Жаңалықтар

Кәсіпкерлердің құқығы қорғалмақ

Көшпелі кеңес

Мəртөк ауданында кəсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі көшпелі кеңестің отырысы өтіп, онда шекаралық бизнес-ынтымақтастықтың мəселелері талқыланды. Шараға Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, кәсіпкерлер, сондай-ақ Орынбор облысындағы кəсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі өкіл Виктор Коршунов қатысты.

Ақтөбе мен Орынбор шекаралық облыстарының кəсіпкерлері үшін  басты мəселе — 10 сағатқа дейін уақыт алатын «Жайсаң» жəне «Сагарчин» шекараларынан өту, сондай-ақ бекеттегі тексеріс кезінде салық салу жəне қосымша шығындарға байланысты мəселелер. Бұл ретте кəсіпкерлер, әсіресе, жазғы айларында шекарада айтарлықтай шығынға ұшырайтынын алға тартты.

Бұған дейін де аталған түйткіл күн тәртібіне қойылып, шілде айында облыстық кəсіпкерлер палатасының мамандары Орынбор қаласында өткен «Ресей-Қазақстан шекара маңындағы кəсіпкерліктің құқықтық кепілдігін нығайту» атты халықаралық сараптама алаңының жұмысында осыны айтқан-ды. Бұл кезде біздегі делегацияның құрамында ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысатын кəсіпкерлер, атап айтсақ, «Болат ЛТД» ЖШС құрылтайшысы Асқарбек Мамырбаев, «Ақтөбе Жылыжай» ЖШС директоры Сауранбек Рахиев, т.б. қатысып, әріптестерінің жанайқайын жеткізген болатын.

Ақтөбе облысының кəсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мəселелер жөніндегі орынбасары Руслан Күйшіновтің айтуынша, біздің елдің шекарасында анау айтқандай қиындық болмағанмен, көршілес Ресейдің кеден саласының мамандары тарапынан, ондағы ұзын-сонар кезектен туындайтын белгілі бір мәселелер бар. Осы жайтты енді алдағы қараша айында Омск қаласында ұйымдастырылатын екі елдің ауқымды форумында көтеру көзделіп отыр.

Шетелдік қызметкерлердің еліміздің шекарасын кесіп өтуіне байланысты туындайтын мәселелерге қатысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі Қанат Нахимбеков сөз алды. Оның айтуынша, әзірбайжандық «Аккорд құрылыс-өнеркәсіптік инвестициялық корпорациясы» ААҚ филиалы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жасалған шарт бойынша А-27 республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» автомобиль жолының учаскесін жаңартпақ. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жоспарға енген. Бұл облыстың, жалпы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие жол. Сол арқылы жоғарыда аталған қиындықтар да шешілуі бек мүмкін.

Кеңес отырысының соңында әр мәселе бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірленіп, қатысушылар алдағы жоба-жоспарларды бекітті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button