Ауыл

Керуен көшкен күн

Биылғы Наурыз мейрамы Темір ауданы халқының есінде ұзақ сақталары анық. Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде қарсы алуға аудан басшылығы һәм жұртшылығы барын салған. Көп түкірсе – көл емес пе, аудан әкімі Мәлік Серікбаевтың күн мен түннің теңесер мезгілін ұлан-асыр той қылу туралы ұсынысын темірліктер құп алып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білді. Әлбетте, адам қиялынан асқан қандай ғажайып бар…

Шұбарқұдықтың орталық алаңына қаз-қатар тігілген 24 ақ шаңқан киіз үйдің айналасы қара-құрым халыққа күн арқан бойы көтерілмей-ақ толып кетті. Әр жерде бұрқылдай қайнаған қазан мен көңілді әуен, білектерін білеген спортшылардың қимылдары нағыз тойдың алда екендігінен хабар беріп тұрды. Ойын-сауық, салт-дәстүр тұнған керуен халықты ұзақ күттірген жоқ…

Алдар көсе, Қожанасыр, Тазша бала мен Жиренше шешен, шық бермес Шығайбай да осында. Халық ертегілерінің кейіпкерлері мінген көліктер бас-аяғы қозы көш жерге созылған керуеннің орта шенінде болатын. Шұбарқұдық кентінің көшелерін түгелдей аралап, тойлы ауылға жеткен керуеннің басында – кернейлеткен салт аттылар. Әсіресе, түрленген көйлектерінің етегі желбіреген «сыған қыздарының» «баронға» еріп думандатуы ауыл тұрғындары арасында өнерлі жастардың аз еместігін көрсеткендей.

Бұрын-соңды мұндай қызыққа кенелмеген бала-шағаның қуаныштарында шек жоқ. Ересектеулері мұндай кереметті суретке түсірумен әлек. Аталар мен әжелер керуен құрамындағы көршілері мен немерелерін танып, қауқылдасып жатты. Бір аңғарылғаны – керуеннен ұлттар мен ұлыстардың татулығын, ынтымағын сездіретін леп есіп тұрғандығы. Төс қағыстырып құттықтаулар толастаған жоқ. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезінде халықтың мерейін үстем қылар мерекені асыға күткендердің көп болуы да заңдылық.

Біз тілдескен темірліктердің барлығы дерлік биылғы Наурыз мейрамының жылдағыдан ауқымды, көркем қиялдан туған бастама екендігін аудан әкімі Мәлік Серікбаевтың іскерлігімен байланыстыруы бекерден-бекер емес. Той болардан екі аптадай бұрын әкімдікке қарасты барлық бөлімдер, жеке кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарының басын қосқан аудан әкімі Наурыз тойын есте қалдырарлықтай өткізу туралы ұсыныс айтыпты. Нәтижесі таңдай қақтырардай. Бұл туралы керуенді түйіндеп, халыққа бата беруден қолы бір сәтке босамаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бахаев айтып берді.

– Биыл темірліктер Наурыз мейрамын ерекше көңіл-күймен қарсы алып отыр. Бұдан жиырма жыл бұрын кең етек ала бастаған Наурыз мейрамының бүгінде халықтық мерекеге айналғандығы қуантады. Жерлестеріміздің қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкерлеріне жан бітіруінің өзі керемет емес пе? Осы арқылы ғана аудан басшылары ұсынысының артығымен орындалғаны көрініп тұр. Ертеректе Наурыз мейрамын қашып-пысып әр үйде атап өтетінбіз. Енді, міне, өз қолымыз аузымызға жетіп, біздің елдегі молшылық пен татулық айқын байқалады. Бүгінде жасым жетпіске таяғанымен, жастарға үлгі көрсету мақсатында өтініштерін аяқасты еткім келмеді. Менің міндетім – Қыдыр атаны сомдап, кейінгі ұрпаққа бата беру. Халқымыз қандай қуаныш болсын, қандай қиындық болсын, ынтымақтығын көрсете білген ел. Дәл қазіргідей уақытта бізге керегі де сол, – дейді ақсақал.

