Денсаулық

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: нені білу керек?

«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңгебөлінеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін

дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет».

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі толық қолданысқа енгізіледі.  2018 жылғы Жолдауда Елбасы денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетінін айтқан-ды. Бұл жүйенің талабы бойынша халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы алады. МӘМС деген не? Бұл жүйеге кімдер қатысады? Мемлекет кімді өз қамқорлығына алады? Осы және басқа да сұрақтарға «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова жауап береді:

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді?

—  Бұл жүйе мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Тұтас денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес, әр адамның денсаулығы оның өмір сүру салтына, жеке жауапкершілігіне тәуелді. Сондықтан осы жүйе арқылы адамның өзіне де денсаулығын күту үшін жауапкершілік жүгі арта түседі.

Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады.

Бұл жүйе бізге не береді?

Біріншіден, жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға құқы бар. Бұған қоса бұл жүйе бойынша сақтандырылған азаматтар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт негізінде жұмыс жасайтынкезкелгенклиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда медициналық сақтандыру қоры клиниканың кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясында қызмет көрсетуге кеткен шығындарын жауып береді.

Екіншіден, сақтандырылған азамат кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясындағы медициналық көмек үшін қосымша төлемдердің барлық түрлерінен босатылады.

Үшіншіден, сақтандырылған азаматтың ай сайын өз атына аударылған жарналар мен медицина мекемелерінде көрсетілген көмек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар.

Төртіншіден, медициналық сақтандыру қоры болашақта медициналық қызмет сапасы төмен болып жатса немесе міндетті сақтандыру жүйесіне қатысушының құқығы бұзылған жағдайда сақтандырылған азаматтардың құқығын қорғайтын болады.

Жүйенің ең басты артықшылығы сол ол медицина саласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

— Азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады дедіңіз? Қызмет көрсету де осы бірыңғай пакет арқылы жүргізіле ме?

— Қызмет көрсету 2 пакеттен тұрады: алғашқысы — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті. Бұл пакет бойынша барша азаматтарға жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл жағдайларда стационарды алмастыратын және стационарлық көмек және паллиативті көмек тегін көрсетіледі. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде науқастарға консультативті-диагностикалық қызмет, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек және туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту көмектері ақысыз жүргізіледі.

Ал екінші пакет бойынша, нақты  диагноз қою, яғни дәрігердің алдына келген адамның денсаулығын зерттеп, оның дертін анықтау мен оны емдеуге кететін шығын бұдан былай Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы өтеледі. Бұған не жатады? Жаңа үлгідегі медициналық пакетке консультативтік-диагностикалық көмек: ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу, балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру , бағасы қымбат зертханалық қызметтер: гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антиденелер, ПЦР, бағасы қымбат диагностикалық қызметтер: компьютерлік томография, магнитті-резонансты томографиядан өту секілді қызметтер кіреді. Сонымен бірге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетіне кірмейтін аурулар бойынша амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек көрсету,  жоспарлы стационарлық көмек көрсету, балалар мен ересектерді кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология, ортопедия салалары бойынша медициналық оңалту қызметтері кіреді. Бір сөзбен айтқанда, нақты  диагноз қою, яғни дәрігердің алдына келген адамның денсаулығын зерттеп, оның дертін анықтау мен оны емдеуге кететін шығын, яғниқазіргі күні қосымша қаражат жұмсап, қолданып жүрген медициналық қызметтердің барлығы міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналардан азаматтардың 15 санаты босатылады (халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы):

  1. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары мынадай адамдар:

1) балалар;

2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;

3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

4) осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);

5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;

6) мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;

6-1) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам;

7) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;

8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;

9) тергеу изоляторларындағы адамдар;

10) жұмыс істемейтін оралмандар;

11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;

12) мүгедектер;

13) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;

14) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.

— Бірақ ол үшін әркім жалақысынан тұрақты түрде ақша аударып отырады ғой?

— Әрине, тұрғындар өз табысынан белгілі бір мөлшердегі ақшаны аталған қордың есебіне аударып отырады. Айта кетейік, 2015 жылы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» ту­ра­лы заң қабылданып, Әлеуметтік

меди­циналық сақтандыру қоры құрылған болатын. 2017 жылы әр өңірде аталған қордың филиалдары ашылды. Осы жылы шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер жә­не азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс атқаратындар ауда­рымдар мен жарналарды тұрақты түрде аудара бастады.

2017 жылдың шілде-жел­тоқсан айларында жұмыс берушілер жұмысшыларына айлық табысының 1%-ы көлемінде, ал жеке кә­сіпкерлер сол жылғы ең тө­мен­гі айлық жалақының 2 есе­леген мөлшерінің 5%-ы көле­мінде және азаматтық құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс атқаратындарға айлық табы­сының 5%-ы көлемінде жарна мен аударымдар аударды. Әлеуметтік қорғалмаған аза­маттарға мемлекет жарнаны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен екі жылды қоса алғандағы орта айлық жала­қы­ның 1,4%-ы көлемінде 13 санат бойын­ша ай сайын аударып отырады. Аударылған аударымдар мен жарналар Ұлттық банкте сақталады және қаражат туралы толық ақпаратты Қордың ресми сайтынан да ашық көруге болады.

Жинақтау жүйесіне төлейтін жарна мөлшері осы уақыттан бастап сатылап өсіп келе жатыр: 2018-2019 жылдары міндетті жарна табыстың1,5%-ына  тең болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 2% болады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер өзі үшін 1,4 еселенген ең төменгі жалақыдан – 5%, азаматтық құқықтық келісімшартнегізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылы айлық табысынан – 1%, 2021 жылдан бастап – 2%, өзге санаттар ең төменгі жалақыдан 5% төленеді. Мемлекет 2020 жылдан бастапжеңілдікке ие санаттағы азаматтар үшін мемлекеттік статистика органының 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 1,4%-ы көлемінде жарна аударады, алжұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны қорға аударып отырады.

— Ақтөбеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс істеуге жеке емханалар қаншалықты дайын?

2018 жылдан бастап облыстағы 25 жеке клиника тұрғындарға тегін қызмет көрсете бастады. Оның жетеуі учаскелік емхана ретінде пациенттерді тіркеп, тұрғындарға мемлекеттік емханадағыдай барлық қызметті тегін көрсетіп отыр. Мұндағы ең басты мәселе — тұрғындардың таңдау жасау мүмкіндігіне ие болуы. Мысалы,  «Еуразия», «Дару», «Айгерім», «Қуаныш», «Медикер Илек», «Медикус», «Интертич», «Ақниет» секілді ірі орталықтар таңдаулы медициналық қызмет түрлері бойынша тегін ем, ота жасауды ұсынып отыр. Ең бастысы, науқас ауруханаға жататын болса, өзінің аймақтық емханасынан тексеруден өтіп, жолдамасын алып, емдеу қызметтері бойынша таңдаған мекемесіне порталға тұруы қажет. Науқастар өзіне ұнаған емхананы (ол мемлекеттік бола ма, жеке бола ма — науқастың өз еркі) еркін таңдай алады. Науқас қай емхананы таңдайды, Қор сол емханаға қаражат аударады. Бұл әлеуметтік медициналық сақтандырудың алғашқы тәжірибелік қадамдары ғана.

Ендгі жерде көрші облыс тұрғындары да өз облыстарында көрсетілмейтін медициналық қызмет түрлері бойыншаАқтөбеде тегін емделе алады. Жыл басынан бері көрші облыстың 749 тұрғыны Ақтөбеде емделген. Оның шінде 464 адамға шұғыл көмек көрсетілген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button