Пікір

Назарды мәдениетке аударды

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС, «Қос Шынар»—Әлия, Мәншүк қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог —Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыптағы халыққа Жолдауы мәдениет қызметкерлерін қанаттандырып, ерекше сілкініс әкелді. Елдің бүгінгі саяси-мәдени өміріне терең талдау жасалған тарихи құжатта мәдениет саласының қазіргі ахуалына назар аударылды. Жолдаудың бір тарауы түгелдей мәдениет қызметкерлерін қолдауға арналды. Мәдениет саласында қызмет істейтін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келгені ашық айтылды. «Бұл—ең алдымен, кітапхана, музей театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ» деді. Бұдан басқа да біраз проблемаларын атап өтті.

Президенттің Жолдауында мәдениетке қатысты айтылған көкейтесті мәселелер менің де көңіліме қона кетті. Өйткені ұзақ жыл музейде қызмет атқарған осы саланың ардагерімін, Жолдауда айтылған жайларға ұзақ жылдардан бері куә болып келемін. Шынын айтсақ, мәдениеттің аталған салаларында қызмет атқаратын азаматтардың бүгінгі еңбекақысын атап айтуға адам ұялады. Алайда олардың бірде-біреуі мәдениет сақтап, жалақымыз жартусыз деген сөзді айтқан емес. Соның салдарынан, Президенттің Жолдауында айтылғандай, мәдениет қызметкерлері жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламасына да қатыса алмады.

Әрине, кім айтса да, «Адамды тұрмыс билейді» деген сөздің ақиқаттығына шүбә келтіре алмаймыз. Қазіргі кезде мәдениет саласына баруға мамандардың, оның ішінде жастардың құлшына бермейтіні жасырын емес. Президент осындай себептен орын алып отырған саладағы кадр тапшылығын өте орынды айтқан. Келесі жылдан бастап Үкіметке мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту туралы тапсырма беруібұл мәселенің түйінін шешеді деп ойлаймыз.

Байырғы мәдениет қызметкерлері жалақымыз аз демей, өзіміз үйреніскен саланың өркендеуіне, халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетуге қал-қадірімізше үлес қосып келеміз. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың музейінің қызметкері, қоғамдық бірлестік жетекшісі ретінде тек менің өзім соңғы 19 жылда мемлекеттік тапсырыспен 1250 мектеп, колледж, лицей оқушыларын Қобда бағытындағы Абат-Байтақ, Қобыланды батыр кесенелеріне, Әлия музейіне, ауданның орталығындағы батырлар алеясына саяхатқа апарған екенмін.Мұны мен оқушыларға патриоттық тәрбие берудің оңтайлы жолы деп білемін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button