Жаңалықтар

Олжалы отыз жыл

Тіл

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өз топырағында өгейлік көрген қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қазақтарға балаларын туған тіліндегі балабақшалар мен мектептерге беруге мүмкіндік әперу мақсатында құрылған болатын. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 30 жыл толып отыр.

Бейсенбі күні Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында осы мерейтойға арналған салтанатты жиын өтіп, отыз жылда қоғам жұмысына, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге белсене атсалысқан бір топ тіл жанашырларына марапаттар табысталды.

Алдымен мінбеге халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев көтеріліп, қоғамның құрылуы, отыз жылдық тарихы, атқарылған істер және алға қойылып отырған мақсат-міндеттер туралы баяндама жасады.

— Отыз жылда қыруар істер атқарылды. Тіл мәртебесі жолындағы күрестің бастауында тұрған азаматтардың бірқатары бүгінде өмірден өтті. Біз олардың рухына бас ие тұрып, еңбектерінің текке кетпей, бүгінгі ұрпақтың игілігіне айналғанын атап өткіміз келеді, — деді Жанғабыл Қабақбаев.

Бүгінде қазақ тілі елімізде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Мемлекеттік мекемелердегі ресми құжаттар да осы тілде. Өткен ғасырдың 80-жылдарында Ақтөбеде бір ғана қазақ мектебі болса, қазір қалада қазақ мектептері мен балабақшалары ондап саналады.

— Сөйтсе де, тіліміздің болашағына байланысты жұртшылықты алаңдататын жайттар да көп.Әсіресе, жастардың арасындағы орысша сөйлеуге құмарлық біздің жанымызға батады. Сондай-ақ қазақтардың балаларын орыс мектебіне беруі де азаймай отыр, — деді баяндамашы.

Жиында «Қазақ тілі» қоғамының 30 жылдан бергі мүшесі, еңбек ардагері Камалхан Қуанов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Мәртөк аудандық ұйымының төрайымы, ҚР білім беру ісінің үздігі Қымбат Сүйінғалиева, Мәртөк аудандық №1 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Артем Райзих құттықтау сөз сөйледі.

Бұдан кейін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президентіҒарифолла Есім мен облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов құттықтау сөз сөйлеп, бір топ тіл жанашырларын марапаттады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін, бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жасауымыз керек», — деп атап өтті. Қазақ тілі біз үшін, ең алдымен, ата-бабаларымыздан қалған ең қымбат мұра. Оның мәртебесін көтеру жолындағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек, — деді Марат Тоқжанов.

«Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының белсенді мүшелері облыс әкімінің, облыстық мәслихат пен Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапатталғандар арасында еңбек ардагерлері — Ниетжан Беріков, Өтеміс Әкімов, Гүлжан Дулатбай, «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті» ЖМ қызметкері Зәуреш Басығараева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Роман Рахиев, Ырғыз аудандық ұйымының төрағасы Айтбай Бисенбайұлы, Ойыл аудандық ұйымының төрайымы Марал Еркінова,Мәртөк аудандық №1 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Артем Райзих, т.б. болды.

Шара аясында қоғамның 30 жылдығына орайластырылып шығарылған «Олжалы 30 жыл» кітабының тұсаукесері және С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Тіл — ұлт қазынасы» атты кітап көрмесі өтті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button