Жаңалықтар

Шалғай ауылдарды сымсыз интернетпен және байланыспен қамту жақсарады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген «Транстелеком» АҚ басшысы Жанболат Надыровпен кездесті. Кездесуге салаға жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Кездесу барысында облыс басшысы цифрландыру бағыты бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
—Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасының тапсырмасына орай, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жақсы іске асырылып келеді. Бұл бағдарламаның мемлекеттік қызметтің сапасын және халықтың тұрмыс жағдайын арттыруға зор септігі тиіп отыр. Қазіргі таңда бұл салаға Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Өкінішке қарай, біздің облысымыз кең жолақты интернетпен қамту деңгейі бойынша әлі де жұмыстануды қажет етеді. Сіздердің мекемелеріңіз республика көлемінде коммуникация саласында ерекше орын алуда. Осыған орай, сіздің мекеменің қызметі аймағымыздағы шалғайда орналасқан елдімекендерге өте қажетті. Алдағы уақытта бірге жұмыс істеп, халыққа қажетті көмекті көрсетеміз деп ойлаймын, —деді облыс басшысы.
Атап өтейік, «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ-ның еншілес ұжымы— «Транстелеком» АҚ —еліміздегі коммуникация саласындағы ең танымал мекеме. Қазақстан нарығында 19 жылдан бері қарқынды жұмыс жасап келе жатқан мекеменің 14 облыста филиалы ашылған. Аталмыш мекеме келешекте Ақтөбеде мәліметтерді өңдеу орталығын салуды жоспарлап отыр.
Кездесу соңында облыс әкімі О.Оразалин мен «Транстелеком» АҚ басшысы Ж.Надыров «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы өзара байланысты одан әрі нығайту мақсатындағы екі жақты меморандумға қол қойды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button