Басты жаңалықтарСпорт

Үш жолдама — үш үміт

Әуежайдағы жүздесу

Ақтөбеліктер кеше еркін күрестен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрислам Санаевты әуежайдан күтіп алды. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысады.

Әуежайда сұхбат берген спортшы жерлестерінен кешірім сұрап, Олимпиадаға барлық жағынан, тыңғылықты дайындалатынын айтты.

Өткен жылы  күміс медалға ие болғасын, мен бұл жарыстан алтын аламын деп үміттенген болатынмын. Ақтөбенің спорттағы деңгейін көтергім келді. Осы жауапкершілік психологиялық тұрғыдан әсер етіп, ауыр тиді.  Дайындығым жақсы болды. Барлығы бес палуанмен белдестім. Бұрын есе жіберген қарсыластарымды жеңдім. Түрік палуанынан 3:5 есебімен ұтылдым. Өткен жолы оны айтарлықтай басымдықпен ұтқан болатынмын. Бірақ осыны қанағат тұтуға тура келді. Ең бастысы, лицензия алдық. Ендігі мақсат — Токиодан алтынмен оралу, — деді палуан.

Ал Нұрисламның бапкері Бауыржан Нұрмұқановтың айтуынша, қалайда жеңімпаз болу жүктелгендіктен палуанымызға тактиканы ұстауда көп күш түскен. Жалпы әр спортшының жарыс жолындағы жеңілістері мен жеңісі әбден зерттеледі. Қателіктерден сабақ алып, келесіде есе жібермеу көзделеді. Бұрын Олимпиадаға 20 спортшы баратын болса, оны 16-ға қысқартты. Сондықтан лицензия алу қиын. Алайда басты жоспар орындалып, Ақтөбе Олимпиаданың тағы бір жолдамасына ие болды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықов Нұрисламның бұл жеңісі ақтөбелік жас палуандарға талпыныс беретінін, оның жеңісі облыстың жемісі екенін айтып, құттықтады.

Токио Олимпиадасына спорттың үш түрінен үш спортшы Қазақстан ұлттық құрамасында Ақтөбенің атынан өнер көрсетеді. Соның бірі — Нұрислам Санаев.  Біздің алға қойған межеміз де осы болатын. Әзірге жоспарымыз орындалып тұр, — деді ол.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button