Басты жаңалықтарТұлға

Амангелді Айталы — 80

Амангелді Айталы — 80 жаста

Белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы 80 жасқа толып отыр. Ол — білім беру саласында жарты ғасырдан астам уақыт бойы еңбек еткен ұстаз, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Бүгінге дейінгі ғұмырының жартысын ол Батыс аймақтағы ең ірі оқу орнының —

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қабырғасында өткізді. Қазір де осы білім ордасында еңбек етіп жүр.

1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты болды. Депутат Амангелді Айталы елдік, ұлттық құндылықтар, қарапайым бұқараның мүддесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланған тұстардағы парасатты да батыл пікірлерімен халықтың ықылас-құрметіне бөленді.

Ақтөбе облысы әкімдігі көрнекті тұлғаның мерейтойын атап өтуге ерекше мән беріп отыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының 80 жасқа толуына орай көптеген мерейтойлық шаралар жоспарлап отыр. Негізгі шаралар 20 қыркүйекке жоспарланған. Соның ішінде, ақындар Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов және Ханбибі Есенқарақызының қатысуымен дөңгелек үстел және кездесу кештері, мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің қатысуымен «Білім жүйесі және заман талабы» атты жастармен кездесу кеші, Амангелді Айталының «Шәкірт. Ұстаз. Ғалым» және «Рухани кемелдік» кітаптарының тұсаукесері, осы мерейтойға арнап «Хабар» арнасы түсірген «Қазақты намысы қамшыласын» атты фильмнің көрсетілімі және мерейтойға арналған Ғылыми кеңес өтеді.

Біз бүгінгі нөмірімізде осы мерейтойға арнайы қосымша арнап, Парламент қабырғасында Амангелді Айталымен бір мақсат, бір мүдде жолында бірге күрескен белгілі тұлғалардың пікірлерін, басқа да материалдар топтамаларын ұсынамыз.

«ӨЗІ ҮШІН ЕМЕС, ХАЛҚЫ ҮШІН КЕРЕК»

Қазақстан халық жазушысы, Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Фариза ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ Ақтөбе халқына ашық хатынан:

Бұл күндері тәуелсіз еліміздің әр аймағында даң-дұңы, дүрбелеңі, талас-тартысы қарапайым жұрттың басын айналдыратындай науқан — Республика Парламентінің Мәжілісіне депутаттарды сайлау жарысы өтіп жатыр. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, әркім ру жағалап, «қол» жиып, сол жерге тырнақтай пайдасы тимесе де, сол топырақта кіндік қаны тамғанын міндет қылып, біреулер жиған-тергенін шашып, дауыс жинауға кірісіп кеткен сыңайлы.

Депутат болып еліміздегі көкейкесті мәселелерді дәлелдей білу, олардың дұрыс шешімін табуға атсалысу оңай шаруа емес. Көгілдір экраннан қол сермеп сөйлегендерді халық батыр деп қабылдайды. Бұл — өте қате ұғым. Заң жобаларын қарау, әр аймақтың мұқтаж мәселелерін үкімет мүшелеріне жеке кіріп дәлелдеу секілді кез келгеннің қолынан келе бермейтін, пайызбен өлшенбейтін қарекеттер — депутаттың жұмысы.

Маған қазақтың қай аймағы да жат емес. Оның ішінде Ақтөбені Атыраудан бөлек деп қарамаймын. Ақтөбелік бауырларым Елеусін, Сәния, Болат, Амангелділермен рухтас, ниеттес, тілектес болып жүрдік. Мәселені көп болып қол көтеріп шешетін парламенттік ортада тілектес болу үлкенроль атқарады.

