Экономика

Қосестекте «Пошехонский» ірімшігін өндіру ісі қайта жанданады

Кәсіпкерлік

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ресейдің Ярослав облысы Пошехонье қаласында атауы осы шаһармен аталған ірімшік зауыты іске қосылған болатын. Кеңестік кезеңде қатты, түйіршіктелмеген, сығымдалған «Пошехонский» ірімшігі үлкен сұранысқа ие болды. Бір кездері осы бір сапалы табиғи өнімнің тапшылығы да сезілді. П.Авдиенконың рецептісі бойынша әйгіленген бұл өнім кейін жер-жерде өндіріле бастады. Қарғалы ауданының Қосестек поселкесінде дайындалған  «Пошехонский» ірімшігі кезінде өзіне тән ерекшелігімен ауыл брендіне айналғанын қазір тұрғындардың бірі білсе, бірі білмейді. Кәсіпкер Еркін Өтегенов сүт өндіру, оның ішінде ірімшік жасаумен аты әйгіленген Қосестекте осы істі қайта жандандыруды жоспарлап отыр.   

Шағын цехтың шарапаты

Қосестек ауылының тұрғыны Еркін Өтегенов осыдан үш жыл бұрын «Қос-Естек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, өз иелігіндегі 33 сотық жерге сүт өндіру цехының құрылысын бастаған болатын. Бүгінде бұл аумаққа келушілер көбейген. Себебі осы жерде сүт қабылдап, тапсырыс алу, сүт өндіру ісі жүзеге асырылады.

Кооперативті 2016 жылы құрдық. Мақсат — сүт және сүт өнімдерін өңдеу.

Бастапқы кезде аудан тұрғындарынан сүт қабылдап, оны қосымша бағасымен сүт тауарлы фермаға өткізіп, пайда таптым. Кейін сүт өткізуде проблемалар шыға бастады. Себебі жаз айларында сүт молайғасын, артық сүтті ешкім алғысы келмейді. Осындай кезде сүт өткізуде қиындықтар туындайды. Содан маған шағын сүт өңдеу цехын құру туралы ой келді. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге бағынышты болғым келмеді, өз-өзіме жұмыс жасауға бел байладым. Сөйтіп, жиған-терген қаражатыма шағын цехтың құрылысын бастадым. Кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы екінші деңгейлі банктердің бірінен екі рет несие алдым. Алғашқы несие қаражатын құрылыс қажеттілігіне жұмсасам, екіншісінде қондырғылар алу үшін қор көмегіне жүгіндім, — дейді Еркін Өтегенов.

Оның айтуынша, цех іске қосылған кезде сүт тапшылығы сезіле бастапты. Кәсіпкерге істі алға жылжыту үшін қосымша 30 ірі қара сатып алуға тура келген. Бүгінгі күні аталған  кооперативте симментал тұқымды ірі қаралардың санын көбейту жұмыстары жоспарға қойылған.

Өз өнімдеріңмен нарыққа шығу үшін қашанда жан-жақты дайын болуың керек.

Бүгінгі күні біз нарықты кешенді түрде зерделеу, өнім өткізудің тәсілдерін үйреніп жатырмыз. Қазіргі күні цех толық қуаттылықта жұмыс жасап жатқан жоқ. Тұрғындардың тапсырысы негізінде өндіріс іске қосылады. Айталық, бүгін біреулер ірімшікке тапсырыс берсе, сол сұранысты ғана қанағаттандырамыз. Ал тағы біреулері келесі күні майға, қаймаққа тапсырыс түсіруі мүмкін. Осылай жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні цехта күніне 200 литрге дейін ғана сүт өңделеді, — деді ол.

Өнімге қойылар талап өзгермейді

Өткен жылы Еркін Өтегенов бизнес жобасын сәтті қорғап, мемлекеттен 3 миллион теңге қайтарымсыз грантты ұтып алған. Сол қаражаттың тең жартысына цех ауласында тұрған мұздатқыш контейнерін сатып алыпты. Сол сияқты өндіріс орнында сүт салқындатқыш, ірімшік, сүзбе жасайтын, май шайқағыш, сепаратор сияқты қондырғылар орнатылған.

Бүгінде аталған кооперативтің өз өнімдері ғана өңдеуге жіберіліп жатыр.

Қазір Еркіннің алға қойған жоспарлары көп. «Бірінші кезекте мен қарызды өтеуім керек. Әзірге цех көлемін ұлғайту ойымда жоқ. Дегенмен алдағы уақытта бұл ісімді кеңейтіп, өнім сапасын жақсартуға, дайын өнімнің көлемін ұлғайтуға күш саламын. Кеңестік кезеңде өзім туып-өскен Қосестек ауылының аты «Пошехонский» ірімшігін өндірумен әйгіленді. Алдағы уақытта ірімшіктің осы түрін өндіріп, істі  қайта жандандыруды ойластырып жүрмін», — дейді кәсіпкер.

«Пошехонский» ірімшігі — ресейлік модуль. Қатты, түйіршіктелмеген, сығымдылығы жоғары бұл өнім Ресей мен Беларус елдерінде әлі күнге дейін шығарылып жатыр.

Қазіргі күні біз «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз жұмыс жасаймыз. Мәселен, цехта күніне 100 литр сүт өндірілсе, қалғанын осы фермаға өткіземін. Әрине, бұл — тапсырысқа байланысты орындалатын іс.

