Жаңалықтар

Бір топ студентке сертификаттар табысталды

Ұлттық викторина

Кеше облыс әкімдігінде облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша ұлттық викторинаға қатысқан бір топ студентке салтанатты түрде сертификаттар тапсырылды.

Шарада облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева биылғы жылдың 24 мамыр-4 маусым аралығында өткен ұлттық викторинаны ұйымдастыруда Орталық сайлау комиссиясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының демократияны, парламентаризмді дамыту және сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институты және 80-нен астам ұлттық және аймақтық университетті біріктіретін Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қауымдастығымен бірлесіп жұмыс жасағанын атап өтті.

Оның айтуынша, ұлттық викторина — ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындары арасындағы студенттердің электоралдық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған мемлекетаралық жобаның алғашқы іріктеу кезеңі. Аталған викторина екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде сайлау құқығы мәселелері бойынша интерактивті викториналар өткізіліп, оған еліміздің 30 жоғары оқу орнынан 170 студент қатысқан. Олардың ішінде облыстан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері бар. Ал екінші кезеңде студенттер бейне-конференц байланысты қолдана отырып, пікірсайыс турнирінде өз ой-пікірлерін білдірген.

Нәтижесінде ұлттық қазылар алқасының шешімімен екінші кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенті Роман Есеналин үздік деп танылып, 16 қыркүйекте Санкт-Петербург қаласында өтетін ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесі ұйымдастыратын студенттік пікірсайысқа жолдама жеңіп алды.

Салтанатты жиында Гүлнар Күнбаева ұлттық викторинаға қатысқан облыстағы екі университеттің студенттеріне сертификаттар табыстап, оларға жүрекжарды лебізін білдірді.

Айта кету керек, марапатталғандардың қатарында Қ.Жұбанова атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері —Мира Лим, Жақсылық Молдақұлов, Нұркен Жәкен, сондай-ақҚазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері – Роман Есеналин мен Альбина Қадырқұловалар бар.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button