Жаңалықтар

Көшпелі сараптамалық жұмыс тобы аралап жүр

Дүйсенбі күні Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшелері  «Бақытты отбасы» жобасы аясында Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді.

Сарапшылар  16-18 қыркүйек аралығында өңірдің 10 ауданын аралап, облыстағы мектептерде, сәбилер үйі мен емханаларда, сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарында болып, жергілікті атқарушы органдардың балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті инфрақұрылым мен ортаны құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен танысады.

Облыстық әкімдік ғимаратында өткен жұмыс тобының алғашқы отырысына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен басқарма басшылары қатысты. Жиында алдымен сөз алған Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Рысты Жұмабекова жұмыс тобының негізгі мақсат-міндеттерін айта келе, Ақтөбе облысында екі күннің ішінде нақты қандай мәселелер бойынша жұмыстар жасалатындығын атап өтті.

— Кеңестің құрылғанына көп бола қойған жоқ. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу, балалардың қорғалуын және олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мақсатында құрылған кеңес 5-6 айдың ішінде бірнеше облыста болып нақты жұмыстар жасады. Жұмыс тобының құрамында бірнеше министрліктің өкілдері бар. Олар мәселелерді дер кезінде шешіп, тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға нақты жауаптар береді.

Ақтөбе облысында біздің назарымызды аудартқан бірнеше мәселе бар.

Біріншіден, бұл өңірең көп көпбалалы аналар тұратын облысқа жатады. Облыста 12590 көпбалалы отбасы бар. Дегенмен, осы отбасыларда қанша бала тәрбиеленіп жатқандығы туралы нақты мәлімет жоқ. Екіншіден, мүдегек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың саны да нақты көрсетілмеген.

Сонымен қатар жалғызбасты аналар мен әкелердің саны да бұл өңірде өзге облыстарға қарағанда едәуір көп. Сапар барысында осындай және атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылармен кездесу жоспары да бар. Бұдан өзге, мектептер мен емханаларда, құқық қорғау органдарына барып жұмыстарымен танысатын боламыз. Біз мекемелерді тексеріп, сіздерден қандай да бір мін табу үшін емес, сіздермен, халықпен бірлесе жұмыс жасау үшін келдік, — деді Рысты Жұмабекова.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сәйкес, Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдаймен салыстырғанда 6,4 есеге көбейген. Мәселен, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде 14560 адамы бар 2799 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған болса, 1 қыркүйектегі  көрсеткіш құрамында 81013 адамы бар 17306 отбасыны көрсетіп отыр.

Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова облыстағы балалар құқығының қорғалуы мен балалардың жағдайы туралы баяндама жасады.

Айтуынша, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар басқарманың тұрақты назарында. Атап айтар болсақ, облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың тамақтануы үшін 70 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 120 миллион теңге қарастырылып отыр. Ал жекелеген санаттағы 16 744 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылуда. 2019-2020 оқу жылына атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасылардың балалары үшін жоғары оқу орындарына 180 грант бөлінді. «Мектепке жол», «Қамқорлық» акциялары аясында 25 220 оқушы жалпы сомасы 165 миллион теңге болатын мектеп формасы мен спорттық киімдерімен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілген.

Бүгінгі таңда облыстағы 241 мектеп пен 106 балабақша бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.  Нұргүл Бертілеуова бұл жұмыстардың кезең-кезеңімен атқарылып жатқандығын айтты.Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 144 мектептің дәретханалары далада орналасқан. Дегенмен бұл көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 65 бірлікке төмендегенін айтады. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Өңірде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс, балалар арасындағы суицидке бару, ерте жүктілік мәселесі өте актуалді. Мәселен, биыл жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған 45 қыз бала жүкті болып қалған. Ал олардың екеуі — 13 жаста.

Бұл мәліметті естіген Рысты Жұмабекова тиісті мекемелерге бұл оқиғаның мән-жайын анықтап, мұндай қылмысқа барған азаматтарды жауапқа тартуды сұрады.

Бұдан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев сөз алып, өңірдегі денсаулық сақтау тұрғысында жасалып жатқан жұмыстар легімен таныстырды. Бүгінгі таңда облыста тек балаларға медициналық көмек көрсететін 38 ұйым тіркелген. Оның ішінде 30-ы балалар мен жасөспірімдерге алғашқы медика-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемелері. Аталған мекемелердің барлығында қазіргі таңда балаларды дамыту кабинеттері, жастар орталықтары жұмыс жасайды.

Өңірдегі басты мәселенің бірі — балалардың екпеден бас тартуы екендігін айтқан Әсет Қалиев бұл бағытта нақты жұмыстар жасалып жатқандығын жеткізді.

Биыл жасалған нақты жұмыстардың нәтижесінде 86 балаға екпе жасатуға қол жеткіздік. Екпеден бас тартып жатқан ата-аналардың дені діни көзқарастағы адамдар болса, вакцина туралы әлеуметтік желілердегі түрлі теріс пікірлердің кесірінен бас тартып отырған ата-аналар да бар, — деді облыстың бас дәрігері.

Жиын аяқталған соң, жұмыс тобы «Үміт» сәбилер үйіне барып жұмысымен танысты. 65 орынға шақталған сәбилер үйінде бүгінгі таңда 45 бала емделіп жатыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button