Басты жаңалықтарЭкономика

Темірдегі толымды істер

Аудан

Темір ауданы — облыстағы ірі аудандардың бірі. Мұнда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Сондай-ақ биыл ауданда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жаңа ғимараттар салынып, ауылішілік жолдар жөнделуде. Келер жылы ауданда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жаңа жобалар қолға алынып, ерікті жастарға ерекше көңіл бөлінбек.

8380 гектарға егін егілді, 202 мың тонна мал азығы дайындалды

Аудан әкімінің орынбасары Аманбай Нұрмұханбетовтің айтуынша, биыл ауданда жалпы құны 10 872,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,4 %-ға жеткен.

8 айдың көркеткіші бойынша қазіргі таңда ауданда 52 257 ірі қара, 171 509 қой-ешкі, 9 363 жылқы, 419 түйе, 53 362 құс бар.

Биылғы жылы ауданда 8380 гектарға егін егілген. Оның ішінде 1300 гектарға арпа, 300 гектарға тары, 100 гектарға сұлы, 500 гектарға бидай, 5900 гектарға мал азығы дақылдары егіліп, жоспар 100 пайызға орындалған. Суармалы егіс бойынша 155 гектар жерге картоп, 125 гектарға көкөніс, 40гектарға бақша дақылдары егілген. Қазіргі таңда2200 гектар дәнді дақылдан 2435 тонна өнім жиналған.155 гектар картоптың32 гектары жиналып, 640 тонна өнім алынса, 125 гектар көкөністің 123 гектарынан 3198 тонна өнім, ал 40 гектарбақшадан 1520 тонна өнім жиналған. Келесі жылдың егісіне 1815 гектар жерге сүр өңдеу жұмыстары жүргізілген.

— Ауданға биылғы жылдың қысына 206 500 тонна мал азығын дайындау тапсырылған. Бүгінгі күнге дейін 202 007 тонна дайындалып, оның ішінен қыс айларына 162 662 тонна, жұртшылыққа 38 622 тонна алынған. Жыл басындаауданға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1100 асылтұқымды ірі қара, 2500 асылтұқымды қой алу тапсырмасы беріліп, қазіргі таңда бір шаруа қожалық 70,0 миллион теңге несие алып, 112 бас асылтұқымды ірі қара сатып алу жұмыстарымен айналысуда. Жергілікті кәсіпкерлердің бірі 12,0 миллион теңгеге 350 бас асылтұқымды қой сатып әкелді. Сонымен қатартағы бір шаруа қожалық 30,0 миллион теңге несие алып, 1000 бас қой сатып алу үшін құжат дайындауда, — дейді А.Нұрмұханбетов.

Ауылішілік жолдар жөнделуде

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, биыл Шұбарқұдық ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізуге ұйымдастырылған конкурстың қорытындысы бойынша «АссанаДорСтрой» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 2886 метрді жөндеу көзделген. Атап айтсақ, Гагарин көшесі – 1084 метр, Октябрьская көшесі – 657 метр, Байғанин көшесі – 377 метр, 8 март көшесі – 768 метр.

Жалпы жоба құны — 140 млн 555 мың теңге.

«Ауыл — ел бесігі»: жобаның игілігі

Биыл ауданда бір ауысымда 50 адамды қабылдайтын Темір қалалық дәрігерлік амбулаториясының құрылысы басталған. Аталған медициналық мекеме биыл қазан айында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар дәрігерлік амбулаторияға санитарлық автокөлік беріледі деп жоспарлануда. Оған 5 млн 941 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал материалдық-техникалық құрал-жабдықтар алуға 12 млн теңге қаржы  қарастырылған.

Сондай-ақ биыл жыл аяғына дейін Шұбарши дәрігерлік амбулаториясының ғимараты пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта Қопа дәрігерлік амбулаториясы мен Еңбекші медициналық пунктінің құрылысы басталмақ. Аталған екі медициналық мекеме құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Кеңқияқ селолық ауруханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 млн 500 мың теңге, алаудандық аурухананы қосымша құрал-жабдықтармен жабдықтауға 90 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы 8 млн теңге қаржы бөліп, қазіргі таңда «Қамқор» медициналық деректерді сақтау және өңдеу жүйесін сатып алу мақсатында «Аспан-Плюс» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жүйе іске қосылды. Сонымен қатар биылғы жылы аурухана есебінен 15 компьютер сатып алу жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні аудандағы мәдениет ғимараттарын жылыту маусымына дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде. Атап айтсақ, қазіргі таңда ауданда 28 мәдениет ошағы бар. Олардың барлығы сұйық және қатты отынмен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы материалдық- техникалық базаны нығайту мақсатында аудандық Мәдениет үйіне мемлекеттен 13 млн  607 мың теңге қаржы бөлініп, оған сахналық киімдер, музыкалық аппаратура, жиһаздар, компьютер, қатты отынға 4 қазандық сатып алынған. Ал «Туған жерім — нұрлы елім» атты аудан күндерінің қорытындысы бойынша ауданға берілген 350 мың теңгеге Шұбарқұдық кәсіпшілігі және Шығырлы ауылдық клуб үйлері музыкалық динамикамен қамтамасыз етілген. Алдағы жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Кеңқияқ ауылдық Мәдениет үйіне және Саркөл, Шұбарши, Шығырлы, Еңбекші ауылдық клуб үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында биыл аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған спорт кешенінің құрылысы 2020 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жобаға облыстық бюджеттен 25 млн теңге, ал республикалық бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлінген.

