Денсаулық

«Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі енгізіледі

Брифинг

Жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да емханаға тіркелу науқаны басталды. Екі айға созылатын шара 15 қарашада аяқталады.

Облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бұл шараның биылғы ерекшелігі — eGov электрондық үкіметінің веб-порталы арқылы тіркелуге болады. Тіркелген емханасы жабылып қалған, медициналық сақтандыру бойынша келісімшарт мерзімі аяқталған, қоныс аударған тұрғындар осы екі айда өздері қалаған емханаға және тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелуі керек. Себебі мекенжайы негізінде тіркелмеген тұрғындарға оның ішінде жүкті аналарға, балаларға қызмет көрсету қиын. Дәрігер олардың үйіне барып бақылау жүргізе алмайды. Сондықтан басқарма басшысы әрбір тұрғын осы мәселені қатаң ескеруі керектігін айтты. Сонымен қатар ешқандай себепсіз бір жылдың ішінде екі рет емхана ауыстыруға болмайды. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы басшысының орынбасары Рано Анарбаеваның айтуынша, электронды жүйе тұрғындарды емханаға артығымен және жалған тіркеуге мүмкіндік бермейді.

Брифингте медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістер туралы да айтылды. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Тимур Боранқұловтың айтуынша, жаңа жылдан бастап «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі енгізіледі. Аталған жүйе пилотты жоба ретінде  Қарағанды облысында іске қосылған.

Емхананың немесе аурухананың медициналық ақпараттық жүйесі «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесінен тұрғынның сақтандырылғаны немесе сақтандырылмағаны жайлы мәліметтерді сұратады. Сол бойынша медициналық көмек кепілдендірілген тегін медициналық қызметтердің есебінен немесе кеңейтілген сақтандыру пакеті есебінен төленеді. Сондай-ақ қорда 1406 телефон номері жұмыс жасайды. Тұрғындар сақтандыру жүйесіне қатысты кез келген сұрақ бойынша хабарласа алады. Бұл қызмет түрі тегін көрсетіледі. Сонымен қатар телеграмм-бот жүйесі арқылы да ақпарат алуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button