Білім

Жемісті жылдар

Мерей

Бұдан тура 50 жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы қазіргі №30 қазақ орта мектебінің іргетасы қаланды. Бұл білім шаңырағы ел Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан бастап қазақ тілінің мәртебесін, мерейін өсіруге де үлкен үлес қосты.  1995-1996 оқу жылында аталған білім беру мекемесіне қазақ мектебі статусы берілді.

Осы 50 жыл ішінде білім шаңырағы көп жетістікке қол жеткізді. Мысалы, 2009 жылы педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонында «Облыстың ең үздік жалпы білім беретін мектебі» атанып, грант иеленді. 2010 жылы да «Үздік білім беру ұйымы» атанды. 50 түлек — «Алтын белгі» иегері (2001-2019 жж.). Мемлекеттік грант иегері атанған шәкірттер де жетерлік. Сондай-ақ, мектеп түлектерінің арасында шетелдік гранттардың да иегерлері бар. Тоғызқұмалақтан облыстағы мектеп оқушылары арасынан шыққан алғашқы Әлем чемпионы да осы мектепте тәрбиеленді. Міне, мұның бәрі мектеп ұжымының тынымсыз еңбегінің жемісі. Әсіресе, осы білім шаңырағын он жылдан астам уақыт басқарған Әлия Аяпованың өлшеусіз еңбегі.

Мерейлі мерейтой қарсаңында біз аталған мектепке барып, ұстаздармен, шәкірттермен тілдескен едік.

Бастау

Бұдан 50 жыл бұрын негізгі мектеп болып құрылған білім шаңырағына арада он шақты жыл өткен соң орта мектеп статусы беріледі. Алғашқы директоры Владимир Комендант мектепті 25 жыл басқарды. Одан кейін басшылық еткен Бақыт Төкенова қазақ мектебінің іргетасы мықты болуына үлкен еңбек сіңірді. Бақыт Бақытжанқызы қазақ мектебі құрылар алдындағы жасалған жұмыстар туралы былай дейді:

Мен басшы болып тағайындалған кезде №30 мектеп аралас мектеп еді. Аралас мектеп деген аты ғана, әйтпесе, екі-ақ қана қазақ сыныбы болды. 1 және 2-сыныптар. Олар да бір-бір класс-комплекттен-тін. 1993 жылдан бастап 1-сыныпқа орыс сыныбына балалар қабылданған жоқ. 1994 жылы біздің мектептің қазақ мектебі болып статусы өзгеретіні, орыс сыныптарының №20 орыс мектебіне көшірілетіні туралы Ақтөбе қалалық білім бөлімінен бұйрық келді. Сөйтіп, сол жылы мектебімізді қазақ мектебіне айналдыру үшін қызу жұмыстар басталып кетті. Сол маңдағы үй-үйді аралап, қазақ сыныптарына балаларды іздедік. №19, №24, №34, №36 мектептерде оқып жатқан біздің шағын ауданның балаларын өзімізге тарттық. Жыл сайын 2-3 сыныптан қазақ сыныптары қосылды.  15 сынып-комплект болса қазақ мектебі статусы берілетін болды. Біз үлкен еңбектің нәтижесінде, сол межеге жетіп, қазақ мектебін құрдық. 1995 жылы тамыз айында облыс орталығындағы саңыраулар мектебіне басшылық қызметке ауыстым. Дегенмен, оған дейін мамыр айынан бастап орыс сыныптарының оқушыларын №19, №25, №28 мектептерге ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Әрине, үйренісіп қалған мектептерінен балаларын алып кеткісі келмей, наразылық білдірген ата-аналар да болды. Алайда, арты үлкен дауға ұласқан жоқ…    

Қазақ мектебі қалай құрылды?

1995-1996 оқу жылында мектепке Алтынай Ермағанбетова басшы болды. Дәл осы оқу жылынан бастап мектептегі орыс сыныптары толықтай жабылып, бірыңғай қазақ сыныптары ашылған еді. Сөйтіп, білім шаңырағы қазақ мектебі статусын алды.

— Мен қазақ мектебі статусын алған бастапқы жылдары мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым. Әлі есімде, математика пәнінің мұғалімі Хадиша Сартайқызы бастаған бір топ мұғалім әр үйдің есігін қағып, тұрғындарға қуанышты жаңалықты хабарлап, оқушылардың тізімін жасаған еді…

Мектеп тарихында өзінің өшпес ізін қалдырған үлкен жүректі ұстаз — Әлия Аяпова. Ол кісі мектепті облыстағы, қаладағы үздік мектептердің қатарына қосуға барынша еңбек сіңірді. Біздің мектеп жай ғана мектеп болғанмен, гимназия, лицейлерден кейінгі қатардан көрінді. Орта мектептердің алдында болды. Бастапқыда қала мектептерінің арасында үздік ондыққа, кейін үздік үштікке енді. Осы көрсеткіштер елеусіз қалған жоқ. 2001 жылы мектептегі екі педагогке пәтер берілді. Оның бірі — Бибігүл Ербөлекова болса, бірі — мен.

