Экономика

Вице-министр экологиялық кодекстің жаңа жобасын таныстырды

Кеше Ақтөбе қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың төрағалығымен Экологиялық кодекстің жаңа жобасын талқылау үшін ашық тыңдау өткізілді. Жиынға сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен белсенділер жиналды.

Мақсат — жыл соңында Парламенттің талқылауына ұсынылатын Экологиялық кодекстің жаңа жобасының жай-жапсарын түсіндіру, халықтың ұсыныс-ескертулерін тыңдау. Қоғамдық тыңдалым барысында айтылған орынды пікірлер өз кезегінде назарға алынып, жоба соған сәйкес жасалатын болады.

Жаңа Кодекстің қысқаша мазмұнына келсек, ол «ластаушы төлейді» қағидасына негізделген, яғни халықаралық экологиялық бағытты ту еткен. Бұл қоршаған ортаға өз зиянын тигізген кәсіпорындар шығынды толығымен өтейді, егер заңбұзушылық қайталанса, талап күшейіп, сол аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға жұмылдырылады деген сөз.

Бүгінге дейін Атырау, Қарағанды облыстарында осы тақылеттес басқосу ұйымдастырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жобаны толықтырып һәм өзгерту үшін әлі екі ай мерзімнің бар екенін айтады.

— Елбасының тапсырмасына сай, өткен жылдың қыркүйек айында жаңа Экологиялық кодекстің тұжырымдамасы мақұлданған болатын. Арнаулы жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі таңда сол жұмыстың нәтижесі — жаңа Экологиялық кодекстің жобасы жасалды. Ол министрліктің ресми сайтында жарияланды. Десе де,  мүдделі топтың, халықтың ұсыныс-тілектерін ескереміз, сол үшін осында жиналып отырмыз.

Жаңа кодекс аясында ірі кәсіпорындармен жұмыс күшейетін болады. Экологияға залалын тигізгендерге қатысты айыппұл көлемі артады. Сонымен қатар өндіріс орындарының облыс, жалпы ел алдындағы жауапкершілігі одан сайын жоғарылайды. Жобада қатты, өндірістік қалдықтарды жарату, болмаса оның көзін жоюға да көңіл бөлініп отыр.

Ақтөбеде ірі кәсіпорындар аз емес. Соған сай халық арасында көтеріліп жатқан экологиялық мәселелер де біршама. Мұнда арнайы келуіміздің себебі де осы.Өзен-көлдерді ретке келтіру, жалпы Ақтөбе экологиясы біздің бақылауымызда. Жұмыстар жергілікті билікпен бірлесе жүргізіліп жатыр, — деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов.

Одан соң қатысушылардың ұсыныс-тілектері тыңдалды. Мәселен, «Элит агро» қоғамдық қорының өкілі Марина Цыганкова бүгінгідей қоғамдық тыңдалымдардың кең көлемде өтуі керектігін, оның өтетіні жайлы хабарлардың алдын ала айтылу керектігін атап өтті. «Мұндай жиын үлкен залда, барлық тұрғындардың қатысуымен өтсе де артықтық етпейді. Өйткені бұл — бәрімізге қатысты мәселе. Онымен хабар тарату жайы әлі де кемшін. Көпшілігі бұл туралы білмейді», — деді ол.  Сондай-ақ, өңірдегі ірі компаниялардың өкілдері де сөз алып, экологияға зиянын тигізбеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button