Спорт

Кахабер Цхададзе: «Ақтөбе» мақтауға лайық

Премьер-Лига

89-минутта жеңіс голын соққан «Тобыл» бұрынғыша көш басында қалды. Ал сырт алаңда ұтылып қалған «Астана» алтын медальға апарар жолын әжептәуір қиындатып алды. Төртінші орынға сырғыған елордалық команданың орнына — үшінші орынға өз алаңында жеңіске жеткен «Ордабасы» қайтадан келді. Дегенмен шымкенттіктердің биылғы чемпионатты алғашқы үштік сапында аяқтайтындығына сенім аз.

Бұл турды «Ақтөбе» Шымкент қаласында өткізді. Ірі есеппен ұтылды. Әйткенмен біздің жігіттеріміз босбелбеулік көрсетті деп өкпелей де алмаймыз. Олар алаңда бар күш-жігерлерін жұмсағанымен алаң иелерінің ойын тәжірибесі де, соған орай шеберліктері де біздің жастардан кәдімгідей басым екені анық аңғарылып тұрды. Шымкенттік бас бапкер Кахабер Цхададзе: «…Қарсыласымыздың бапкеріне мадақтау айтқым келеді. Ол маусым бойы осы жас футболшылармен бірге оңды және тәуір футбол ойынын көрсетуге тырысып келеді. «Ақтөбені» мақтау керек. Соңғы үш ойында олар «Қайсар» мен «Атырауды» жеңді, «Ертіспен» тең ойнады. Олар мақтауға лайық. «Ақтөбенің» бас бапкерімен достық қарым-қатынаста екеніме ризамын. Ол — өте жоғары деңгейдегі маман», — дегенді бекерге айтпаса керек.

Ал ойын барысына келсек, «Ақтөбе» алғашқы он минут шамасында үздіксіз шабуылдар ұйымдастырумен болды. Әттең, 4-минутта Асланбек Кәкімов тастаған тамаша пасты Есен Жасанов пайдалана алмай қалса, одан соң Виталий Волковтың алыстан жасаған соққысы да нысанадан алшақ кетті. Содан кейін ғана алаң иелері толық іс-қимылға көшті. 15-минутта «Ордабасы» шапшаң шабуыл ұйымдастырды да бірден қақпаға төніп келді. Әуелгіде Жоао Паулоның соққысынан соң доп қақпаның діңгегіне тиіп кері серпілген болатын, бірақ Алексей Щеткин осыдан соңғы қарбалас шақта епті қимылдап, допты қайыра соқты да, есеп ашып кетті — 1:0.

Екінші соғылған гол да осыған ұқсады. Бірінші таймның соңғы минуттарында оң қанаттан Зиги Бадибанга біздің қақпамыздың дәл алдына көлденеңдете тастаған пасты қағып түскен Тимур Досмағамбетов соққан допты қақпашымыз Игорь Трофимец кері серпіп үлгерген болатын, бірақ Тимур екінші рет соққы жасап, мақсатына жетті — 2:0.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда қонақтар тізгіннен біржола айырылып қалмауға тырысты. Бірнеше қарымта шабуылдар ұйымдастырды. Сондай сәттердің бірінде, 65-минутта сол жақ алыс қанаттан Виталий Волков қарсыластар қақпасының маңайына әуелете пас тастады да, осы маңға жетіп келген Әлішер Әжімов абыржымастан қатесіз соққы жасап, жібек торды бүлк еткізді — 2:1.

Дегенмен жерлестерімізге бұл табысты өрістетудің сәті түспей қойды. 5-6 минут өтпей жатып қарсыластар капитаны Пабло Фонтанелло бұрыштамадан әуелете тастаған допты Темірлан Ерланов голға айналдырды. Бұл жолы да бұрыштамадан келген допты қағып түскен Тоқтар Жаңғылышбай жасаған  алғашқы соққыны Игорь кері серпіп үлгергенімен одан арғыға шамасы жетпей қалды, қайыра соққы жасаған Темірлан әбжілдік көрсетті — 3:1.

Ал төртінші голды ақтөбелік қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Кирилл Ковальчук 90-минутта соқты — 4:1.

Осылайша «Ақтөбе» ірі есеппен ұтылды. Бұл кездесудегі көңілге жылы әсер қалдырған бір жайт, Шымкентте де «Ақтөбе» өз жанкүйерлерінің мол және қызу қолдауына ие болды. Осы үшін де футболшыларымыз әр ойынға тың жігермен кірісетіндігіне дау жоқ.

«Ордабасы»-«Ақтөбе» —4:1

Гол авторлары: Алексей Щеткин, 15-минут (1:0); Тимур Досмағамбетов, 44-минут (2:0); Әлішер Әжімов, 65-минут (2:1); Темірлан Ерланов, 71-минут (3:1); Кирилл Ковальчук, 90-минут (4:1).

