Жаңалықтар

«Қайырымдылық керуені» Қобдаға барды

Акция

«Қайырымдылық керуені» акциясы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарушы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің бригадасы өткен аптаның жұма күнінде Қобда ауданында болып, Ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген «Көрімдік» шарасын ұйымдастырды.

Құрамында украиндардың «Оксана» ұлттық-мәдени орталығының мүшелері, медиатор мамандар, ғалым, Аналар кеңесінің мүшесі, Жастар ресурсы орталығының өкілдері бар бригаданы аудан әкімінің орынбасары Б.Құлов бастаған топ Қобда ауылына кіреберістегі Қобыланды батыр ескерткішінің түбінде күтіп алды. Орталық саябақта аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Гүлбаршын Ерғалиева өңір тарихынан сыр шертетін экспозициялармен таныстырды.

Қонақтар бірнеше топқа бөлініп жұмыс істеді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылау ұйымдастырылды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттікуниверситетінің доценті Үбәйдулла Мәмбетов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшысы Түлкібай Сапаров аса маңызды тарихи құжат жайында ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтарға жауап берді. Аналар кеңесінің отырысы, жастар кеңесі мүшелерімен кездесу қатысушылар көңілінен шықты.

Мәдениет үйіндегі салтанатты шара Отбасы күніне арналды. «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Қайырымдылық керуені» акциясы бойынша атқарған шаралары қысқаша баяндалып, ауданның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіккөрсеткені үшін Г.Ерғалиеваға, Б.Сәрсеновке, В.Власенкоға, С.Алтынбековке Алғыс хаттар тапсырылды.

Ауыл тұрғындары мен қонақтар аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Айқаракөз» әжелер ансамблінің, «Сударушки» орыс вокалды тобының, облыс орталығынан келген «Оксана» ұлттық-мәдени орталығы мүшелерінің, жас өнерпаздардың өнерін тамашалады. Халқымыздың әдемі дәстүрлерінің бірі —көрімдік жайлы театрландырылған көрініс жан-жақтылығымен әдемі әсер қалдырды.

Бұл күні қобдалық бірнеше кәсіпкер жалғызбасты және көпбалалы аналар отбасыларына азық-түлік алып беріп, қайырымдылық көрсетті.

 Түлкібай САПАРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button