Басты жаңалықтарСпорт

Аманат арқалаған алыптар — Ақтөбеде

Ақтөбеде Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының V фестивалі өтіп жатыр. Сенбі күні Жекпе-жек сарайында өткен фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің басқарма басшысы Қарлығаш Рамазанова, Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Еркеғали Қарбозов, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі мұндай шараның Ақтөбеде өтуі үлкен абырой және жауапкершілік екендігін айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Ұлттық спорт пен ұлттық руханият — өзара тығыз байланысты ұғым. Егер азаматтардың ұлттық рухы мықты болса, онда спорт саласында да жоғары жетістіктерге жетіп, қандай да бір нәтиже күтуге болады. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шараны қазақстандықтардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан бір үлесі деп білемін.

Ұлттық спорт түрлерімен айналысу жастарымызды отансүйгіштікке баулып, ерік-жігерін шыңдайды. Олардың салауатты өмір салтын ұстауына ықпал етеді, — деген облыс әкімі Ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан республикалық фестивальді құтты мекенде ұйымдастырып жатқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына өз алғысын жеткізді.

Республика бойынша төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын фестиваль 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл жолғы дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен 800-ге жуық спортшы келді. Олар ұлттық спорттың 12 түрі: аламан бәйге, бәйге, құнан бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, қазақ күресі, құсбегілік, тоғызқұмалақ және жекпе-жек бойынша бақ сынасады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, бұл жолғы байрақты бәсекеде Ақтөбе облысының намысын спорттың барлық түрлері бойынша 66 спортшы қорғайды.

— Фестивальдің ұлттық құндылықтарымызды нығайтып, рухымызды тағы бір мәрте асқақтата түсері сөзсіз. Бұған дейін бұл шара 2015 жылы Қызылордада өткен болатын. Ол кезде Ақтөбе облысы жалпы командалық есепте 6-орынды иеленген еді. Биылғы бәсекеге қатысып жатқан спортшылардың қарқыны тәуір. Үміт күтіп отырған мықтыларымыз да жетерлік. Бұл додадағы басты жаңалығымыз — Ақтөбе командасы құсбегілік бойынша да бақ  сынайтын болады, — деді Мейрамбек Махамбетов.

Айта кетейік, спорттық шаралар 25 қыркүйекке дейін Ақтөбедегі орталық ипподромда және Жекпе-жек сарайында өтеді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button