Денсаулық

Қызылшаның жолы қалай кесіледі?

Баспасөз мәслихаты

№3 қалалық емханада облыс аумағында 20-29 жас аралығындағы тұрғындарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау тақырыбында баспасөз жиыны өтті.

Жиын барысында қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу мәселелері талқыланды. Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қазіргі таңда 53 мемлекеттің 49-ында қызылша ауруының 130 мыңнан астам жағдайлары тіркеліп, әлем елдерінде эпидемиологиялық жағдай адам өміріне қауіп төндіріп отыр.

Атап айтар болсақ, Украинада — 84 394, Грузияда — 4950, Израильде — 3982, Ресейде — 3494, Қырғызстанда — 2928, Түркияда — 2669, Францияда — 2368 және Италияда 1831 аталмыш жағдай белең алған.

Осыған байланысты өткен жылдың қараша айынан бастап қызылша ауруының елімізге жеткендігі анықталып, республика аумағында, оның ішінде біздің облыста да тіркелді. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін облыс бойынша қызылша ауруының өсім көрсеткішімен 209 жағдай тіркеліп, тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан. Оның басым бөлігі — 154-і, яғни 73,6 пайыз көрсеткішпен балалар арасында тіркеліп отыр. Ересектер арасында 55 жағдайда ауруға шалдыққан.

Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 9-10 айлық балалар мен 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1 жасқа дейінгі 8 мыңнан астам бала және 40 жасқа дейінгі 3500-ден астам медицина қызметкері қызылшаға қарсы қосымша екпелерін алған. Соның нәтижесінде облыс аумағында қызылша деңгейінің төмендеуі байқалып, эпидемиологиялық жағдай тұрақтана бастаған.

Мәселен, соңғы екі аптада алдындағы аптамен салыстырғанда қызылша ауруының аурушаңдылық деңгейі едәуір төмендегені байқалған.

Сонымен қатар қала тұрғындары арасында ұжымдық иммунитетті одан әрі дамыту және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 2019 жылдың 16 қыркүйегінен бастап медицина саласының қызметкерлері облыс аумағында қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша 20-29 жас аралығындағы 86521 адамды вакцинациялау жұмыстарын жоспарлап отыр.

«Алдағы бір-екі ай көлемінде осы вакцинацияны толық аяқтауымыз керек. Бұл жұмыстарды жүргізуге барлық медициналық мекемелер, екпе салатын бригадалар дайын. Екпе салатын мамандар аттестациядан өтті», — деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Жоғарыда аталған жас арасында вакцинациялаудың өту себебі — осы контингент арасында шоғырлану және белсенді миграция байқалады.

Қызылша мен қызамыққа қарсы екі компонентті вакцина Үндістанда өндірілген, сондай-ақ тексерулердің барлық сатыларынан өтіп қауіпсіз деп танылған. Екікомпонентті вакцина облыстағы 318 медициналық егу мекемесінде, медицина ұйымдарының егу кабинеттерінде, жоғары және орта оқу орындарында тегін жүргізіледі. Қосымша иммундау кезеңінде тұрғындардың қалауы бойынша екікомпонентті екпені басқа жастағы ересек топтағы адамдарға да алуға болады.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button