Жаңалықтар

«Аqtóbe» телеарнасының жаңа маусымы ашылды

Өткен жексенбіде облыстық «Аqtóbe» телеарнасында жыл бойы көрерменге көрсетілген бағдарламалар сараланып, жаңа маусымдағы тың жобалар таныстырылды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының 150 жылдығына және биылғы Жастар жылына орай түсірілген «Welcome to Aktobe» атты жастар телехикаясының тұсаукесері өтті.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов телеарна ұжымын жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.

— Жарты ғасырдан астам уақыт бойы көрерменіне соңғы жаңалықтарды, қажетті ақпараттарды дер кезінде жеткізіп келе жатқан «Аqtóbe» телеарнасының ұжымын облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан жаңа маусымның ашылуымен құттықтаймын.

Осы телеарнадағы алдыңғы буын ағаларымыздың қалдырған жігерлі істерін бүгінгі жастар жалғастырып жатыр. Биыл Ақтөбеде тұңғыш рет түсірілген «Бір түп алма ағашы» көркем фильмі Батыс Қазақстан облысында да көрсетілуде.

Биылғы жыл елімізде Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай жастарға арналған «Welсomе to Аktobe» атты телехикаяның тұсаукесері өткізіліп отыр. Телеарнаның тарихи шежіресі кішкентай жерден басталып, бүгін, міне, кино түсіретін деңгейге жетіп отыр. Жаңа мауымдағы жаңа жобалар мен бағдарламалар көптің көңілінен шығады деген үміттемін. Телеарна ұжымына биіктерді бағындыруға тілектеспін, — деді ол өз сөзінде.

Бұдан соң «Аqtóbe» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан сөз сөйлеп, жаңа маусымдағы жобаларға тоқталды. Биыл «Замана», «Азамат екен», «Әйелдер әлемі» танымдық хабарлары, сондай-ақ батыс өңірде тұңғыш рет түсірілген «Welсomе to Аktobe» жастар телехикаясы көрерменге жол тартпақ.

Телеарна директорының айтуынша, аталған телехикая республикамыздың 14 аймақтық телеарнасы мен «Тамаша» телеарнасынан да көрсетілмек.

Сонымен қатар шара барысында әріптестік қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал еткен, фильмді түсіруге демеушілік танытқан бірқатар азаматтар марапатталды.

«Welсomе to Аktobe» телехикаясының сценарийін жазған әрі идея авторы Азамат Айнағұлов бұл жоба ақтөбелік жастар үшін кино саласында берілген зор мүмкіндік екендігін айтады.

— Әрине, бұл телехикаяның түсірілімі үлкен техникаларды, мол мүмкіндікті талап етті. Жобаға жерлесіміз, бірнеше жылдан бері «Қазақфильмде» жұмыс жасаған белгілі режиссер Марат Телеуовті, басқа да кәсіби оператор, дыбыс режиссерларын шақырттық. Қолымыздан келгенше ақтөбелік білікті мамандардың басын қостық. Кастингке 200-ге жуық адам қатысты. Басты рөлге 8 актер іріктеліп алынды. Сондай-ақ 3 қосымша рөлді сомдайтын және басқа да рөлдердерге Ахтанов атындағы облыстық драма театрының, «Алақай» қуыршақ театрының белігілі әртістері шақырылды, — дейді ол.

Телехикая 10 сериалдан тұрады. 22қыркүйектен бастап әр жексенбіде көрермен назарына ұсынылмақ. Ситком жанрында түсірілген сериалда жастардың, атап айтқанда, студент жастардың жатақханадағы өмірі баяндалады.

— Бүгін облыстық телеарнаның жаңа маусымына куәгер болдық. Телеарна өңірдің соңғы жаңалықтарын, өлке тарихын, қоғамдық өмірін қашанда бірінші болып жеткізуге тырысады. Бүгінде телеарнада жастардың легі көп екенін байқадым. Бұл — қуантарлық жағдай. Өзім орта буын көрермен ретінде рухани, тарихи кездесулер, бағдарламалар көп болса екен деймін. Сондай-ақ салт-дәстүрімізді де ұмытпауымыз керек. Сонда көрермендер қатары да көбейер еді, — дейді ақын, Т.Досымов атындағы республикалық қордың директоры Бижан Қалмағанбетов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button