Пікір

Кәсіби  бағыт беру —  бүгінгі күннің өзекті мәселесі

Нұрбек АМАНОВ,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың директоры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жолдаған алғашқы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мейлінше мән берілген. Соның бірі — әлеуметтік саланы жетілдіру. Педагог ретінде Жолдауда  білім саласына байланысты айтылған тұсқа ерекше тоқталғым келіп отыр.

Президент Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» аталатын төртінші бағытында білім беру саласына қатысты  жаңашылдықтар мен жаңа бастамаларды жүзеге асыру турасында тың идеялар айтты. Соның бірі — білім беру сапасын жақсарту. Бұл орайда ол: «Біз оқушылардың қабілетін айқындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Оның ішінде мектеп түлектерін кәсіби тұрғыда, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек», — деді. Бұл — білім беру саласын жетілдіруде бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Қазіргі күні мектебімізде  жүргізіліп жатқан жұмыстар Жолдауда жоғарыда айтылған мәселелерді жүзеге асырумен үндестік тапқандай.  Мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің 60 пайызы — конкурстық негізде іріктеліп алынған ауыл балалары. Мақсатымыз — бәсекеге қабілетті, зияткер және рухани тұрғыдан дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.  Оған дәлел,  өткен оқу жылында мектепті аяқтаған 75 түлектің 85 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Соның ішінде 15 түлектің педагогикалық, 19 түлектің ақпараттық технологиялар мамандықтарын таңдауы да болашақта кадр тапшылығы мәселесін оңтайлы  шешуге өз үлесін қосары анық. Бұл орайда, түлектеріміздің педагогикалық мамандықты таңдауына мектеп ұстаздарының да ықпалы әрі рөлі жоғары. Себебі, мектеп-интернатта еңбек ететін ұстаздардың дені жоғары санатты, кәсіби мамандар. Олар оқушыларды оқу оқытып, білім берумен қатар, кәсіби тәжірибелерімен өздеріне баули біледі. Сондықтан ұлағатты ұстазға еліктеген түлектің болашақта педагогика саласын таңдап, алдыңғы буынды өзіне үлгі тұтуы да Жолдауда айтылған мектеп түлектерін кәсіби тұрғыда даярлаудың бір көрінісі деп білеміз.

Президент өз сөзінде ел экономикасын дамытуда техника саласының мамандарына сұраныстың  өте жоғары, бірақ мүмкіндіктің аз екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы білім беру ұйымдарының алдында тұрған басты міндет — сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білімді қажет ететін мамандық иелерін дайындауға баса мән беру қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысының халыққа жолдаған бұл Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді деген ойдамыз. Оның ішінде өзіміз еңбек ететін білім саласында жаңа бастамалар жүзеге асырылып, қолдау табары сөзсіз.

  ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРҒА БАСТАР ЖОЛ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында алдағы уақытта мәдениет қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінетіні жөнінде айтқаны бәрімізге ерекше серпін берді.

Мемлекет басшысының: «Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз», — дегені өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені шын мәнінде солай, мәдениет саласының өкілдерінің жалақысы мардымсыз екені ешкімге де жасырын емес. Жолдауда осы мәселенің көтерілуі ел руханиятының жаңа деңгейге көтерілуіне тың серпін берері анық. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің көрінісі болып табылатын, болашақ ұрпаққа ұлттық, мәдени, эстетикалық тәрбие беріп отырған мәдениет қызметкерлеріне, осылайша,бұл зор үміт сыйлады.

Жалақының көбейтілуінен бөлек, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктердің мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі — мәдениет саласы қызметкерлеріне үлкен шабыт болары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, біз Жолдаудан соң үлкен өзгерістер, жағымды жаңалықтар күтеміз.

 Алмат СМАТОВ,

Мұғалжар аудандық Мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы.

ТІЛ — САЯСАТ ҚҰРАЛЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке бірқатар міндеттерді жүктеді.

Мәдениет саласында жүргендіктен де, осы сала қызметкерлерінің жағдайынаПрезиденттің назар аударғаны көңіл қуантты. Биылғы Жолдауда: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл — ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды» делінген. Сондай-ақ,Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын Үкіметтің келесі жылдан бастап көбейтуі тиіс екенін нығыздап айтты. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керектігі де айтылды. Бұған қалай қуанбайсың?! Менің әріптестерім де шын қуанды.

Биылғы Жолдау «Тіл — үлкен саясаттың құралы» екенін де есімізге салды. Жұмыс барысында алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бір кісідей атсалысатын боламыз. Бұған дейін де жасап жүрген тірлігіміз осы ғой.

Ел Президенті алда өтетін мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық туралы да айтып өтті. Әсіресе, ең маңызды мереке — Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Сондай-ақ, ол  мерейтойлар өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу керектігіне де тоқталды. Әрине, Жолдауда халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты бұдан басқа да біраз мәселелер қамтылды.

Гүлдана ҚАЛМАҒАМБЕТОВА,

«Замандас» халық театрының режиссері.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button