Спорт

ЕКІНШІ КЕЗЕҢ ЖЕҢІСПЕН БАСТАЛДЫ

Жексенбіде Премерь-лига командаларының кезекті 23-туры, яғни жүлделі орындарды сарапқа салатын алдыңғы «алтылықтың» алғашқы ойыны өтті. Жерлестеріміз Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Жұма күні түс қайта ғана Голландиядағы жауапты кездесуден оралған ақтөбеліктер тынығып та үлгермеді. Климаттың, сағаттың айырмашылығымен жолдағы қиындықтардың әсер ететіні анық. Дегенмен «Ақтөбе» футболшылары ел біріншілігіндегі ұпайды жоғалтпауға күш салды.

Ойынның бірінші жартысы алма-кезек шабуылмен өтсе де, есеп ашылмады. Бірақ 2-таймның басында, 47-минутта төреші белгілеген пенальтиді Самат Смақов мүлт жібермеді. Ал 86-минутта Эмиль Кенжесариев екінші голдың авторы атанды. Осылайша жерлестеріміз өз алаңындағы үш ұпайды қанжығаға байлап, 23 ойыннан кейін 40 ұпай жинады.

Бұл турда алтын медальдан басты үміткер «Тобыл» өз алаңында «Атырауды» 3:0 есебімен ұтып, жағдайларын нығайта түсті. Ал Павлодарда «Ертістен» 1:0 есебімен басым түскен «Локомотив» жергілікті футболшылардың жолын кесті. Қалған кездесулер былай аяқталды: «Жетісу»-«Оқжетпес»-0:0, «Ордабасы»-«Ақжайық»-1:2, «Қайрат»-«Тараз»-0:3.

Қазір «Тобыл» 50 ұпаймен көш басында дара келеді. «Ертісте» — 43, «Ақтөбеде» 40 ұпай бар.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button