Рухани жаңғыру

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы әзірленіп жатыр

Қалалық Мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында дәріс-концерт ұйымдастырылды.

Шараға Алматы қаласынан келген Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ғылыми-зерттеу институтының бір топ ғалымдары қатысып, дәріс берді.

— Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынғанын білеміз. Дайындық басталып та кетті. Осы мақсатта біздің институт қызметкерлері ізденіп, жұмыс істеп жатыр. Ежелгі дәуірден қазірге дейінгі қазақ мемлекетін қалыптастыруға үлес қосқан, ұлы деген атқа лайық тұлғалар туралы әлі де мәліметтер жинап жүрміз, Ақтөбе мұрағаты мен мұражайына келдік. Бұл — бірінші бағыт. Екінші бағытымыз —  жастармен жұмыс істеу. Өйткені, ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін өлкетануды, тарихты насихаттауымыз керек. Осының бәрі жаңағы энциклопедиялық саябақ арқылы көрсетіледі. Әлемдік тәжірибеде мұндай бар. Айталық, АҚШ-тағы бір жартаста төрт Президенттің сұлбасы бедерленген. Түркияда Фетхие қаласында шейіттер моласы бар, ол жерде соғыс кезінде қаза болған 2500-ден астам жауынгердің тізімі мен мүсіндері орналасқан. Осындай үлгілерді ала отырып, шамамыз келгенше жоба жасадық. Энциклопедиялық саябақтың пішіні әйнектен жасалынған киіз үй сияқты болады деп жоспарланып отыр, — дейді аталған институттың директорының орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымының кандидаты Әуезхан Шашаев.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қаипбаеваның айтуынша,  «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартуэнциклопедиялық саябағы —еліміздегі  тарихи-мәдени мұраны сақтау мен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге арналған жаһандық жоба. Сондай-ақ, ата-бабаларымыздың ұлы мұрасын алдағы жылы атап өтетін әл-Фараби мен Абай үлгісінде танымал ету қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да тапсырғаны белгілі.

Шара барысында ақтөбелік өнерпаздар концерт ұсынды, күй тартылып, ән айтылды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button