Басты жаңалықтар

Бір айдың көрсеткіші осындай

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

20 тамыз-20 қыркүйек аралығында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Ақтөбе қаласында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып, тұрғындарға денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, дін, т.б. салалар бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді.

Семинар ұйымдастырылып, насихат жұмыстары жүргізілді

Аталған жобаның бірінші бағыты бойынша халық арасында діни тұрақтылықты қалыптастыру, діни экстремистік және террористік көріністердің алдын алу мақсатында

облыстық дін істері басқармасы мен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлері көптеген шара өткізді.

Облыстық дін істері басқармасының деректеріне сүйенсек, бір ай ішінде жоба аясында бүгінге дейін 403 жеке және жалпы кездесулер өткізіліп, оған 9875 тыңдаушы қатысқан. Атап айтсақ, жоба аясында 238 мекенжай бойынша жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларына талдау жүргізілген. Сондай-ақ теологиялық кеңестер берілген.

Білім беру мекемелерінде жастар арасында діни радикализм мен экстремизм көріністерінің алдын алу, оларды жат діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру мақсатында 53 кездесу ұйымдастырылған. Оларға барлығы 3826 жас қатысқан. Сонымен қатар жамағат арасында 14 семинар өткізіліп, жалпы саны 268 тыңдаушы қамтылған. Семинарлар барысында дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері — теолог, психолог А.Сабдин, А.Кеңесбаева, Ш.Дунаева, А.Мұқанов, Д.Сманов, т.б. мамандар шақырылып, дәрістер жүргізген.

Жоба шеңберінде өткен бір айда Ақтөбе қаласының мешіттерінде құптан намазы уақытында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, жамағат арасында толеранттылық түсінікті қалыптастыру мақсатында 3423 тұрғынды қамтыған 57 уағыз-насихат жұмыстары жүргізіліп, 13 қызметкерге әдістемелік көмек көрсетілген. Сондай-ақ тұрғындар арасында 3 спорттық-мәдени шара ұйымдастырылып, оған 645 адам қатысқан. Атап айтсақ, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында халық тарапынан қолдау тауып, сұранысқа ие болған «Есігімді қаққан кім?» спектаклі қойылса, «Алақай» қуыршақ театрында С.Маршактың балаларға арналған «Мысық үйшігі» қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар жамағат арасында ауызбіршілікті нығайту мақсатында қол күресі және гір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Жергілікті тұрғындар арасында 14 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Бауырыңа өмір сыйла!» атты акция өтті. Онда мешіт жамағаты және мемлекеттік мекеме қызметкерлері донор болып, қан тапсырды. Сондай-ақ акция аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдігі  облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, жұма уағызы барысында вакцинацияның теологиялық және медициналық тұрғыдан маңыздылығын түсіндірді.

Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін кеңінен қамту, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, жамағат арасында мемлекеттік органдарға деген сенімді ояту мақсатында «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің «Руханият» музейінде Ашық есік күні өткізілді.

Шара барысында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Ақтөбе қаласы әкімдігі мамандары қабылдау жүргізді. Аталған іс-шара аясында 64 адамға көмек берілді.

Ал өткен аптада «Астана» сауда үйі алдында өткен «Open Space» тегін кеңес беру акциясында тұрғындарға тегін теологиялық-психологиялық кеңестер беріліп, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік мәселелер бойынша қолдау көрсетілді.

Аталған шарада 95 адамға кеңес беріліп, «Аңсар» орталығының жанынан құрылған «Аңсар еріктілері» бірлестігі тегін кітаптар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеде 150 дана «Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы», «Ислам тарихы», 100 дана «Дін және дәстүр», «Дін және қоғам» кітапшасы, сондай-ақ 200 дана «Исламдағы жанұя», «Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды» бүктеме қағазы мен «Аңсар» орталығының сенім телефоны жазылған қағаздар таратылды.

Жоба аясында облыстық дін істері басқармасының бастамасымен жергілікті кәсіпорын қызметкерлері арасында 7 кездесу ұйымдастырылып, оған жалпы саны 346 адам қатысты. Сонымен қатар қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер арасында 8 кездесу ұйымдастырылды.

Қабылдаулар аясында 1263 адам жұмыспен қамтылды

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы бірқатар қабылдаулар өткізіп, тұрғындарды жеке сауалдары бойынша қабылдады.

