Экономика

Қарапайым заттар экономикасы аясында жүзеге асатын жобалар санын арттыру қажет

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен қарапайым заттар экономикасын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Аманғали Бердалин, Олжас Смағұлов, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағанбетов, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ерлан Назаров, ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай, қаржы институттары мен екінші дәрежелі банк өкілдері және бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Өңірдегі қарапайым заттар экономикасының бүгінгі жағдайы туралы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, жобалық офистің төрайымы Анар Даржанова баяндама жасады. Оның айтуынша, бизнес субъектілерімен және қаржы институттары өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылаған. Республикалық жобалық кеңсеге ұсыныстар берілген.

Тауарлар тізбесін кеңейту бөлігінде жоба сомасына 4 156,0 млн теңге тұратын 10 ұсыныс енгізіліп, оның ішінде несие сомасы 332,0 млн теңге болатын 2 жоба жүзеге асты. Жобалық кеңсемен жалпы сомасы 34,1 млрд теңге болатын 97 жоба бойынша жұмыс жүргізілу үстінде.

«Тікелей Президенттің тапсырмасына сай, қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына ерекше мән беріліп отыр. Ақтөбе өңірінде осы жұмысты дамытып, жобалардың санын арттыру қажет», — деп атап өтті облыс басшысы.

Анар Даржанова сондай-ақ, қарапайым заттар экономикасы аясында аудан басшыларының жұмысы мардымсыз жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Аудан әкімдері қарапайым заттар экономикасына енгізілген өзгерістер жайында кәсіпкерлерді ақпараттандырмаған.

Оңдасын Оразалин аталған бағдарлама аясында жұмысты дұрыс үйлестірмеген, әрі жаңа жобаларды ашуға салғырт қараған аудан басшыларына ескерту жасады.

Облыс әкімі индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық басқармасының басшылары мен аудан әкімдеріне қажетті шараларды қолға алып, банк мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жасауды тапсырды. Ол бұл тұрғыда банк өкілдерінің де ынталы болуы қажеттігін айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button