Жаңалықтар

Пәтер кілттері тапсырылды

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин бірнеше отбасына «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды. Көпбалалы, толық емес және мүгедек балалар бағып отырған отбасылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, 2 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие алды. Ал бағдарлама шарты бойынша бастапқы 10 пайыз жарнаны төлеуге жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаты берілді.

Бүгінге дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға ниет еткен 530 адамның несиелік өтінімін қабылдаған, оның 382-сі бойынша оң шешім шығарылған. Алғашқы бес отбасы бұған дейін пәтер кілттерін алған болса, өткен демалыс күндері тағы 38 отбасы өз баспаналарына қол жеткізді. Олардың ішінде  көпбалалы —13, толық емес — 20 және мүмкіндігі шектеулі балалар бағып отырған 5 отбасы бар.

Бағдарлама шарты бойынша, баспанаға мұқтаж азаматтар төмен пайызбен несие алуы үшін жергілікті атқарушы билік органдарында тұрғын үй кезегінде тұруы тиіс және отбасының әр мүшесіне шаққанда ортақ табыс 42500 теңгеден аспауы керек. Үйді бастапқы және қайталама нарықтан да сатып алуға болады. Бастапқы жарна мөлшері — үй құнының 10 пайызына тең. Ал бастапқы жарнаны өтеуге шамасы келмеген отбасына тек жаңа үйден пәтер сатып алу үшін жергілікті әкімдік тарапынан тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған.

Қала әкімдігі баспасөз хатшысы берген дерекке сүйенсек, бүгінде Ақтөбе қаласында 23 548 адам пәтер кезегінде тұр, оның ішінде 1 517 адам көпбалалы отбасы санаты бойынша, 5 958 адам — толық емес отбасы және 932 адам мүгедек бала бағып отырған отбасылар санатында тұр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button