Атап айтсақ, қабылдаулар аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуіне байланысты тіркелмеген жұмыссыз, нәтижесіз өзін-өзі қамтушылар санатындағы тұлғалар жұмысқа орналастырылып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мақсатында бірқатар азаматтарға көмек көрсетілді. Сондай-ақ халық көп шоғырланатын жерлерде, оның ішінде қала базарлары мен сауда орталықтарында «Қамқор» акциясы өткізіліп, «Анаға тағзым» орталығында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жалпы қабылдаулар нәтижесінде 1263 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Айнұр Жалғасбайдың айтуынша, биыл кешенді жоспарға сәйкес 14 579 адамды жұмыспен қамту қарастырылған. Бүгінгі күні аталған жоспар бойынша облыс орталығында 9890 адам еңбекке тартылған. Атап айтсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша

қысқа мерзімді кәсіптік даярлауға 945 адам бағытталып, 514 адам еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша аспаз, тігінші, электрик, автоэлектрик, дәнекерлеуші, жүргізуші, шаштараз, т.б. мамандықтар бойынша арнаулы оқу орталықтарына жіберілген. 302 адам оқуды аяқтап, оның 219-ы жұмысқа орналастырылған.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін 330 адам оқу курстарына жіберілген.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша ағымдағы жылы 114 адамға өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге шағын несие беру жоспарланып, нәтижесінде 79 адам 711,9 миллион теңге көлемінде шағын несие алды. Сонымен қатар «Жас кәсіпкер» жобасы аясында бір айлық кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына 350 адам бағытталып, оның 315-і оқуын аяқтады. Олардың қатарында 18-29 жас аралығындағы жастар және аз қамтылған отбасының мүшелері бар. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша

жыл басынан бері 243 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1003 түлек жастар тәжірибесіне жіберілді. Бүгінгі күні жастар тәжірибесін 497 адам аяқтап, оның 301-і  жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға жұмыссыз жүрген 463 адам тартылып, «Гүлдене бер, туған ел!» акциясы аясында жазғы демалыс кезінде 522 адам қала аумағын көркейту және көгалдандыру жұмыстарына бағытталды. Ал мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қолға алынған 157 жобаға жұмыспен қамту орталығы арқылы 352 адам жұмылдырылды, — дейді А.Жалғасбай.

Орталықтың деректеріне сүйенсек, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында биыл 11 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері бүгінге дейін 7 кезекті және 4 мамандандырылған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 768 адам жұмысқа орналастырылған.

Сондай-ақ еnbek.kz. порталы арқылы 1120 бос жұмыс орны мен 1433 түйіндеме жарияланған. Ал жыл басынан бері Ақтөбе қаласы бойынша 3846 адам өз бетінше портал арқылы тіркеліп, жұмысқа орналасса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған.

Орталық мамандарының айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында жұмыссыз азаматтардың саны — 2104, яғни бұл 0,8 %-ды құрайды. Бүгінгі күні орталық тарапынан 198 адам жұмысқа орналастырылуда.

4189 тұрғын медициналық көмек алды

Жобаның үшінші бағыты — әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша өткен бір ай мерзімде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен Ақтөбе қаласындағы емдеу және медицина мекемелерінде түрлі акциялар мен Ашық есік күндері өткізілді.

Іс-шаралар аясында ересектер мен балаларға арналған бейінді мамандар қабылдаулар ұйымдастырып, тұрғындар арасында кеңес беру-диагностикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Атап айтсақ, қалалық емханалар мен  медициналық ұйымдарда екпеден бас тартушы 700 ата-анаға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 404 балаға стоматологиялық көмек көрсетілген. Сондай-ақ акциялар аясында барлығы 4189 тұрғын қаралып, оның ішінде 1971 бала медициналық тексерістен өткізілген. Стационарлық клиникаларға толық тексерілуге 32 науқас жіберіліп, диагностикалық тұрғыдан 514 науқасқа жолдама берілген. Сонымен қатар жоспарлы емес жүктілік бойынша 628 ағарту жұмысы өткізілген.

Ашық есік күндері аясында қала бойынша маммолог мамандары 285 әйелді медициналық тексерістен өткізсе, оның ішінде 32 адамды арнайы клиникаларға жіберген.  Ал медициналық мекемелерде ұйымдастырылған онкологиялық және жүрек-қан тамыр аурулары, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарына 973 тұрғын қатысса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарымен 999 тұрғын қамтылған.

Р.S. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында облыс орталығында бір айдың ішінде жасалған жұмыстар — осы. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындарға арналған қабылдаулар мен түрлі қолдау шаралары жыл соңына дейін жалғасады.

           Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button