Жалпы мен «Айс» фермасымен бұрыннан қоян-қолтық жұмыс жасаймын. 2000 жылдардан бері арнайы техникамен  аудан бойынша сүт қабылдап, осы фермаға өткізіп жүрдім. Осы күнге дейін «Айс» компаниясы сүттің бір литрін 120 теңгеден сатып алып келді. Биыл олар бір литр сүт бағасын 97 теңгеден қабылдауға көшті. Ал мен поселкеден сүттің бір литрін 80 теңгеден сатып алып, фермаға 97 теңгеге өткізсем, одан маған не пайда? Оның үстіне,  тұрғындардың бәрі бірдей емес, кейбіреулері сүтке су араластырады, сондай-ақ қышқыл сүтін өткізуге тырысатындары болады. Осындай кезде қиындықтар туындайды. Мұндай өнімдер фермада кері қайтарылады. Күн сайын «Айсқа» 4 тонна сүт тапсырып жүрдім. Ең бастысы — оларда сүт қабылдау параметрі болды. Айталық, олармен арадағы келісімде сүттің майлылығы 3,2 пайыз, тығыздығы 27 пайызға сәйкес болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, өткізілетін өнім құрамына қарай параметрге сәйкес болуы тиіс. Әлгіндей жағдайлардың салдарынан параметрге сәйкес емес өзгешеліктердің орын алған кездері де болды.  Қазір кооперативтің 21 мүшесі бар, оның үшеуі — шаруа қожалықтары. Әзірге бізбен жұмыс жасайтын қожалықтар  мұндай әрекеттерге барған емес. Жалпы таңертеңгілік және кешкілік сауылған сүттің майлылығында, құрамында сәл өзгерістер орын алады. Бірақ барлығы талапқа сай тапсырылып жатыр, — дейді Еркін Өтегенов.

Қарыз бен қолдау

Әзірге Қарғалы ауданында «Қос-Естек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативімен бәсекелестікке түсетін бірде-бір шаруашылық жоқ. Былтыр аталған кооперативке 371 тонна сүт тапсырылса, жыл басынан бері 142 тонна сүт қабылданған. Бүгінгі таңда жаңа техникалардың күшімен цехта ірімшік, сүзбе, қаймақ, май, айран сияқты өнімдер тапсырыспен жасалып жатыр.

Мен сияқты кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге мемлекеттен ерекше қолдау бар. Ең бастысы — салықтың 70 пайызын төлеуден босатылдым. Мұның өзі үлкен қолдау. Сол сияқты қажет кезінде мемлекеттен шағын несие алуға түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Алайда әзірге маған несие алудың қажеттілігі жоқ, басымдағы қарыздан құтылу — бірінші мәселе, — дейді Еркін.

Ауылда сүт өңдеу цехын ашып, бизнестің осы бір түрін қолға алған кәсіпкер өз сөзінде он екі мүшең сау болса, жұмыссыз жүруге, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын айтады. «Егер бизнес жоспар дұрыс құрылса, ойлаған жоспарларың мен мақсаттарың орындалады. Мұндай шаруаның ауылдық жерде жүргізілгені дұрыс. Сондықтан осындай кәсіп бастағаныма өкінбеймін. Ең бастысы — өз өніміңмен жұмыс жасаған әлдеқайда жеңіл. Шикізат өзіңнен болғасын, жұмыс та неғұрлым сенімді жүреді», — дейді ол.

Бүгінгі күні «Қос-Естек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 6 адам тұрақты жұмыс жасайды. Олардың барлығы — ауыл тұрғындары.

Тұрақты тұтынушылар

Кооперативте өндірілген өнімдер ауыл-аймақпен қатар, Ақтөбе қаласындағы 4 сауда нүктесіне жеткізіледі. Қаладағы «Әлия», «Табыс», Орталық базарларда жергілікті өнімді тұрақты алушылар бар. Сол сияқты бұл шаруашылықтың өнімдері ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесінде де көпшіліктің кең сұранысына ие. Әсіресе 1,5 литрлік пластикалық бөтелкеге құйылған айранның дәмі тіл үйіреді. Сонысына қарамай, бағасы да тым арзан. Бар болғаны — 200 теңге. Сүтті ұйыту үшін де ашытқы өндірісте дайындалады.

Еркін өнімді қалаға өзі жеткізеді.

Әзірге құтыдағы өнімдер маркасыз сатылып жатыр. Тауарлық маркасы болса, өнімге сұраныстың көбейетінін де білемін. Қазіргі күні маған ең бастысы — жұмысты бір ізге түсіріп, қалыптастыру қажет. Ол үшін сүт жыл он екі ай бойы үздіксіз өңделуі керек. Қыс мезгілінде сүт азаяды, сондықтан сұранысты қанағаттандырмай қалуымыз мүмкін. Қазір біз өз өнімдерімізді тек  пластикалық бөтелкелерге құйып, сатылымға жіберіп жатырмыз, — дейді Еркін.

Ол мұндай ыдыстарға қалаға тапсырыс береді. 1,5 литрлік бөтелкенің бір данасы 35 теңге тұрады. Алайда олар біреулер секілді пластикалық бөтелкелерді кері қайтармайды, өйткені бұл ыдыстар бір реттік әрі қайта жуылып, стерилденбейді.

Бүгінде өндірістік кооператив иелігіндегі 130-ға тарта ірі қараның қыстық жемшөбі де дайындалыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button