Біздің мектепте тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Беркін Құрманбеков пен оның аяулы жары Сәуле Құрманбекова да еңбек етті. Сондай-ақ ұлағатты ұстаз, бірнеше жыл директордың орынбасары қызметін атқарған Алтыншаш Сағидоллақызының да қазақ мектебінің мәртебесін көтеруге қосқан үлесі зор, — дейді  ҚР оқу ісінің үздігі, ардагер ұстаз Маржан Бақтыгереева.

Сол қазақ мектебінің іргетасы қаланған бастапқы жылдардан бері мектепте ширек ғасырға жуық үздіксіз еңбек етіп келе жатқан үш ұстаз бар. Олар: Ләззат Байқадамова, Бибігүл Ербөлекова және Айжан Жанғасиева.

Осы мектепке 1995 жылы қыркүйек айында жұмысқа қабылдандым. Ол кезде мектебіміз енді ғана қазақ мектебі статусын алған болатын. Сол жылы ұжымда 30-ға жуық педагог жұмыс істеді. Бастауышта 8 сынып болды. Оқушылар бір кезеңде ғана оқитын еді. Түстен кейін түрлі үйірмелер болатын. Балалардың жан-жақты дамуына қолайлы болды.  

Сол кезде мектепке Алтынай  Ермағанбетова басшылық етті. Алтынай Қиятқызы мықты ұстаз әрі білікті де іскер басшы болды. Білім сапасын арттыруға, қосымша білім беру жұмыстарын жандандыруға күш салды. Ол қазіргі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде еңбек етіп жүрген доценттерді мектепке шақырып, олардың семинар, конференция, сабақтар өткізулеріне ұйытқы болды.  Мектепке қазақ мектебі статусы берілгенде салтанатты түрде үлкен шара өтті. Жиынға мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар, қала тұрғындары қатысты. Ел болып қуанып, мәз болдық. Сол кездегі көрініс қазіргідей көз алдымда сақталып қалыпты…

Кейін Алтынай Қиятқызының еңбегін Әлия Сейітжанқызы жалғастырып, мектеп абыройын арттыра түсті.  Айта кету керек, осы екі директор да еліміздегі тұңғыш ұлттық гимназия Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиядан (қазіргі Мәрия Құрманғалива атындағы №32 мектеп-гимназия) келген болатын. Екеуі де сол мықты білім ордасында директордың орынбасары қызметтерін атқарған еді, — дейді бастауыш сынып мұғалімі Айжан Жанғасиева.

Әлияның ізі

Облыс орталығында ашылған қазақ мектебінің білім сапасын көтеріп, абыройын арттыруда ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Әлия Аяпова өлшеусіз еңбек етіп, үлкен із қалдырды. Мектепте ұзақ жыл еңбек еткен білікті педагог Ләззат Байқадамова ұлағатты ұстаз туралы былай дейді:

Әлия Сейітжанқызы мектепті 13 жыл бойы басқарды. Осы жылдар аралығында мектеп ұжымы үлкен  жетістіктерге жетті. «Үздік ұстаз», «Үздік сынып жетекшісі» байқауларына қатысқан мектеп педагогтері қалалық, облыстық, республикалық деңгейде І орындарды иеленді. 2011 жылы облыстағы «Үздік білім беру ұйымы» атағын иеленіп, мектеп ұжымына автокөлік тарту етілді. 2010 жылы «Алтын діңгек» республикалық отбасылық  сайысына мектеп педагогі Гүлбағда Жармекова отбасымен қатысып, қорытындысында Жармековтер отбасы бас жүлдені иеленді.  

Әлия Сейітжанқызы балаларды ерекше жақсы көрді. Ол жылдары мектепте мыңнан астам оқушы оқитын. Сол оқушылардың бәрін Әлия Сейітжанқызы өте жақсы танитын еді. Оқушылардың бәрінің атын, ата-аналарын білетін. Барлық баламен жылы амандасып, қал-жағдайларын сұрап жататын. Сол кездегі, Әлия Сейітжанқызы басқарған кездегі мектеп түлектері қазір әртүрлі салада абыройлы еңбек етіп жүр.

