Рухани жаңғыру

Бопай ханымның есімі ұмытылмайды

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің мәжіліс залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұлы ханы Әбілқайырдың өмірлік серігі, Қазақ хандығының Әбілқайыр хан тұсындағы және одан кейінгі дәуіріндегі қоғамдық-саяси өміріне зор үлес қосқан мәмілегер ханым, зерделі саясаткер Бопай Сүйіндікқызының есімін ұлықтауға арналған «Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның қазақ мемлекетін қалыптастырудағы рөлі» атты тарихи-танымдық шара өтті.

Оған зиялы қауым өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихында өзіндік орны бар, Кіші жүздің ұлы ханы Әбілқайыр хан мен Бопай ханым есімін өскелең ұрпақ санасында жаңғырту.

Басқосуда тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай мен философия ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Айталы Бопай ханым туралы әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілу керектігін жеткізсе, маңғыстаулық ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан Бопай ханымның өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында деректі фильм түсіру қажет екенін айтты. Ал саяси ғылымдарының докторы, профессор Киікбай Жаулин Бопай ханымға арналған шаралардың барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, олардың келер ұрпақ үшін маңызы зор екенін жеткізіп, университет басшылығына алғысын білдірді.

Шарада сондай-ақ «Қазақ тілі» халықаралық ұйымы Орынбор өкілділігінің төрайымы Сәуле Таикешева алдағы уақытта Бопай ханым туралы зерттеу жұмыстарын одан әрі жүйелі түрде жалғастыру керек екендігін жеткізді.

Дөңгелек үстел соңында шараға қатысушылар қазақ тарихын «Рухани жаңғыру» аясында талапқа сай зерделеу бағытында «Әбілқайыр хан мен Бопай ханым» атындағы ғылыми орталық құруды, Бопай ханым Сүйіндікқызының есімін ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында Ақтөбе қаласының жаңа аудандарына оның есімін беріп, саябақ салуды, ананы ардақтаған халық ретінде мемлекет қайраткері, әзиз ана-Бопай ханымға арнап ескерткіш орнатуды, сондай-ақ Бопай ана туралы ғылыми тұрғыда деректі кітап шығаруды ұсынды.

Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button