Әлеумет

32 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Ақтөбе қаласында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен қысқа мерзімді қайта даярлау курстары оқытылып жатыр. Бүгінде «Бес Отау» ЖШС жанындағы оқу орталығында пішуші-тігінші мамандығы бойынша 37 адам курстан өтсе, оның 32-сі тұрақты жұмысқа орналасты.

Биыл қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына 600 адамды бағыттау жоспарланған. Бағдарлама қатысушылары еңбек нарығында сұранысқа ие, атап айтсақ,аспаз, шаштараз, газэлектродәнекерлеуші, т.б. мамандықтар бойынша 3-6 ай аралағында тегін курстан өте алады.

— Жоба басталғалы «Бес Отау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанындағы оқу орталығына пішуші-тігінші мамандығы бойынша 65 адамды бағыттадық. Бүгінде олардың бірінші легі, яғни оқуды аяқтаған 37 адамның 32-сі тұрақты жұмысқа орналасты.

Оқыту курстары Ақтөбе қаласындағы 9 оқу орталығы мен 2 колледждежүргізіледі. Негізінен көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасынан шыққан азаматтар, жұмысқа жарамды ІІІтоптағы мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ биылғы Жастар жылына орай жұмыссыз жастарды қабылдап жатырмыз, — дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Әсем Медетова.

Тігінші —  еңбек нарығында қажетті мамандықтардың бірі. Ақтөбелік тұрғын Фариза Аяпова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы»  аясында  қысқа мерзімді курстан өтіп, өз білімін жетілдіру үстінде.

Менің негізгі мамандығым — дизайнер. Тігіншілік сүйікті ісім болғандықтан әрі қарай дамытуды көздедім. Бастапқыда жұмыспен қамту орталығына келіп, бағдарлама арқылы 3 ай тегін оқу курсына қабылдандым. Мамандық алумен қатар оқу барысында 16 мың теңге шәкіртақы төленеді. Бұл — жұмыссыз жүрген азаматтардың өз кәсібін ашуына немесе жұмыс табуына мүмкіндік берері сөзсіз, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button