Басты жаңалықтарСпорт

Мейрамбек — әлем чемпионатының қола жүлдегері

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов қола жүлдеге ие болды.

Мейрамбек грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Үшінші орын үшін өткен белдесуде оның қарсыласы украин балуаны Ленур Темиров болды. Мейрамбек оны 10:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ, Мейрамбек Айнағұлов олимпиадалық салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, осы салмақ бойынша көш басындағы 6 үздік балуанға тиесілі Олимпиада жолдамасын да иеленген болатын.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің facebook желісіндегі парақшасында Мейрамбек Айнағұловты әлем чемпионатындағы табысымен құттықтады. «Айналайын, Мейрамбек! Бүгінгі жеңісің құтты болсын! Бұл жеңіс Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы, мерейі деп білемін. Күні кеше ғана алғашқы қарсыласыңмен өткен жарысқа өзім қатысып, тілекші болған едім. Алдағы олимпиадада жұлдызың жарқырап, қазақ елінің көк Туын биіктен желбіретесің деп сенемін. Қуаныш көбейсін, мерейің үстем болсын!!!» — деп жазды облыс басшысы.

Сонымен, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын 1 күміс, 2 қола медальмен аяқтады. 55 кг салмақ дәрежесінде Қорлан Жақанша күміс медаль алса, Мейрамбек Айнағұлов пен Алмат Кебіспаев (63 кг) қола медалға ие  болды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button