Ауыл

ТЕМІРЛІКТЕР АКЦИЯНЫҢ ЖАЛҒАСҚАНЫН ҚАЛАЙДЫ

Темір ауданында «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясына қатысушы жүлдегерлерге 2 автокөлік, 30 ноутбук, Астанаға 71 жолдама беріледі. Бұл туралы акцияның алдын ала нәтижелерін шығару барысында белгілі болды.

Марафон-эстафета темірліктердің арасында үлкен қозғалыс тудырды, ал оның іс жүзіндегі пайдасына өлшем жасау тіпті де оңай емес. Қысқа ғана мерзім ішінде темірлік оқушылар 28 елді мекенде көшелер мен стадиондарды, бақтарды, демалыс жайларын тәртіпке келтірді. Өзен жағалауларын қоқыстардан тазартты. Бұдан басқа олар көшеттер отырғызып, жаңа гүлзарларды жайқалтты. Сырттай қарағанда көз қуанады: кәсіпшіліктен аудан орталығына дейінгі созылған орман белдеулері қураған ағаштардан тазартылып, түптері әктелген.

Оқушылар барлық көрсеткіштер бойынша алға қойылған міндеттерді табысты орындап шықты, тіпті артығымен жүзеге асырғандар да бар. Алдында 2 мың көшет отырғызылу көзделсе, оның саны 5 мың 800-ге жеткізілді. Әртүрлі объектілерде құрамына 2177 оқушыны біріктіретін 16 отряд еңбек етті.

— Біздің балаларымыз орасан зор жұмыстарды атқарды. Бұл акцияның елге бергені көп болды, оны жергілікті жастар да, сондай-ақ басқа тұрғындар да қызу қолдады, сондықтан облыс әкімі Елеусін Сағындықовтан осы ізгі істі келер жылы да жалғастыруға мүмкіндік беруін сұраймыз, — деді аудан әкімі Бауыржан Қаниев көпшілікпен кездесуінде.

Осы жиында сөз алған отряд командирлері Айдана Ізтілеуова мен Күмісай Бисембаева шараға қолдау мен көмек көрсеткен қарапайым азаматтарға, жергілікті кәсіпорындарға алғыстарын айтты.

Бір атап өтерлік жайт, Темір ауданы жастарының өкілдері «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясын келесі жылы да өткізу туралы аймақ басшысына арнаулы үндеу әзірледі.

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасын өткізу жөніндегі облыстық штабтың мүшесі, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы ауданда аталған бағытта көп шаруалар тындырылғанын атап өтіп, темірлік мектеп оқушыларының ұсынысын облыс басшылығына жеткізетіндігін айтты.

— Біздің облыс әкімінің жақсы бастамасын Елбасының өзі қолдады. Бұл ұмтылыстың оң нәтиже беріп отырғандығын біз қазірдің өзінде көріп отырмыз. Меніңше, мұндай акция жалпы пайдасын беріп қана қоймайды, оның біздің жастарымыз үшін тәрбиелік мәні де зор. Студенттер мен мектеп оқушылары қоғамдық еңбекке тартылды, бос уақыттарын игі іске арнады, өздерінің қолдарынан не келетінін көрсетті, — деді сөзінің соңында Мейірхан Ақдәулетұлы.

Жиын соңында аудан әкімі қонақтарға акция нәтижелерін көрнекі түрде көрсетті, сондай-ақ таяуда пайдалануға берілген бірқатар әлеуметтік объектілерді таныстырды.

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button