Мен Амангелді Айталыныжастайынан білем — институтта қатар оқыдық. Амангелдінің үлкен тұлғаға айналғанына осыПарламентте көзім жетіп, қуандым. Бір ауылдың немесе бір облыстың емес, ұлттық, халықтық тұлға деңгейіне көтерілген азамат палатаның бір шешімге келе алмай,тығырыққа таянған сәттерінде шешімді, парасатты пікірлерімен талай алып шыққанын Мәжіліс депутаттары жақсы біледі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, шетелдерге бала сатуды тоқтату, министр ауысқан сайын өзгеріп жататын білім, ғылым саласындағы реформалар, шетелдердегі қандастарымыздың тағдыр тауқыметі, міне, осы мәселелердің бәріне бастамашы болған Амангелді Айталы болатын. Ақтөбе аймағының экономикалық қиындықтары мен бюджетті бөлудегі алақолдықтөңірегінде Елбасына, Премьер-Министрге бірнеше рет кіріп, елдің мұңын жеткізгенінемен куәмін.

Кез келген министр, билік тізгінін ұстаған азаматтар депутат Айталының есімі аталғанда тік тұрады.

Мұның бәрін айтып отырғаным, жаңа сайланған депутат жан-жағына қарап, билікті ортаның қырық қатпарлы саясатын түсінгенше біраз жыл өтеді.

АлАмангелді Айталы секілді кәнігі саясаткер қарапайым еңбеккерлердің мұңын да, билікті ортаның құлқын да жетік біледі. Айталы секілді азаматтардың Мәжілістегі бизнестен, әкімдіктің ақбоз атынан секіріп түсіп келгендердің арасында, сирек те болса, отырғаны әбден керек. Өзі үшін емес, халқымыз үшін керек.

Осы себептермен мен өзімнің ақтөбелік бауырларыма Амангелді Айталыны қолдап, оған дауыс берген дұрыс, мұндай азамат ешкімді де жерге қаратпайды деген пікірімді жеткізгім келіп, осыхаттыжолдап отырмын.

Амангелді Әбдірахманұлы шетелдерде өткен халықаралық жиындарда,әлем парламентарийлері алдында тәуелсіз еліміздегі заң шығару жүйесі жайлы талай рет баяндамалар жасағанын да айта кеткім келеді.

Депутатына қарап, басқа жұрт әр аймақ туралы пікір түйеді. Мұны да ескерген дұрыс.

2004 жыл.

ХАЛЫҚ МҮДДЕСІН АРДАҚТАҒАН АЗАМАТ

Шерхан МҰРТАЗА:

Амангелді Айталы — үлкен абыройға ие болған депутат. Парламентте өткен бес жыл ішінде Айталы — ел мүддесі үшін, ұлт мәртебесі үшін аянбай күрескен азамат. Басқа көптеген еңбегін былай қойғанда, тек мемлекеттік тіл — қазақ тілінің беделі үшін жанталасқан айтыстарыоның абырой-атағын биікке көтерді. Амангелді Айталыны халық қаһарманы деуге әбден лайық. Халық мүддесін ардақтаған азаматқа сенім мол.

АМАНГЕЛДІ АЙТАЛЫ

Ханбибі Есенқарақызы

Қара нарысың халықтың,

Жолында жүгін қалдырмас.

Ар-ажарысың халықтың,

Сауырға қамшы салдырмас!

 

Тонналап алтын қазбадың,

Баррельдеп мұнай алмадың.

Борбайлап елден озбадың,

Қатардан және қалмадың!

 

Тілеулестігіңді ел біліп,

Қараның қамын қолдадың.

Шындықтың шамын сөндіріп,

Сыбайластыққа бармадың!

 

Алғаусыз алып кеудемен,

Маржанын ойдың тересің.

Шәкіртім озсын деуменен,

Ұстаздық етіп келесің!

 

Кей кезде жасар айла жоқ,

Жасандылардың жаны — мұң.

Басқаныңменен пайда жоқ,

Қоғамның күре тамырын.

 

Жантағы бітік жарға — сын,

Ойылып кеткен орға — сын.

Кеудені басқан қорғасын,

Айтайын арзу, сол ғасыр!

 

Ай, аға, саған айтайын,

Төремұраттың сүйегі.

Құрманғазының жиені,

Астраханнан бұрдың ат басын.

 

Болғасын жерім киелі,

Болғасын елім киелі.

Қаумалай қонған қалың ел,

Білемін, сені сүйеді!

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button