Жаңалықтар

Жоба талқыланды, кемшіліктер айтылды 

Бейсенбі күні №28 Қобда сайлау округінің депутаты Хайдар Ілиясовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.

Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралды.

«Облыста жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» мәселе бойынша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Е.Кенжалы баяндама жасады.

Оның айтуынша, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы үлгі ереже негізінде облыстық мәслихаттың «Облыста жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» шешімінің жобасын әзірлеген. Аталған жобада жерлеу орындарын орналастыру және қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі, зираттарды жобалау мен орналастыру, оларды абаттандыру, күтіп-ұстау мәселелері қамтылған.

Жиында облыстық мәслихат депутаттары басқарма басшысының орынбасарына өздерінің сауалдарын қойып, аталған жобада қамтылмаған кейбір кемшіліктер мен олқылықтарға тоқталып, сын-ұсыныстарын жеткізді. Кейбір депутаттар жерлеу орындарының аумағы мен оларды күтіп-ұстау қағидаларына өзгерістер енгізу керектігін айтса, бірқатары бұл мәселе алдағы уақытта кезекті сессияда қаралса деген тілегін білдірді.

Отырыста екінші мәселе — Ақтөбе қаласы мен облыстағы елді мекендердің аумағындағы жасыл екпелерді күтіп-ұстауға және қорғауға бөлінген бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен жұмсау мәселесі бойынша облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Н.Мулкаев баяндама жасады.

Ол аталған мәселе бойынша облыста анықталған заңбұзушылықтарға тоқталып, нақты деректер келтірді.

Жиында облыстық мәслихат депутаттары қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, аталған мәселе бойынша бюджет қаражатын негізсіз бөлуге жол бермеу керектігін айтып, өздерінің тиімді ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Бұдан кейін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ж.Әубәкіров пен облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Такешевтің Ақтөбе қаласы мен облыс елді мекендерінің аумағын абаттандыру және көгалдандыру қағидаларын орындау барысы туралы есебі тыңдалды.

Отырыс соңында тұрақты комиссия мүшелері қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.

Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button