Абайға арналған үйірмелер мен кабинеттер ашылады

Аудан әкімінің орынбасары Аманбай Нұрмұханбетовтің айтуынша, биыл шілде айында Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының ғалымдарымен «Досжан ишан хазірет» тарихи мешітіне археологиялық зерттеулер жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейді жасақтау жұмыстары қолға алынды. Келер жылы жасақталған осы тарихи орында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай әкесі Құнанбайға арналған арнайы танымдық бұрыш орналастырылады. Сонымен қатар аудандағы барлық білім беру ұйымдарында және мәдениет ошақтарында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абайтану» әдеби үйірмелері ашылып, арнайы бұрыштар мен кабинеттер жасақталады. Алкелер жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ауданда ғылыми конференция, пәндік олимпиадалар мен өңірдің киелі жерлеріне экскурсия, т.б.іс-шаралар өткізу жоспарланған.

 Жастар жұмыспен қамтылды, шәкіртақы алды

Биылғы Жастар жылында аудан көлемінде жастарға арналған түрлі шаралар өткізіліп, оларды қолдау мақсатында бірқатар бастамалар іске асырылуда. Атап айтсақ, аудан бойынша құрамында 40-қа жуық жас бар «Шапағат» еріктілер тобы құрылып, олар қайырымдылық жасап, мәдениет, спорт салаларында нәтижелі жұмыс атқаруда. Жасаған қайырымдылық көмектері үшін еріктілер тобының жастары биылғы жылы БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында Қырғызстанның «Ыстықкөл» демалыс орталығына барып, сол елдің жастарымен тәжірибе алмасып қайтты.

Аудан әкімдігінің қолдауымен Жастар жылы аясында жас айтыскер ақын Ершат Қайболдиннің «Мен қыз іздеймін» жыр кітабы және темірлік жас ақындардың ортақ жинаған антологиясын жарыққа шығару жұмыстары қолға алынуда. Сондай-ақ жуырда «Жастар жылы — жаңа бастамалар кезеңі» атты өңірлік жастар форумы өткізілмек.

Жастар жылында аудандағы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында биыл аудан көлемінде үш айлық жұмыспен қамту жұмыстары қолға алынып, оған 50 жас қатысты. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкер» жобасын жүзеге асыру мақсатында 40 жасқа тегін бизнес-тренинг өткізіліп, оларға бір жолғы 19 000 теңге шәкіртақы берілді. Жастар алдағы уақытта өз жобаларын сәтті қорғаса, үздіктерге 505 мың теңге қайтарымсыз несие беріледі. Қазіргі таңда бұл бағытта аудан жастарымен қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Бағдарламаның жемісі

Жастар жылында«Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойыншааудандағы 27 жас маман 90 млн 912 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алса, 46 жас маман 8 млн 812 мың теңге көтерме жәрдемақымен қамтылған.

Аталған бағдарлама бойынша ауылға барып, еңбек етіп жүрген жастардың бірі — Динара Қобылан. Ол бүгінде Темір аудандық орталық ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігер және аудандық терапевт дәрігер болып жұмыс істейді. Бала кезінен бері дәрігер болуды армандаған Динара М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін үздік аяқтап, бүгінде туған жерінде абыройлы еңбек етіп жүр.

Ол ауруханада қабылдауға келген тұрғындар мен балаларды қарап, стационарда жатқан науқастарды емдейді. Жас та болса, өз ісіне мығым, жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын дәрігер аудандағы қоғамдық жұмыстарға да атсалысады.

БиылМемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында келер жыл елімізде Еріктілер жылы болып жарияланатынын, ал жастарды қолдау мақсатында «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын қаржыландыруға 20 миллиард теңге қаржы бөлінетінін айтты. Мен үшін бұл бағдарламаның жастарға берері көп. Ең бастысы, жастар ауылды көркейтуге үлес қосып, туған жеріне адал қызмет етуі керек, — дейді Динара.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері облыс бойынша ауылдық жерлерге 481 маман (білім беру саласы мамандары – 360 адам, денсаулық сақтау – 87 адам, мәдениет – 4 адам, спорт – 16 адам және агроөнеркәсіп – 14 адам) жұмысқа орналастырылған.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button