстандық отбасылар мен балалардың әл-ауқатын арттыру. Аталған мақсатқа жетудің үш бағыты белгіленген, бұл үш бағыт бойынша жұмыстарды дұрыстап атқару керек. Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандарға қатысы қылмыс көп. Мысалы, жүкті болып қалған 13 жастағы екі қызға опасыздық жасаған ер адамдардың бірінің жасы 20-да болса, екіншісі 28-де. Екеуі де сотталған. Біздің құқық қорғаушылар қайда, түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр, ата-аналармен кім жұмыс істеп жатыр? Жаңағы екі маскүнемнің қасында өмір сүріп жатқан қыз балалардың жағдайы ертең не болады? Бұларға кім жауап береді? Егер бала тәрбиесімен бүгін біз айналыспасақ, ертең басқа біреулер айналыса бастайды. Егер биліктің партиясы мұны қолға алмаса, ертең басқа біреу қолға алады. Өкінішке қарай, жауапты тұлғалар арасында«Бақытты отбасы» ұлттық жобасының бағыттары туралы білмейтіндер бар, ол ғана емес, ауылдағы жағдайды білмейтін ауылдық округ әкімдері де бар екен, — деді Р.Жұмабекова.

Р.Жұмабекованың айтуынша, Қобда ауданында да жалпы жұмыс дұрыс жолға қойылған. Тек бір ғана ескерту айтылды: Әлия ауылының жағдайы.

— Намыстарыңыз болса, Әлияның ауылын жөндеңіздер. Ауылдағы Әлия атындағы мектептің сықпыты сұмдық жағдайда. Әлия Молдағұлова — тұтас елдің намысы, ол ауылды жарқыратып қою керек, мектептің жағдайын түзеу керек. Ұлттық ерлігіміздің символындай болған Әлия батырдың аты берілген ауылды ұмытып кетсек, тарихымызды ұмытсақ, балаларымыз кімге қарап өседі, кімге еліктейді? — деді Р.Жұмабекова.

Жасөспірім қыздар арасында тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттігі баса айтылды. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында жүкті болып қалған кәмелетке толмаған 45 қыз баланың 51 пайызы ғана колледж оқушылары екен. Қалғаны —мектеп оқушылары…

—  Балалардың құқын қорғауға қатысты болса, ешқандай жабық ақпарат болуы тиіс емес! Прокуратура осы мәселені реттеуі керек, — деді ол.

P.S. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жинау мен зерделеу мәселелері бойынша көшпелі сараптамалық жұмыс тобы Ақтөбе облысында өзге өңірлерге үлгі боларлық ерекше жобалардың да жүзге асырылып отырғандығын айтты.

—Ақтөбелік тамаша үлгілердің бірі — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға арнап салынған «Мейірім» үйі жобасы, бұл өте жақсы ойластырылған дүние, осы жобаны өзге облыстарда да қолға алу керек. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған балабақша да республикаға үлгі қылатын жоба. Өңірде жасөспірімдер арасында суицид айтарлықтай азайып отыр, бұл бағытта жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы жұмысқа қабілетті 981 адамның 680-і жұмысқа орналастырылған. Бұл да өте жақсы көрсеткіш, — деді Рысты Жұмабекова.

Айтылған сындарға қатысты жауапты тұлғаларға арнайы тапсырма беріліп, нақты шешімдер қабылдану қажеттігі айтылды. Nur Otan партиясы мұрындық болған «Бақытты отбасы»  ұлттық жобасы, осы бағдарлама аясында жасалып жатқан жұмыстар туралы тұрғындар арасында жиірек түсінік жұмыстары жүргізілсе деген де ұсыныс айтылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button