Ескерту қағаздары көрсетілді: Т.Мардан, 83-минут («Ордабасы»).

«Ордабасы»: Бекхан Шайзада (қақпашы), Мардан Төлебек, Пабло Фонтанелло (капитан), Темірлан Ерланов, Тимур Досмағамбетов, Валерий Коробкин, Зиги Бадибанга (Кирилл Ковальчук, 55-минут), Май Махлангу,​ Мирзад Механович (Самат Шәмші, 73-минут), Жоао Пауло, Алексей Щеткин (Тоқтар Жаңғылышбай, 70-минут).

Бас бапкерКахабер Цхададзе.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Виталий Волков, Есен Жасанов (Жамбыл Көкеев, 80-минут), Бағдат Қайыров, Антон Шурыгин (Рустам Сахибов, 70-минут), Александр Кицак, Асланбек Кәкімов, Ардақ Сәулет (Нұрболат Батырханов, 86-минут), Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли (капитан).

Бас бапкер Александр Седнев.

22 қыркүйек 2019 жыл. Шымкент, Қажымұқан атындағы стадион, 3200 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Шахтер» (Қарағанды)-«Тобыл» (Қостанай) — 0:1

«Қайсар» (Қызылорда)-«Қайрат» (Алматы) — 0:1

«Тараз» (Тараз)-«Атырау» (Атырау) — 2:2

«Жетісу» (Талдықорған)-«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 2:1

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Ертіс» (Павлодар) — 1:0

*   *   *

Бұл турда 15 гол соғылды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. Бір ойын тең есеппен аяқталды. 1:0 есебі үш рет қайталанды.

18 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 62-минутта ойын ережесін бұзғаны үшін Марат Шахметов («Шахтер») жасыл алаңнан қуылды.

Шапшаң гол авторлары — Дорин Ротариу, 7-минут («Астана»); Алексей Щеткин, 15-минут («Ордабасы»).

«Тобыл» мен «Жетісуға» жеңіс әкелген голдар 89-минутта соғылса, «Таразға» тең ойын нәтижесін әперген гол 90+4 минутта енгізілді.

«Атыраудың» қақпасына 25-турда екі гол 90+2 және 90+4 минуттарда, 26-турда бір гол 90+1 минутта соғылса, бұл жолы бір гол 90+4 минутта еніп кетті.

Жалпы бұл турда 7 гол кездесулердің соңғы 10 минуты шамасында (80, 80, 85, 89, 89, 90, 90+4 минуттарда) соғылды.

Бұл турда кездесулерге барлығы 17 700 адам ғана келді. Жанкүйер ең көп жиналды деген «Қайсар»-«Қайрат» және «Жетісу»-«Астана» кездесулеріне 3500 адамнан ғана жиналды. Бұл ретте Ақтөбенің Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионына биылғы маусымда бір рет 11 500, бір рет 11 000, үш рет 10 000 жанкүйерден жиналғанын еске салып өтеміз.

Сұрмергендердің алғашқы үштігі: Адеринсола Эсеола («Қайрат») — 16 гол; Абат Айымбетов («Ақтөбе») — 14 гол; Марин Томасов  («Астана») — 12 гол.

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері: «Тобыл» (58 ұпай), «Қайрат» (56 ұпай), «Ордабасы» (52 ұпай). Жеңіске жеткен «Ордабасы» бір сатыға жоғары көтерілді.

4-6 орындардағы командалар: «Астана» (50 ұпай), «Жетісу» (44 ұпай), «Қайсар» (40 ұпай). Өз алаңында ұтылып қалған «Астана» алғашқы үштікті тастап шықты, дегенмен елордалық команданың басқалардан екі ойыны кем.

7-9 орын иелері сол күйі қалды: «Шахтер» (33 ұпай), «Оқжетпес» (33 ұпай), «Ертіс» (25 ұпай). «Оқжетпестің» басқалардан бір ойыны кем.

10-12 орындағы командалардың орындары да өзгерген жоқ: «Тараз» (20 ұпай), «Атырау» (19 ұпай), «Ақтөбе» (11 ұпай). «Атыраудың» басқалардан бір ойыны кем.

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

28-тур ойындары 28-29 қыркүйек, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

29 қыркүйекте «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тараз» командасын қабылдайды. Бұдан бұрын бұл командадан өз алаңымызда ұтылып (2:3), сырт алаңда тең (1:1) ойнағанбыз.

Басқа кездесулер:

28 қыркүйек, сенбі

«Ертіс» — «Шахтер»

«Тобыл» — «Жетісу»

29 қыркүйек, жексенбі

«Астана» — «Қайсар»

«Атырау» — «Оқжетпес»

«Қайрат» — «Ордабасы»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button