Әлеумет

Қалалық мешіт ауласындағы қабылдау

Несие, атаулы әлеуметтік көмек алу, жер телімін иелену, зейнетақы қорындағы қаржыны алу жолдары — Ақтөбе қалалық мешіт ауласындағы қабылдауға келген 50-ге жуық  азаматтың  ең жиі қойған сауалдары болды.

Өткен жұмада «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша  кәсіпкерлік басқармасы мен кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, Алматы ауданы әкімшілігі қызметкерлері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Даму» КДҚ» АҚ, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандары   жұртшылыққа тегін кеңес өткізді.

Мәртөк ауданының «Россовхоз» ауылының тұрғыны Нұралы Нұрғалиев   Алға қаласындағы  «Өз атыма алынған 8 сотық жер телімін мемлекет қайтарып алмай ма?» деген сұрақ қойды. Оған қалалық  сәулет бөлімінің мамандары  жер  ұзақ уақыт пайдаланылмаса, мемлекет меншігіне қайтарылатынын  айтты. Егер тұрғын үй салуға арналған  жер телімі  болса, онда тезірек құрылыс салынуы қажеттігін, ал  ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мақсатында алынған  жер телімі болса, тез игеріп, шаруашылық жүргізуді жылдамдату керектігін ескертті.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысқысы келетін 56 жастағы  Серғазы Молыбаев ұзақмерзімді, қайтарымсыз  несие алу жолдарын сұрады. Қобда ауданының Жиренқопа ауылының бұрынғы тұрғынына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер  палатасының қызметкерлері кәсіп бастау жолдарын, грант пен несиенің айырмашылығын  түсіндірді. Ауылда егіншілікпен  немесе  бау-бақшамен шындап айналысқысы келсе, Қобда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері кеңес береді. Қалалық мешіт ауласындағы қабылдауда күйеуінен ажырасқан, кәмелетке толмаған үш баласы бар мүгедек әйел мемлекеттен атаулыкөмек алу жолдарын  сұрады. Алматы ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ләззат Құрманғазина  азаматшаның  барлық  мәліметтерін  тіркеп,  онымен әкімшілікте кездесу күнін белгіледі.

— Көмек сұрап отырған осы азаматшаның байланыс телефондарын, қазіргі тұрып жатқан мекенжайын, балаларының  қай мектепте оқитынын сұрап, тіркеп алып, қайырымдылық көмегін жасайтын демеушілердің  ұйымдастыратын  шараларына қосамыз. Басқа да мүмкіндіктерді  арнайы кездесу кезінде талқылайтын боламыз. Әйел адамдарды көбіне  баспана,  жұмысқа орналасу, кәсіп үйрену, балаларды балабақшаға  орналастыру сияқты сұрақтар мазалайды, — дейді Ләззат Құрманғазина.

— 17 күннен бері кәсіпкерлік бағыты, жұмыспен қамту, жер мәселесі  және өзге де сұрақтар бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын  жүргізіп жатырмыз. Қаланың қай жерінде қандай іс-шара өткізілетіні туралы  басқармалардың, бөлімдердің инстаграм парақшаларында, әлеуметтік желілерде алдын ала  хабарландыру жариялаймыз. Соның ішінде халық ең көп шоғырланатын жерлерде кездесу өткізіп келеміз, — дейді облыс әкімі аппаратының  терроризмге қарсы комиссия жұмысын үйлестіру және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтыбай  Мырзағарин.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button