Жаңалықтар

Жалақы мен жауапкершілік: бірі — кәсіпкерден, бірі — қызметкерден…

Бұдан былай жұмысшылардың құқығы қорғалып, еңбекақы төлеу тәртібі қатаң бақылауға алынады. Егер жұмыс беруші уақтылы жалақы төлемесе,үстемеақы арқылы өндіріліп алынады. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп қана қоймай,  жұмыс берушінің жалақыны көтеру, келісімшарт жасасу және «Электрондық еңбек биржасына» өтуі тексерілді. Бұл туралы Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Саламат Аманбаев Мәртөк ауданында өткізген көшпелі кеңесте айтты.

Бұған аудан әкімінің орынбасары Медет Ысқақов, бөлім басшылары мен кәсіпорын иелері және шаруа қожалығының төрағалары қатысты.

Кездесу барысында ең маңызды мәселелердің бірі — еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі қозғалды. Кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерін  жасырып, олармен заңды еңбек қатынасын жасамай, көлеңкелі жалақы проблемасын қалыптастырады. Яғни келісімшартқа отырмай, ауызша келісіммен шектеледі.

Еңбек қатынастарының заңдастырылмауынан бізге күніне 20-30 арыз түседі. Дереу тексергенде, көбінің еңбек шарттары жоқ болып шығады. Еңбекақы бойынша 6 айда 28 қылмыстық іс қозғалды. Арызын айтып келетіндердің дені  кафе, мейрамханаларда бір апта жұмыс істеп немесе ай болса да жалақысын ала алмаған қыздар. Біз анықтағанымыздай, заң бойынша еңбек шарты жасалмай, айлық мөлшері көрсетілмеген. Көбі жұмысқа ауызша келісіммен кіргендіктен еңбекақысын құжат жүзінде дәлелдей алмайды. Жалпы жұмысшы бір күн жасаса да еңбегін алуы керек. Сонымен қатар «Электронды еңбек биржасын» белсенді пайдалану — бүгінгі күннің басты талабы. Бүгінгі күні «Электронды еңбек биржасы порталына1110 кәсіпорындар мен ұйымдар қосылған. Онда 53,864 қызметкердің электрондық еңбек шарттары тіркелген. Ал облыстағы барлық қызметкердің ең төменгі жалақысы 42,500 теңгеден төмен болмауы керек. Жыл аяғына дейін бұдан аз төлейтін мекемелер болса, жауапкершілікке тартылады, — деді басқарма басшысы.

Мәртөк ауданында жұмыс істеп тұрған 268 кәсіпорын болса, оның 140-ы ғана жұмысшыларының жалақысын көтерген. Жалпы көрсеткіш — 58 пайыз. Бұл аз. Ауданда 83 бюджеттік ұйым бар. Орташа жалақы — 116 097 теңге. Демек, егісті ауданда жұмыс көзі көп. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында ең төменгі жалақы — 70-100 мың теңге. Ақпараттық жұмыс тобы аудандағы кәсіпорындарды аралап, ондағы жұмысшылармен сөйлесті. Құқықтарын, талаптарын кеңірек түсіндірді. Қызметкерлердің сөзіне қарағанда еңбекшарты жасалған, жалақылары Үкімет белгілеген айлық көрсеткіштен көп.

Ал, Жайсаң селолық округіндегі «Айша» кафесінің иесі кәсіпкер Болат Берденовтың 70 мың теңге жалақыға жұмысшы таппай отырғанын айтады.

Қазір мәселе жалақыда емес. Жұмысқа деген ниет, жауапкершілік жоғалған. Қолдары сәл босай қалса, телефонға үңіледі. Ауылдың жағдайы жақсы, жұмыс көзі көп. Жігіттер мектептен күзетшілік сұраса, әйелдер киім ілетін орынды қолай көреді. Оның үстіне атаулы әлеуметтік көмек алатындар Үкіметтен ай сайын табыс кіріп тұрғандықтан анау-мынау жұмысыңа бара қоймайды. Үкіметтен көмек берілмей жатқан жоқ. Қарайласып жатыр. Соны ғана ішіп-жеп жата беретіндер жоқ емес.

Қазір еңбек етсең, қосымша табыс  артық ете ме? Тек адамдардың енжарлығы басып тұр,— деп ауылдағы ахуалды айтты жергілікті кәсіпкер.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button