2011 жылы Әлия Сейітжанқызы республикалық «Астана дарыны» орталығы директорының орынбасары қызметіне ауысып, еліміздің дарынды оқушыларымен де табысты еңбек ете білді. Ол өмірінің соңына дейін жас ұрпақтың саналы тәрбие алуы үшін тер төкті.

Мұғалімдер мерейі

Облыста республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанған педагогтер санаулы. Солардың бірі — осы мектептің химия пәнінің мұғалімі, «Кәсіби саладағы еңбегі үшін» медалінің иегері Бибігүл Ербөлекова. Ол 2016 жылы ұйымдастырылған байқауға қатысып, 2 миллион теңгенің грантын ұтып алған болатын. Бибігүл Қазиқызы жетекшілік ететін «Жас дарын» орталығы үлкен жетістіктерге жетіп жүр.  2000 жылы №30 мектептің жанынан құрылған орталық 4  халықаралық бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. «Ақыл-ой одессиясы» халықаралық шығармашылық бағдарламасы бойынша «Жас дарын» орталығынан құрылған команда 6 рет Қазақстан чемпионы болса, 5 рет еуропалық фестивальдің чемпионы атанды.  Қазір мұнда №30 мектептің оқушыларымен бірге қала мектептерінің оқушылары, арнаулы және жоғары оқу орнының студенттері де бар.

Мектептің спорттан да жетістігі көп. Мысалы, 2012 жылы облыстық мектептер арасында «Дене тәрбиесінің ең үздік ұжымы» атанды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұйытқы болуымен өткізілген  «Биіктерге бірге!» спорттық жобалар байқауында (2016 жылы) №30 мектеп ұжымы жеңімпаз атанды. Сөйтіп, мектепке  құны 8 миллион теңге тұратын спорттық тауарлар тарту етілді.  Жыл сайын қала мектептерінің арасында ұйымдастырылатын спартакиадада 4 жыл қатарынан жалпы командалық есепте аталған білім шаңырағының қыз балалар командасы І орынды иеленді.

Ел мақтаныштары

Ізденімпаз, еңбекқор ұстаздарынан тәлімді тәрбие алған оқушылар жетерлік. Мысалы, қазір мектеп түлектері Арман Жармағанбетов пен Рустам Мұса Америка Құрама Штаттарында доктарантурада оқып жатыр. Олардың бірі Калифорния штатында болса, бірі Вашингтондағы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнында білімдерін жалғастыруда. Ал күні кеше ғана мектеп бітірген Гүлжанат Алдабергенова былтыр көктемде тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы атағын алды. Біздің облыста тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанған бірден-бір мектеп оқушысы осы — Гүлжанат.  Жаттықтырушысы — дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрбек Қабиев те Әлем чемпионы.

Мектептің 2009 жылғы түлегі Жұлдыз Серікова да мектеп мақтанышы. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, Америка Құрама Штаттарында білім алды.  FLEX бағдарламасының грантын жеңiп алып, 11-сыныпты  Миннесота штатында оқыды. Кейін елге келіп ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, жоғары балл жинады. Сынақтардан сүрінбей өтіп, Назарбаев университетіне оқуға қабылданды.

Ақтөбе қаласындағы №30 мектепте сапалы білім, саналы тәрбие алдым. Осы білім шаңырағындағы ұстаздарымның еңбегінің арқасында білім көкжиегім кеңіді. Халықаралық деңгейде білім беретін Назарбаев университетінде білім алдым. Аталған жоғары оқу орнының алғашқы түлегімін. Мұны мен зор мақтанышпен айтамын. Өйткені отандық және шетелдік ілім-білімнің озық дәстүрінен дәріс алдым. 5 тілді жетік меңгердім. Олар: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, испан тілі және кәріс тілі. Аталған университетте әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде халықаралық қатынастар факультетінде оқыдым. Осы факультетте әртүрлі елдердің саяси құрылымдарын оқыдық. Бізге осындай жоғары деңгейде білім алуға мүмкіндік берген Елбасыға және ұстаздарыма алғысым шексіз, — дейді Жұлдыз Серікова.

P.S.

Қазір сыйымдылығы 960 балаға арналған мектепте 1149 оқушы білім алады. 1-сыныпқа қабылданған оқушы саны — 118 бала. 32 жоғары санатты, 17 бірінші санатты педагог еңбек етеді. Ұжымды Жанар Терекова басқарады.

Мерейтой қарсаңында мектепте мұражай ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, үш ұстаздың — Сәуле Құрманбекова, Алтыншаш Нұрғалиева, Әлия Аяповалардың атына оқу кабинеттері ашылады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button