Дәл осы сәтте ортадағы сахнаға беттеген кірешілер алдымен аудан әкімінің құттықтауын тыңдаған соң, өз өнерлерін көрсетуге кірісті. Арнайы алаңда спорттық шеберліктерін көрсетуге тырысқандар саны да аз емес еді. Шеткеріден алтыбақанда тербеліп, әсем әнді әуелеткен қыз-жігіттердің дауыстары да жаңғырып жатты. Бақан басындағы бағалы сыйлықты алуға өрмелеген жастардың қимылдары тіпті ерекше әсер бергені рас. Мұндай қайталанбас сәттерге куә болғандар арасында елімізге танымал қолөнерші Нұрлан Сәулебайұлын кездестіріп, әңгімеге тартқан едік:

– Ұмыт бола жаздаған қазақы дәстүріміздің қайта жаңғыруы кеткеніміздің келіп, өшкеніміздің жанғаны емей не? Осындай тамаша сәттерді бойына сіңірген жас ұрпақ пен ата-баба арасындағы сабақтастықтың бекем екендігі даусыз. Билығы ерекшелік – Наурыз мейрамының өз мән-мағынасымен өтіп жатқандығы. Расында, бұндай серпіліс аудан басшылығының ұлттық дәстүрге көзқарасының түзу екендігінің белгісі, – деді ол ағынан жарыла.

Мәз-мейрам халықтың ұйымшылдығына шүбә келтіру әсте ағаттық. Мысалы, темірлік пысық жігіттер көрші аудандарға дейін ат сабылтып, ауданның намысын қорғауға барын салған. Оған киіз үйлерді көрші аудандардан қажетінше ақы төлеп алған мәрттіктері дәлел. Өйткені жылына бір рет қана қазақтың төл баспанасы қатар тігілетін мереке қарсаңында киіз үйдің жалдау бағасы тәулігіне 50-60 мың теңгеден бір шыққан. Осыған қарамастан көршілес Байғанин ауданының 70 жылдық мерейтойына арнап Маңғыстау өңірінде арнайы жасалған он екі қанатты ақ отау бұл жолы Шұбарқұдық көшесіне тігілгені рас. Бұл тірлікті санитарлық дәрігерлер, обаға қарсы күрес стансасымен біріккен аудандық төтенше жағдай бөлімі мойнымен көтерген.

– Ұйымдастыру жұмыстары басталғанда қиналғанымыз рас. Ең бірінші киіз үй табу мәселесі әлек қылды. Сөйтіп, жора-жолдастарымыз арқылы Байғанин ауданының еңселі үйіне «құда түстік». Ал оның безендіруін обаға қарсы күрес стансасының қызметкерлері атқарса, дәмді тағамдарды санитарлар әзірледі. Шығындалған түгіміз жоқ, әркім үйінде бар ұлттық тағамын әкеліп, дастарқанды толтырып тастады, – дейді «төтеншенің» басшысы Әбдіхалық Сегізбаев.

Өзге үйлердегідей бұл отауда да салт-дәстүрімізден түрлі көріністер көрсетіліп жатқан. Бесікке салу, тұсау кесу жоралғылары, тіпті, келін түсіру салтының үзіндісі киіз үйлерді аралаған комиссияға басшылық етуші аудан әкімінің ықыласына бөленгенін көрдік. Бірлік пен ынтымақтың орасан күш екендігі осындайда көрінсе керек.

Темір ауданындағы мейрам Шұбарқұдық кәсіпшілігі ауылында да ұйымдастырылып, онда 3-4 үй тігілді және 300 адамға арналып ас берілді. Осы мерекенің қарсаңында аудан орталығында «Қыз сыны» байқауының ақтық кезеңі өтіп, бас жүлдені еншілеген Кеңқияқ өңірінің аруына Түрік еліне демалу үшін жолдама берілгендігі де белгілі болды. Жалпы, бұл күндері қандай байқау мен бәйге болмасын жүлдесіз қалғандар жоқ. Ал қарапайым халық 16 мекеменің және бес кәсіпкердің тіккен киіз үйлерінде жайылған дастарқаннан дәм татты.

Серік ӘБДІБЕК,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button