Жаңалықтар

Ақтөбелік полицейлердің жүлдесі

Байқау

Ақтау қаласында өткен республикалық «Парасатты полицей» байқауында Ақтөбе облыстық полиция департаментінің «Серт береміз!» командасы жүлделі екінші орынға ие болды.

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында жыл сайын «Парасатты полицей» республикалық байқауы өтіп келеді. Республика көлемінде ұйымдастырылатын байқаудың мақсаты—мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыру,полиция қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін, ізгілік пен парасаттылық рухын көтеру.

Аталған конкурсқа облыстық департаменттен және ҚР Ішкі істер министрлігінің оқу орындарынан 20 команда бақтарын сынады. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша сайысқа түсіп, кім мықтыны анықтады. Байқау барысында полиция қызметкерлеріне шығармашылық тапсырмаларды жедел орындау, кәсіби терминдердегі біліктілігін көрсету, сонымен қатар мемлекеттік тілде өз ойын сауатты жеткізу сияқты тапсырмаларды орындады.

«Серт береміз!» командасының мүшелері Айжан Маратова, Іңкәрбек Малаев, Алексей Кан, Әсет Сисенғалиев, Марат Аймұқанов және басқа да жас полиция қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлеу шеберліктері мен сахналық қойылымда алғырлықтарын,зерделіліктерін таныта білді.

Ақтөбелік полицейлер сайыстың әр тапсырмасын мұқият орындап, заңнама мен қазақтың салт-дәстүрін, полиция тарихына қатысты сауалдар мен табан астынан шешім қабылдауда ұтқырлықтарын,құқықтық сауаттылықтарын көрсете білді. Мұндай форматтағы іс-шаралардың өтуі қызметкерлерге патриоттық тәрбие беріп қана қоймай, полиция саласында еңбек етуді армандайтын өскелең ұрпақты қызықтыратыны сөзсіз.

Байқау қорытындысы бойынша ақтөбелік тәртіп сақшыларының «Серт береміз!»командасы екінші орынға ие болды. Ал бірінші орынды Алматы облысы полиция департаментінің командасы иеленді.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button