Жаңалықтар

Ақтөбеде «FlyArystan» әуе компаниясының базасы ашылады

Келер жылдан бастап елімізде «FlyArystan» жаңа әуе компаниясы өз жұмысын бастайды. Еліміздің батыс өңірі бойынша компания Ақтөбеде жаңа авиациялық базасын ашып, тұрғындарға сапалы қызмет ұсынбақ. Осылайша Ақтөбе қаласы әуе компаниясының Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларынан кейінгі төртінші авиациялық базасы болады. Бұл туралы кеше «Сity» сауда үйінің конференц-залында өткен әуе компаниясының таныстырылымында айтылды. Аталған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сондай-ақ «Эйр Астана» компаниясының президенті әрі бас орындаушы директоры Питер Фостер қатысты.

Шарада облыс басшысы Оңдасын Оразалин «Эйр Астана» әуе компаниясының елімізде әуе жолдары қатынасында алар орны ерекше екенін айта келе, келер жылдан бастап өз жұмысын бастайтын «FlyArystan» жаңа авиациялық базасы өңірдің дамуына жаңа қарқын беретінін жеткізді.

  • Ақтөбе облысы — тоғыз жолдың торабында орналасқан, оңтүстікпен де, солтүстікпен де шекаралас, оның ішінде еліміздің алты облысымен шекаралас жатқан, транспорттық-логистикалық жағынан әлеуеті зор өңір. Қазіргі таңда экономикамыздың әлеуетін толық пайдаланамын десек, біз бірінші логистикалық мүмкіншіліктерімізді арттыруымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, Ақтөбе қаласы «Батыс Еуропа— Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында орналасып, облыс аумағында теміржол және автокөлік қатынасы жақсы дамыған.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әуе қатынастарына ерекше тоқталып, оның ішінде әуе қатынасындағы бағаның жоғары екенінін, келешекте бұл салада қандай бағыттарды қамту қажеттігін атап өткен болатын. Мұның бәрі — халыққа сапалы қызмет ұсыну, сондай-ақ экономикамыздың дамуына бағытталған шаралар. Осыған байланысты бүгін мемлекетіміздің ең ірі әуе компаниясының басшысы өңірімізге келіп, келешекте осы жерде орналасатын жаңа база туралы таныстырылым жасап отыр. Қазіргі уақытта әуе қатынастары саласындасапалы қызмет етуге Ақтөбе халықаралық әуежайының мүмкіншілдігі зор. Сондықтан еліміздің батыс өңірі бойынша Ақтөбеде осындай жаңа база ашылатынына өте қуаныштымыз, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін шарада«Эйр Астана» компаниясының президенті әрі бас орындаушы директоры Питер Фостеркелер жылдан бастап облыста жаңа авиациялық базаның ашылуы өңірді дамытуға зор серпін беретінін жеткізіп, ақтөбеліктердің өзге облыстар мен шетелдерге қатынауы үшін компания тез әрі жайлы қызмет ұсынатынын айтты.

— Нақты деректерге сүйенсек, «FlyArystan»әуе компаниясының ұшақтары орташа есеппен 94 пайызға толады және бұл — жоғары көрсеткіш. Демек, қазақстандықтар әуе қатынасында төмен баға мен жоғары сапаны таңдайды. Алдағы уақытта ақтөбеліктер Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары арқылы емес, аталған әуе компаниясының қызметіне жүгіне отырып, баратын жеріне, тікелей қатынай алады.Мұның бәрі қолжетімді баға мен уақытты үнемдеу арқылы жүзеге асырылады. Келер жылдан бастап жергілікті әуеайлаққа екі ұшақты орналастыру арқылы біз халыққа тікелей 10-12 рейсті ұсынуды көздеп отырмыз»,— деді П.Фостер.

Оның айтуынша, өңірде «FlyArystan» жаңа авиациялық базасы ашылса, тұрғындар сапалы қызмет алып қана қоймай, облысқа келетін кәсіпкерлер мен туристердің саны артады. Ал бұл облыстағы туризмнің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ мейрамхана, ойын-сауық орталықтары, т.б. сервистік қызмет түрлерінің көбеюіне зор ықпал етеді.

Айта кету керек, облыста жаңа база аясында 100-120 жұмыс орны ашылып, «FlyArystan» әуе компаниясы жыл сайын 1 млн жолаушылар орнын ұсынбақ.

Шара барысында Питер Фостер жергілікті журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, жаңа әуе компаниясы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Басқосу соңында Оңдасын Оразалин өңірде жаңа авиациялық базаның ашылуы екіжақты ынтымақтастықты арттыратынына сенім білдіріп, Питер Фостерге облыс басшылығы атынан естелік сыйлық табыс етті.

Айта кету керек, «FlyArystan» бюджеттік әуе компаниясының ұшақтарыкелер жылдан бастап Ақтөбе қаласынан еліміздің Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу қаласына тікелей ұшады деп жоспарлануда. Компания басшысының айтуынша, билет құны 5 мың теңгеден басталады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button