Басты жаңалықтар

Ақтөбеде цифрландыру күні өтті

Өткен сенбі күні облыс орталығында «Ақтөбе облысының цифрландыру күні» ұйымдастырылды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  өткен жиынға ҚР Цифрлық дамуинновациялар және аэроғарыш өндірісі вицеминистрі  Абылайхан Оспанов, облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласы әкімі Мавр Абдуллин, ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының басшылығы, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Шымкент, Орал қалаларынан, Түркістан облысынан келген 10-нан аса  ІТ-технология компаниялары өкілдері қатысты. Аталған компаниялардың медицина, білім, экология, әлеуметтік салалар бойынша цифрлық өнімдері көрмеге қойылды.  Вице-министр мен облыс әкімі және  қонақтар көрмені тамашалап, компаниялардың жұмыстарымен танысты.

Көрмеге қойылған сандық технологиялардың арасында энергетика, ауылшаруашылығы салаларында қолданылатын ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, түрлі заттардың бір-бірімен және сыртқы әлеммен адамның қатысынсыз қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін «заттар интернеті» (ІоТ), үздіксіз экологиялық мониторинг жүргізетін стационарлық газ реттеу кешені, ЭКГ-зерттеу нәтижелерін бірден электронды денсаулық сақтау төлқұжатына жібере алатын «Сапа телемед» аппараттық-бағдарламалық кешені,ақылды қала жобасына қажетті ақтөбелік  «CTYOU» порталы, сонымен қатар алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып корпоративті деректер мен дауыстық желілерді құруға арналған «Astel» және экология саласына қажетті «Союз А-4» компаниясының шаң-тозаң, түтін, ауаның ластануы сынды мәселені тексеруге арналған құрылғысы, түрлі салалардағы басқа да цифрлық жабдықтар көрмеге қойылған. Мысалы, Ақтөбеде соңғы үлгідегі озық рентген аппаратын сатумен айналысатын «Мed Image» компаниясы кореялық «Bontech» компаниясымен бірігіп жұмыс жасайды. Болашақта компания мұндай аппаратты индустриалды аймақта құрастырып шығаруды жоспарлап отыр. Компания өніміне  қызығушылық танытқан аймақ басшысы озық технологиялық рентген аппаратты өз қолымен тексеріп көрді.

—  Мен осыдан 20 жыл бұрын аудан әкімі болып тағайындалғанымда «интернет», «мобильді байланыс» деген сөздер ауыл үшін алыс болашақта болуы мүмкін ғана дүниелер болатын. Аудан әкімдігіндегі жалғыз компьютердің өзі тек қағаз басып шығаруға ғана қолданылатын еді. Аз уақыттың ішінде біз цифрландырудың керемет нәтижелерін көріп отырмыз. Мемлекет басшысыхалыққа арнаған Жолдауында  5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдарын енгізу  арқылы цифрлық экономиканы дамыту бойынша жұмыстар жасауды атап көрсетті. Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Цифрландыру игіліктері қоғамның барлық саласына оң әсер ететін болады. «Ақтөбе облысының цифрландыру күні» форумы көптеген кәсіпорындардың озық технологиясымен танысуға мүмкіндік берді. Біз осы компаниялармен тығыз байланыста болуымыз керек, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Бұл форумға арнайы келген ҚР Цифрлық дамуинновациялар және аэроғарыш өндірісі вице – министрі Абылайхан Оспанов Цифрландыру күніне қатысушыларды құттықтап, өңірде осы бағытта жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды:

—  Ақтөбе — еліміздің ірі мәдени және индустриалды орталығы. Ақтөбе «Смарт сити», яғни ақылды қала тұрғысынан еліміздегі әлемдік рейтингке кіретін бес өңірдің бірі болуы тиіс. Облыста жасалып жатқан жұмыстар бұған қол жеткізуге мүмкіндік бар екендігін көрсетіп отыр. Ақтөбеде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндіріске заманауи технологияларды енгізіп, өнімділікті арттыруға қол жеткізіп отырған ірі компаниялар бар. Мысалы, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Восход Ориел», «Казхром» ТҰК, «Көктас Ақтөбе», Ақтөбе рельс зауыты, «АкТеп» ЖШС секілді компанияларды атап өтуге болады, — деді ол.

Шара барысында бірқатар жобалар таныстырылды. Мәселен, «Союз А4»компаниясыныңауаны тексеруге арналған құрылғысы Ақтөбе үшін өте маңызды жоба болғалы тұр. Компания өкілдерінің айтуынша, атмосфералық ауаның жағдайына үздіксіз мониторинг жасап тұратын құрылғылар арқылы ауадағы зиянды заттардың мөлшерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Медициналық салаға цифрлық технологияларды енгізу де аса маңызды.

«Бүгінде барлық медициналық мекемелерде «Damumed»ақпараттық жүйесі енгізілген. Бұл жүйені енгізгеннен кейін дәрігерлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Көрмеге қойылған заманауи технологиялардың жұмысымен таныстық, болашақта бұл компаниялармен бірлесе жұмыс істейтін боламыз», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Форум барысында Ақтөбе облысы әкімдігі «Samsung Electronics Central Eurasia» ЖШС», «BlockchainKZ», «Союз А4»компанияларымен әріптестік ынтымақтастықты нығайту бойынша меморандумдарға қол қойды.

***

Ақтөбеге келген сапарындаҚР Цифрлық дамуинновациялар және аэроғарыш өндірісі вицеминистріхалыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева министрді қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының және фронт-офистердің жұмысымен таныстырып, азаматтардың электрондық қызметтерді пайдалануында оң динамика байқалатынын айтты. Ә.Балташеваның айтуынша, орталық фронт-офис күніне ақтөбеліктерге 2000-ға жуық қызмет көрсетеді,оның жартысынан көбін тұрғындар электрондық форматта алады. Жыл басынан бері мемлекеттік корпорацияның облыстық  филиалы 880 мыңға жуық қызмет көрсеткен, оның 574 мыңын қала тұрғындары өз бетінше «Connection point» секторы арқылы алған. Сондай-ақ, есепті мерзімде ақтөбеліктерге 289 мыңнан аса электронды цифрлық қолтаңба рәсімделіп, мобильді азаматтар базасында тіркелгендер саны 300 мыңнан асқан. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысу барысында Аблайхан Оспанов мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін жоғарылату бағытындабірқатар нақты тапсырма берді.

Вице-министр осы сапарындаосы министрлікке қарасты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Зерде» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерімен бірге республикалық «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да қатысты. Акцияға қатысушы 500 адам Кірпіш аудандық «Шаңырақ-Бесік» аймағында 5 мың шаршы метр жерде тазалық жұмыстарын жүргізіп, 5  тоннадан астам қоқыс шығарды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button